Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көнеміз ғой…

17.01.2025, 8:55 61

HALYQLINE.KZ

(әзіл)

Белгісіз жаққа безіп бара жатыр едім, полиция тоқтатып алды.

– Қайда асықтыңыз?

– Елден қашып барамын.

– Қай жаққа?

– Америкаға.

– Туған жеріңнен безгенің үшін айыппұл төлейсіз?

– Қанша?

– Бір миллион теңге.

– Қытайға қашсам ше?

– Бес жүз мың

– Онда басым ауған жаққа қашамын, – дедім де тайып тұрдым.

Талдың түбіне барып аяқ суыттым. Тағы бір полиция қасыма келді.

– Көп болды ма, осы жерде ербиіп отырғаныңа?

– Он бес минут

– Қазір заң бойынша бір жерде бес минуттан артық тұруға болмайды. Айыппұл төлейсіз?

– Сонда үйде отырамыз ба?

– Оны өзің білесің.

– Айыбы қанша?

– Отыз жеті мың жеті жүз алпыс бес теңге, – деді көзін алартып.

Тұра зыттым. Аялдамаға келдім. Автобус күтіп он шақты жолаушы тұр. Полиция жетіп келді.

– Көшеде үш адамнан артық жиналуға тыйым салынады. Айыппұл арқалайсыздар, – деді.

Жан-жаққа бөлініп кеттік. Енді қайда барамын деп ойланып келе жатырмын. Көзім шайханаға түсті. Бір кесе шай мен екі самса сатып алдым. Асықпай тамақтанып отыр едім. Аспаз келді.

– Асханада жеті минуттан артық отыруға болмайды. Полиция шақырамын, – деп, қорқытты.

Бір тістелген самсаны қалтама салдым да сыртқа шықтым. Темекі шегетін орынға келсем, «Егер, үш минуттан артық шылым шексеңіз, 50 мың теңге айыппұл арқалайсыз» деген жазуды көріп түкірігімді жұтып қойдым. Ойпырмай, бұл не сұмдық? Қимылдаған адам айыппұлдан көз ашпайды. Шыдамым таусылды. Қайда барып күн күремін? Еңіреп жылап жібердім. Біреу жағымнан тартып жіберді. Оянып кеттім. Түсім екен. Қуандым. Бірақ, қуанышым ұзаққа бармады. Өңім де оңып тұрған жоқ екен.

– Сүмелек, тұр, саған айыппұл келіп тұр.

– Қайдан?

– МАИ-дан. Бейшара, көлік жүргізгенде жылдамдықты азайт демедім бе? – деді қатын қатайып.

Боқтап жібере жаздадым. Ол үшін айыппұл емес, он бес күн түрмеде отырып шығасың.

Қайтеміз енді, бәріне көнеміз ғой…

Нұрлыбек  ЖҰБАТҚАН,

Ақтөбе  қаласы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: