Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көбік  құсқандар…

06.03.2026, 15:20 72

HALYQLINE.KZ

БҮГІНГІ  САТИРА

(«Бірдеңе» сатиралық романымнан үзінді)

Мрап өкпелемейді… Америкалықтар: сатира – Батыс мәдениетінің, әсіресе АҚШ-тың ажырамас бөлігі. Олар өз президенттерін «South Park» немесе «The Simpsons» сияқты мультсериалдарда бұдан да сорақы етіп көрсетеді. Сондықтан бұл – «әлемдік әдеби тренд». Ешкім өкпелемейді, керісінше, оқырманға «Мрап» пен «Неменейді» тану қызық болады.

Автор.

Қазіргі әлемде фейк жаңалықтар мен насихат өте көп. Адамдар шындықты аңсайды, бірақ шындық шаршап, әділдікті аңсап келеді. Диас жасаған «шындық детекторынан» кейін бұл алгоритм әлемге жайылды. «Жаппай қаруланып жатқан жоқпыз» деуден жалықпайтын Иран диктаторы Неменейдің аузынан көбік ағып, бір апта бойы ауырып жатты. Тоқалдары аузын кезек-кезек сүртумен болды. Бірақ көбік ағыл-тегіл аға берді. Тіпті сөйлеуден қалды.

«Америка мен Израиль бізге соғыс ашып, мектепке зымыран тастады. 180-дей оқушы мерт болды! Соларды ойлағаннан көбік ағып жатыр» дегенді ишарамен түсіндірді. Бірақ аузынан көбік бұрынғыдан бетер ақты. Өйткені оның халқына, мектеп оқушыларына жаны ашып тұрғаны шамалы еді…

Ал Америка президенті Мрап: «бейбітшілікті қалаймыз. Келісімге келу үшін бір апта үзіліс беремін!» деді өтірік айтып. Бірақ оның өтірігі мынау еді: «Израиль тыңшылары Неменей жиналыс жасап отырған уақытын білсе, жанын жаһаннамға жібереміз!» деп ойлады. Оның көкейін тескені бейбітшілік емес, Иранның мұнайында қап-қара болып, шомылып жүрсем деген арам пиғылы жатқан еді. Сол екен оның да аузынан түрлі-түсті көбік ағып, сөйлеуден қалды. Конгресте бірдеңе айтқысы келеді-ақ, үні шықпайды. Жақтастары қатты састы. Тіпті бірі «Қазақстан президентіне айтайық, сол елде бір тәуіп кемпір бар дейді. Сол емдеп жазатын болар?» деп сәуегей танытты. Мрап қағазға жазды: «Иранға қарсы соғысты тоқтатпаймын! Бір аптада тізе бүктіремін!». Келесі күні тағы былай жазды: «жоқ, жеті күнде тізе бүгеді». Бір аптадан соң былай жазды: «жоқ, бір айдан кейін жеңіс біздікі!»

Ал Неменей төңірегіне биліктегі молдаларын жинап алып, жиналыс өткізіп жатты. Сөйлей алмайтын болған соң, қолымен ишара жасап отырды.

– Израильдің Премьер-министрі отырған жерді зымыранмен атқылайық!

– Америка базаларына тыныштық бермейік!

Кенет Неменейдің жас тоқалы кірді.

– Тамақ ішесіз бе, мырзам? — деді.

– Жоғал! Көріп тұрсың ғой, жиналыс! — деді Неменей қолымен ишара жасап.

– Таңертеңгі тамағыңызды ішпей кеттіңіз…

Неменей басын тоқпақтады. Денесі құрысып барады. Бір кезде олар отырған штаб бөлмесі төбесіне зымыран түсіп, бәрі қырылып қалды… Тек жас тоқалы ғана әупіріммен аман қалды. «Сізді шынайы жақсы көретін едім, мырзам! О дүниеге тамақ ішпей, аш кеттіңіз-ау» деп күңіреніп бара жатты. Оның да аузы көбіктеніп кетті…

Ал елдегі өтірік айтатын әкімқаралар мен шындықты суқаны сүймейтін шенеуніктердің ауыздары солтүстікке қарай қисайып қалды. Онымен қоймай ирек-ирек көбік ақты.

– Қисық ауыз министрлердің біразы беттеріне маска киіп алуға мәжбүр болды. Бірақ сол масканың шетінен ақ көбік ағып, масқаралары шықты. Бір әкім халықпен кездескен болып, өзін көрсеткісі келіп отырған еді. Бір әйел:

– Сізде шындық жоқ! Өтірік сөйлейсіз! — деп еді, әкімнің үні шықпай қалды. Аузынан көбік ағып, ол көбікті орынбасарының бетіне жаға салды. Қызық болғанда, сол қаладағы ерлі-зайыптылар әлем жаңалығын басқаша қарсы алды.

– Жаным, мен сені жақсы көремін, — деді әйелі.

– Қойшы.

– Шын айтамын, сені вахталық жұмысыңнан қашан келеді екен деп алаңдап, кафеге де бармаймын ғой!

– Шын ба?

– Күйеулерінің көзіне шөп салатындарды мүлде түсінбеймін.

– Аһ, сүйіктім, не деген махаббат!

– Бір жігіт қыр соңымнан қалмай қойып еді, ақшасын алдым да, өзін жолатпай қойдым ғой!

– Оһ, неткен бақыттымын!

– Мен сені өліп қалғаныңша сүйіп өтемін!

Бірақ «бақытсыз сорлының» әйелі аузынан ақ көбік ағып жатты…

Мұхтар  ШЕРІМ

Карикатура: alamy.com

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: