Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кресло

06.06.2024, 10:00 327

— Сәлеметсіз бе? Бұл жедел жәрдем көрсету орталы­ғы  ма?

— Сәлеметсіз, иә, иә… Біреу  ауырып  қалды  ма?

— Ауырғанда былай, жабы­сып  қалды…

— Түсінбедім, жабысып қалды дегеніңіз қалай? Кім жабысып  қалды?

— Сіз тезірек келіңіз, сонда түсінесіз… Мекен­жайымыз: Талтаңбай даң­ғылы, Талтаңбай қиылысының бұрышы 155-үй, Талтаңбай атындағы облыстық әкимат, 5-қабат, 329-кабинет.

— Немене, бәрі Талтаңбай деп  аталады.

— Енді сол бұрын Талтаңбай деген мықты болған ғой, сол  сізге  керек пе?

— Жарайды, науқастың аты кім?

— Салпаңбай…

— Тегі.

— Қалқанбай,

— Жарайды күтіңіз, — деді, жедел  жәрдемнің  жәрдемшісі.

Сәлден соң, гуілдеп дәрігерлер де жетті. Қабыл­дау бөлмесіндегі қыз қақшаң­дап  тұр.

— Қайда жүрсіздер, біздің бастық мана жабысып  қалды.

— Кімге жабысып қалды? — деді дәрігер

— Ешкімге жабысқан жоқ, отырған орындығына жабысып қалды.

— Түсінсем бұйырмасын, — деп, дәрігер кабинетке кірді.

Үлкен кең бөлме. Қақ ортасында дөңкиіп мекеменің директоры отыр.

— Сіз бе жабысып қалған?

— Менен басқа тағы біреуді көріп отырсыз ба? — деп, шап ете қалды.

— Орныңыздан тұрыңызшы.

— Тұра алмаймын, көріп отырсыз ғой, креслоға құйрығыммен жабысып  қалдым.

— Дұрыс, түсіндім сіз қашаннан бері осы орындықта отырсыз?

— Он бес жыл болып қалды.

— Мм, ұзақ отырған екенсіз, әрине, жабысып қаласыз.

— Бұйырғаны болар, сіз олай демеңіз.

— Жас күніңізде бір жерге жабысып көрдіңіз бе?

— Түсінбедім, сондай қалай?

— Мысалға аяғыңыз, қолыңыз.

— Жоқ. Тек бала күнімде қыста тіліммен далада тұрған темір қақпаны жалаймын деп, жабысып әрең алғанмын.

— М, дұрыс. Сізде бұл ауру бала күніңізден басталған екен.

— Қандай ауру?

— Жабысқақ деген дерт.

Директор аузы аңқайып қалды. Мұндай аурудың атын бірінші рет  естіп  тұр.

— Енді сіз қандай  көмек бересіз?

— Қазір сізді ауруханаға орынды­ғыңызбен бірге алып кетеміз. Операция жасаймыз.

— Қалай?

— Кәдімгідей кесеміз.

— Тоқтаңыз, кескені несі?

— Солай, сіз дәрігерге олай қарсы сұрақтар қоя бермеңіз. Сіздің науқасыңыз белгілі. Креслода ұзақ отыр­ғансыз. Ешқайда бармайсыз. Кабинетіңізден шықпайсыз. Сондықтан осындай  жағдайға  тап  болдыңыз.

— Дәрігер мырза, қайдағы ауруды айтып  тұрсыз?

— Немене, енді көре-көзге науқас екеніңізді мойын­дағыңыз келмей ме? Білем, қазір бізде бастық көп. Олар өте ұзақ отырады. Отырған жеріне қалай жабысып қалғандарын білмейді. Тіпті, жалпиған құйрық­тарының жартысынан айырылып  қалғанын  білмейді.

— Сіз  қателеспеңіз  олай?

— Дәрігер  қателеспейді.

— Мен  ауру  емеспін

— Білемін, директорсыз. Бірақ құйрығыңыз орындыққа  жабысып  қалған. Өйткені, сіз бұл мекемеде ұзақ отыра  бергенсіз…

— Тоқтатыңыз сандырақтамай. Мен таңертең жұмыс­қа  келе  жатқанда  бәтеңкемнің  табаны түсіп қалып, дүкеннен «супер клей», яғни желім сатып алдым. Оны байқамай артқы қалтама салған екенмін. Содан, жұмыс­қа келіп орындығы­ма отырып қалғанда ол жары­лып, креслоға  жабысып  қалдым. Ұқтың  ба?

— Аа, кешіріңіз  солай ма? Ендеше, неге жедел жәрдем шақырт­тыңыз?

— Енді не істеуім керек?

— Сіз  шалбарыңызды шешіңіз де, басқасын киіңіз.

— Болды ма?

— Болды.

— Рақмет!

Нұрлыбек  ЖҰБАТҚАН,

Ақтөбе  қаласы

Карикатура ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: