Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кімнің бұқасы күшті?

07.01.2021, 10:30 1389

Бүгін клубта сиыр жылына байланысты маңызды жиналыс өтеді. Жиналыстың басты тақырыбы: «Қазақтың сиыры неге қысыр қалады?». Былай қарағанда көтерген­ мәселе өте өзекті. Кім-кімді болса да ойландырары хақ. Әсіресе, жыл сайын сиырлары қысыр қалып, ақтан ауыздары құрғап қалған кемпір-шалдар мәз. Әбден өкіметке сенген олар, енді қорадағы сиырларын ауыл әкімі Талтаңбай қашырып беретіндей үлкен сеніммен келіп  отыр.

Рас, ауылда бұқа жоқ. Еркек малды жұрт жазда семіртіп, күзде етке тапсырады. Соғымға сояды. Болмаса­, салмағы ұлғайсын деп, аталық безін кестіріп тастайды. Ондай бұқалар өмірдің қызығы осы екенге салып, ақырдағы­ шөптен басқа ештеңе ойламайды. Алдында тұрған танаға да көзін салмай, бас жібін үзбестен, күйісін қайтарып алаңсыз жата береді.

Былтыр «қыс қатты болады» дегенді естіп, жем-шөп­тен жандары қиналған жұрт «жұт келе жатқан шығар» деп, малдың санын азайтқан еді. Онымен қоса ауылдың сиырларын індет жайлап, шошала, қарасаннан қырыл­ғандары қаншама? Қорасындағы малының саны кеміген сайын қазақтың күйі кететіні елге мәлім ғой. Жиналыстың алғашқы сөзі соғыс ардагері, экс-зоотехник Қауқарбай шалға берілді.

– Жолдастар, жасыратыны жоқ, соңғы кезде ауылда бала саны азайды.

– Бала емес, бұзау, – деді, әкімнің көмекшісі. Оны естіп тұрған ол жоқ.

– Келіндердің емшектері суалып, құрсақтары қуарып барады.

– Ақсақал, сіз не деп кеттіңіз, жиналыс келіндер туралы­ емес, сиырлар туралы, – деп, әкім орнынан ақырып атып тұрды.

– Сиыр дейсің бе? Тағы кімнің сиыры жоғалды? – деді Қауқарбай. Ол дүйім жиналыстың не туралы өтіп жат­қанын ұғып тұрған жоқ. Клубта әкім жиналыс өткізеді деген соң келе салыпты. Құлағы да естімейді. Қалтырып орындыққа әзер отырды. Қаңбақтай ғана салмағы бар. Жел тұрса кез келген жаққа домалайын деп тұр.

– Құрметті, ауылдастар, – деп, бастады әңгімесін ел ағасы Талтаңбай. – Біз кедейшілікпен, жоқшылықпен күрестік. Жесірлік, жемқорлықпен де күрестік. Індетпен алысып жатырмыз. Қазірден бастап қазақ сиырларының қысыр қалмауы үшін аянбай тер төгеміз.

– Сонда қалай күресеміз? – деп, монша жағатын Тәкеш миығынан мырс етті.

– Ол былай, біздің қазақтың бұқалары әлсіз, әлжуаз, сондықтан да шетелден бұқа әкелеміз. «Импортный» бұқалар күшті, қайратты. Біздің сиырлармен шағылыстырғанда әртүрлі текті сиырлар пайда болады. Сүті мен еті екі есеге көбейеді.

Әкімнің бұл ұсынысына халық аң-таң. Шетелден инвестор­лар келіп жұмыс істеп жатыр дегенді естіп жүр. Олар жанашырлық танытып, талай қазақтың шақалақтарын шырылдатып асырап алды. Ал енді, шетелден ауылға бұқа әкелеміз дегенді бірінші рет естіп тұр. Клубтың­ іші гу-гу әңгімеге ұласты. Тәмам халық бетін шымшып, ернін шығарып жатса, енді біреулері басын изеп жатыр. Үйінде сиыры жоқтар өсек айтып мәз. Жиналы­с емес, тойға келген сияқты. Оларға ауылға Африка­дан піл әкелсе де бәрібір. Екі дүние бір қадам. Үй жағалап шай ішетін Тыныштық жеңгей мұздай клубта­ термостан буын бұрқыратып қою қара шайды тартып отыр. Арасында қолын шапалақтап қояды. Таяғын шошай­тып бір шал орындықтан әзер тұрды.

– Әй, әкім бала,  ауылдың бұқасы нашар деп кім айтты?­ Біздің қазақтың қасқа бас бір бұқасы кезінде бір ауылдың сиырларын бұзаулатқан, қарағым…

Ел ағасының өзіміздің бұқаларға көңілі толмағаны өмір бойы мал баққан Маманбайдың жүйке тамырын күтірлетіп шайнап жіберді.

– Олай демеңіз қария, Америкадан қара бұқа алдырсақ, ыстыққа төзімді ірі етті бұзау аламыз. Ал, Германия­дан сары бұқа алдырсақ, сүтті тұқым пайда болады. Қытайдың ала бұқасынан көбейгіш бұзау туады, – деп, әкім айтқан сөзінен қайтар емес.

Бұл ұсыныс көпшілікке ұнамады. Әсіресе, үйінде жал­ғыз бұқасы бар Кебесбай жиналыста тулап отыр. Өйткені, бизнесі банкрот болайын деп тұр. Ол ауылда сиыр мен бұқаның арасында жеңгетайлық, былайша айтқанда сутене­рлік қызметтен әр сиырдың иесінен 5000 теңге ақша алады. Кебесбайдың әйелі Қиғаш орындықтан ұшып түрегелді. Дүрдиген ерні шошайып, аузынан көбік атқылап, тракторша оталып кетті.

– Бұл дұрыс емес, бұл дегеніңіз – сиырлардың жеке басына қолсұғушылық. Қазақтың сиырына қазақтың бұқасы керек, – деді қолын жоғары көтеріп.

Манадан бері төменгі ернін тістеп әзер отырған Таяқгү­л сөзге араласты.

– Әй, Қиғаш, сонда күніміз сенің үйіңдегі қасқа бас бұқаға түсу керек пе? Қазір біз демократиялық қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан бір сиырға бір бұқа болу керек, – деп, айғайлап жіберді. Көпшілік әйелдер жағы Таяқгүлді қолдағандай сыңай білдірді.

Таяқгүл – ауылдағы байынан таяқ жейтін қатындардың құқығын заңмен қорғайтын әйел. «Еркектерден қалай құтылуға болады?» деген құрып алған тәуелсіз одағы бар. Одақ тікелей еріккен еркектермен күреседі. Содан болар еркектер қауымы тіс жармады. Таяқгүлдің айтқанын жақтырмады. Тек, бес қатын жіберген Әнеш әкімнің ұсынысын алақанын ысқылап қолдап отыр.

– Сендер босқа даурықпаңдар, бізге шетелдің бұқасы қажет емес, одан да өзіміздің бұқаларға жағдай жасау керек,­ – деді, көпбалалы ана Бердігүл.

Ол  одақтан бес жыл бұрын бас тартқан болатын. Оның сөзін мал маманы Маманбай іліп әкетті.

– Бердігүл келін өте дұрыс айтады. Бұқаны алыстан іздемейік. Оларға жағдай жасайық. Жем-шөпті көбейтіп, мал қораларды жөнге келтіріп, есі бар еркек малдарды құрбандыққа шалуды азайту керек…

Маманбайдың бұл ұсынысы ауыл әкімі Талтаңбайға жақпады. Онсыз да күлмейтін беті бедірейіп қатып қалды.

– Ау, ағайындар, біз көп ұлтты елміз. Шетелден бұқа әкелгенде тұрған не бар?

– Ағай, сонда бұқаның қызметі тегін ба? – деді, залда отырған бір келіншек жымиып.

– Айналайын, қазір тегін жатқан дүние жоқ. Біз бір бұқаны 4000 АҚШ долларына сатып аламыз. Сондықтан қарағым, әрине, ақылы болады, – деді әкім жымиып.

«Ақылы» деген сөз ақыры Кебесбайды және оның әйелін жындандырып жіберді.

– Біз басқа жақтан бұқа әкелуге қарсымыз, қазақтың бұқасы әлсіз дегенді көрсетеміз, – деп, Кебесбай мен Қиғаш клубтың есігін бір теуіп сыртқа шықты.

Әбден ызасы қайнаған олар қорасындағы байлаулы тұрған қасқа бас бұқасын жетектеп клубтың алдына әкелді. Шешімін таппаған жиналыс аяқталып, халық үйлеріне тарап бара жатқан еді. Талтаңбай талтаңдап күнге күйген ескі папкасын құшақтап клубтың артын айнала бергенде, Кебесбайдың бұқасы жұлқынып бас жібін үзді. Мүйізін шайқап өкіріп ауыл басшысын тұра қуды. Ол ойбайлап тұра қашты. Қашқанда қайда барады? Бабында тұрған бұқа жамбасынан бір сүзді. Қолындағы түкке керегі жоқ жиналыстың хаттамасы аспанға ұшты. Екінші рет сүзгенде бас киімі жерге түсті. Тақыр шекесі жарқ етті. Үшінші сүзгенде шалбары шешіліп, жерге ыңғайсыз жатып қалды. Төртінші рет аспанға атыл­ғанда, Кебесбай үзілген бас жіптен шап беріп ұстап алды. Тоқтатпаса, қиын болатын еді. Тап осы сәтте қорадағы барлық сиырлар мөңіреп, ауылды басына көтерді. Мал маманы Маманбайдың айтуына қарағанда сиырлар ауыл шаруашылығына көңіл бөлмейтін, төрт түлік малдың қадірін білмейтін әкімнің бізге керегі жоқ деп, мөңірепті. Малдың да киесі бар, мүмкін рас шығар…

Нұрлыбек   ЖҰБАТҚАН,

Ақтөбе   қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: