Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Достық ауылы

27.03.2025, 7:00 55

Ауыл  әкімі  Қосаяқ Секеңбаев тұрғындарды шұғыл түрде мәдениет үйіне шақырды. Жұрт тегін бірдеңе  үлестіретіндей  лезде  жиналды.

– Адамдарың түгел ме? – деді әкім орынбасарына  ожырая  қарап.

– Иә, толық жиналды.

– Дайындық қалай?

– Басеке, кілем төселді. Мал сойылды.  Дастарқан  жайылды. Қуырдақ  қуырылды. Шай  қайнады. Шапан  тігілді. Төсек салынды. Монша  жағылды.

– Тоқтай тұр, зуылдап қайда барасың? Жолдастар, жағдай былай болып тұр. Біріккен Ұлттар  Ұйымынан  ауылға  комиссия  келе жатыр.

– Ол қандай ұлттар бірігіп қалған? Сонда сағыз құсап жабысып жатыр ма? Әлде, «сиамски»  егіздер ме? – деді бес баласы бар Безеугүл.

Халық аң-таң. Ауылға кімдер келіп, кетпеді. Былтыр сайлау қарсаңында бір депутат үш қапшық уәде үлестіріп кептіріп кетті.

– Кешіріңіз, өзім де мұндай сөзді бірінші рет естіп тұрмын. Қасында облыстан ерген уәкіл бар екен. Бізді тексеруге келе жатыр? – деді әкім.

– Не үшін? – деп, бір әйел шаңқ етті.

– Ауылдың аты «Достық» екені бүкіл әлемге әйгілі. Баяғыда мұнда соғыстан ке­йін көп ұлт тұрды. Сондықтан комиссия келгенде олар шынымен де ынтымағы жарасқан ауылға келгенін сезінуі керек.

– Қазір өзге ұлттар тұрмайды, өзіміз қалдық қой, – деп, Қауғабай шал таяғын шошайтты.

– Ау, әлгі ұлты неміс Ганс қайда?

– Шырағым, ол ең бірінші көшіп кетті.

– Ит өлген жерден арнайы келе жатыр. Біз көп ұлтты екенімізді жарияға жар салып жүрміз. Бұлай болмайды. Бір амалын табу керек.

– Сонда не істеу керекпіз? Бетімізді бояп, қара нәсіл болайық па? – деп, халық шулады.

– Басеке, саспаңыз, ауылда жалданып жұмыс істеп жүрген өзбектер бар ғой, – деді әкімнің орынбасары.

– Ең болмаса соларды әкеліп көрсетіңдер. Барыңдар, бірдеңе табыңдар, тапсырманы орындаңдар, – деп әкім қолын ербеңдетті.

Комиссия келгенде ешкімге сұрақ қоюға, сөйлеуге қатаң тыйым салды. Тек үндемей қол соғып тұру керек деді. Тілін тістеп тұрғандарға сый-сияпат бар екендігі айтылды. Және әр үйден бір адам өзге ұлттың киімін киіп келуі мұқият ескертілді.

Жиналыс бітті. Ертеңіне ауылға комиссия жетті. Тұрғындар енді мәде­ниет үйінің алдына жиналды. Біріккен Ұлттар Ұйымынан Зена Тернер мен облыстан уәкіл Талтаңбай Салпаңбаев келді.

Трибунаға ауыл әкімі Қосаяқ ентігіп жүгіріп шықты. Халық кешегі ескерту бойынша қол соғып жатыр.

– Аса құрметті қонақтар, көп ұлтты «Достық» ауылына  хош келдіңіздер! – деді  айғайлап. Ортаға  уәкіл  жақындады.

– Мына қасымдағы сұлу ханшайым сонау Европадан әдейілеп келіп тұр, – деп, Талтаңбай шетел азаматшасын жақсылап таныстырды.

– Зена ханым, негізі қазақ халқы өте бауырмал. Ұлы Отан соғысынан кейін дүниежүзіндегі көптеген ұлтты асырап алды. Бағып-қағып өсірді. Әлемде мұндай қонақжай ұлт жоқ, – деп, ауыл әкімі мақтанды.

Қонақ әйел бірдеңе ұққандай қайта-қайта басын изеді. Аздап орысша сөйлейді. Талтекең қазақшаны ағылшын тіліне өзі аударып тұр.

– Это комбайн? – деді Зена Тернер анадай жерде тұрған ұсқынсыз автокөлікке тырнағы аюдай, сорайған саусағын шошайтып.

– Бұл – «Достық» техникасы, корпусы – комбайндікі, моторы – москвичтікі, дөңгелегі – мерседестікі, есік-терезесі қытайда жасалған, жүргізушісінің ұлты – орыс. Жұрт екі мезгіл қалаға қатынайды, – деп, әкімнің  орынбасары  ағынан  жарылды.  Зена  мәз.

– Браво, браво! – дей береді.

Сөзді әрі қарай ауыл басшысы Қосаяқ Секеңбаев қыздырды.

– Бізде «Достық» тігін фабрикасы бар. Сексен ұлттың киімін тігеді. «Достық» моншасында барлық ауыл бір мезгілде ұлтқа, жынысқа бөлінбей, бәрі бірге шомылады. Ал, мынау «Достық» ағашы, қарағайға алманың бұтағын қосып будандастырып жібердік. Анау дара жол «Достық жолы» деп аталады. Бүкіл ауыл бір жолмен жұмысқа барады, қайтады. Мінеки, ауылдың  бір  тұрғыны  келе  жатыр. Ұлты – өзбек.

– Душман, – деп  қойып  қалды Зена.

– Жоқ.

Талтаңбай:

– Ауылда қанша өзбек ұлты тұрады?

– Құрылыста қырық, мақта егетін он, бау-бақша өсіретін бесеу, барлығы елу бес өзбек бар, – деді әкімнің орынбасары саусағын санап.

Зена:

– Очень  приятно, – деді.

Орынбасар әңгімесін әрі қарай жалғастырды.

– Халық көрпе-төсекке бай. «Достық» тігін цехы мақтадан жылына жүз көпшік, елу жамылғы көрпе тігеді. Көрпені екі адам жамылады. Қазекеңдер бір көрпенің астында ертеден кешке дейін рақаттанып ұйықтайды.

– Очень хорошо, – деп, Зена ханым қояр емес.

Шындығына келгенде ауылдағы мейрамхана, кафенің бәрі өзбектердің қолы­на өтіп кетті. Арақ-шарап шығаратын зауыты тағы бар. Қазақ біткен қарызға белше­сінен батып, сол мейрамханаға той жасайды.

– Неге өзге ұлттар аз тұрады? Бұл арадан қазақ пен өзбектен басқа нәсіл көріп тұрғаным жоқ, – деп облыстан келген Талтаңбай ауыл әкімі Қосаяққа көзін алартты.

– Басеке, айтпақшы, бізде әлемде жоқ ұлттар бар.

– Уау,  это  класно, – деп, Зена бірдеңе түсінгендей алақанын ысқылап қояды. Орта­дан  бір  жігітті  шығарды.

– Мынау  қазақ  қой, – деді  Талтекең.

– Жоқ, бұл  шатыс.

– Метис  пе?

– Сіз  айтып  тұрған  екі  ұлттан  шығады. Бұл – үш  ұлттан  туған  дүбәра.

– Дүбәра, ойбай, ондай ұлт бола ма?

-Таң қалмаңыз, біздің ауылда бәрі бар.

– Сонда дүбәралар қандай тілде сөйлейді? – деп, комиссия таң қалды.

– Бұлардың жазуы былдыр-былдыр, тілдері шүлдір-шүлдір ғой.

– Как это? – деп, Зена қызығушылық танытты.

– Былай ептеп сөйлесуге болады. Бірақ, тегін білмейді. Ыржалақтап күле береді. Адамның көзіне тура қарамайды, – деді әкімнің орынбасары.

Қосаяқ сөзді іліп әкетті.

– Басеке, бұл ештеңе емес, болашақта төрт ұлттың қосындысынан мәңгілік «мәңгүрт» деген ұлт жасап жатырмыз. Олар әлі кішкентай. Енді өсіп келе жатыр. Тек осы ауылда бар. Басқа еш жерден таппайсыз. Өтірік айтсам, өліп кетейін, – деп, ауыл әкімі ант-су ішті.

– Мәңгүрттер қай тілде сөйлейді? – деген Зенаның сұрағын Талтекең жеткізді.

– Тіл жоқ. Ыммен сөйлесеміз. Бірақ бәрін түсінеді. Жат десең жатады, тұр десең тұрады. Қаш десең қашады. Қарсы келмейді. Не айтсаң да басын төмен қарап изей береді. Рухы жоқ.

Талтаңбай:

– Қарсы келмейтіні жақсы ғой. Бұл екеуінің өз мәдениеті, дәстүрі бар ма?

-Тілі жоқ ұлтта ол қайдан болады? – деді әкім.

Халық сценарий бойынша шапалақ ұрды.

– Ой, молодец, супер. Это мировая сенсация, – деп, Зена қатты қуанды.

Облыстың уәкілі Талтаңбай Салпаңбаев болашақта дүбәра мен мәңгүрттер билік басына келуі керек екендігін айтты. Ауыл тұрғындары тағы алақан соқты. Бас есепші кімнің қанша рет қол соққанын санап тұр. Ертең сол бойынша сыйлық беріледі.

Сүйтіп, комиссия «Достық» ауылын мақтап қайтты.

Нұрлыбек  ЖҰБАТҚАН,

ҚР  Мәдениет  қайраткері,

ҚР  Жазушылар  одағының  мүшесі

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: