Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ит құрлы болмадым (Әзіл әңгіме)

01.04.2021, 10:00 847

Тал түсте ыңылдап өлеңімді айтып көшеде келе жатыр едім, алдымнан еңгерзедей төрт жігіт шықты.

— Ағасы,темекі бар ма?

— Темекі түгілі насыбай да атпай­мын, — дедім.

— Қате ғой.

— Неге?

— Причем насыбай?

— Болса берем ғой.

— Басты кетірмеші, қазір бетіңді каша қыламыз, — деді біреуі жұ­дырығын  түйіп.

— Каша жемеймін.

— Қатты сөйлеп қоясыз, — деп, жағама жабыса кетті. Төрт жігіт жерге жығып төмпештеп жатыр.­ Ешкім айырмайды. Өткен-кеткен­дер ұялы телефондарына түсіріп қызықтап тұр. Бар күшімді жиып түрегелдім. Бір кісі айғай­лады:

— Неге тұрып кеттің?

— Мыналар тепкілеп жатқан жоқ па?

— Тым жақсы түсіріп инстаграмға саламын ба десем, бәрін құрттыңыз. Өзің оңбаған адам екенсің, обалың жоқ, — деді.

— Ой, не интересный бой, — дейді бір бойжеткен қыз. Иттер төбелесін тамашалап тұрғандай сөйлейді. Біреу таяқ жеп жатқанда қызықтап тұрғандарға таңғалдым. Таяқ тастам жерде әкімшілік ғимараты бой көтеріп тұр. Терезесінен әлдекімдер ауық-ауық сығалайды.

Мұрным қанап қалды. Сүмірейіп үйге келдім. Полицияға арыздандым. Хабар болмады. Арада он күн өтті. Жерге жығылғанымды ұмыта бастадым. Бір күні аулада байлаулы тұрған итім қар­ғысынан босанып кетіпті. Дәл сол мен таяқ жеген жерде итімді сотқарлар соққыға жығыпты. Үйге полиция келді.

— Мына ит сіздікі ме?

— Иә, иә, байлауынан шешіліп кетіпті.

— Итіңізге неге қарамайсыз? Тентектер аяусыз таяқпен ұрыпты.

— Қап байқамай қалыппын,- дедім. Итке бақылау жасамағаныма айыппұл салды. Кешке теледидарды қосып қалсам жаңалықтардан менің итімді көрсетіп жатыр.

— Бүгін сұмдық оқиға болды. Тал түсте жазықсыз ит таяқ жеді. Иесі қайда қарап отыр? Мұндай адамдарды жауапқа тарту керек,- деп қояды. Таңертең біреу телефон соқты.

— Сәлеметсіз бе, мен дүние­жүзілік жануарлардың құқығын қорғау ұйымынан хабарласып тұрмын. Итіңізге немқұрайды қарап, көңіл бөлмегеніңіз үшін халық­аралық сотқа тартыласыз,- деді. Өткенде мен бұзақылардан зардап шеккенде ешкім іздеп келмеп еді. Итім  құрлы  болмадым  ау?…

Түске таман үйге бір топ адам сау етіп жетіп келді. Менің итімнің тұрмыс-тіршілігін тексеруге құрылған арнайы комиссия екен.

— Итке  күніге  қанша  мезгіл  тамақ  бересіз?

— Бір рет

— Өзіңіз

— Үш мезгіл ішем.

— Қатыгез екенсіз, — деді тек­серуші. Аулада тұрған иттің үйшігіне барды. Итім ұрғашы еді. Бауырында қыңсылап сегіз күшігі жатыр.

— Ужас, мына ит көпбалалы ғой, — деп біреуі баж ете қалды.

— Бала емес күшік, — дедім.

— Сонда сіз сегіз күшігі бар аналық итті бір үйшікке ұялмай қалай ұстап отырсыз? Обал емес пе? Жүрегіме қатты тиді.

— Енді  төрт  бөлмелі  үйшік      салып берейін бе? Өзім бес баламен бір бөлмелі үйде тұрып жа­тырмын ғой. Онда тұрған не бар?

— Айуан, бұл – хайуан.  «Ит – жеті  қазынаның  бірі». Сен кімсің? — деді толықша келген әйел дікілдеп.  Бетімді  тіліп  салды.

— Осы иттің иесімін.

— Осындай дамыған заманда көп күшікті итке зәбір беру ақылға симайды. Сізді ит асырау құқығынан айырамыз, — деп комиссия әкімшілік хаттама тол­тырды. Көп ұзамай полиция келіп итімді күшіктерімен алып кетті. Қазір қаланың ортасында бір крутой­дың ауласында бес бөлмелі үйшікте уақытша тұрып жатыр. Күшіктері бауырын көтергесін шетелдіктер алып кетеді екен. Деген­мен,  итімнің  осыншама абыройына  іштей  қуандым…

Нұрлыбек  ЖҰБАТҚАН,

Ақтөбе  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: