«Саяси науқан келді» дегенше Айдар жездемде тыным болмайды. Бөркін теріс қаратып киіп, көшеге шығып, өзі қатарлас шал-шауқанға саяси ертегі айтып жүргені. Ал, той-томалақта басына ілген тар тақиясын олай бір, былай бір қозғап, қуақыланып, құтырынып шыға келеді.
– Алдар көсе – менің түп бабам. Атым да ұқсайды, затым да ұқсайды, – деп, көпіретінін қайтерсің. Жеті атасын әріден тарқатып, басын Алдар көсеге апарып тірейді. Сөйтеді-дағы болмағанды болдырып, болған оқиғаны асырып, өтірікті шындай, әйелді қыздай етіп баяндап, жұртты күлкіге қарық қылып жүргені.
Биыл да бірдеңені бықсытып, соғып отырғанының үстінен түстім. Өтірік айтқан сайын жаны кіріп, бетіне қаны теуіп, бұжыр беті бозғылт түске айналып, шырайланып шыға келді. Құдды есік аралаған кандидаттардың өтірік күліп жүрген бейнесі көз алдыңа келеді.
Кандидат демекші, өткенде біздің округтен депутаттыққа түсіп жатқан бәтшағарлардың әлеуметтік желідегі әңгімесін күлмей тыңдаған жан болса біледі, әй, беті бүлк етпеді-ау жарықтықтың. Бұрын бармаған тесікке, тойс, есікке именіп кіріп, жылы шырай танытып, ұйықтап жатқан ақсақалды ұйқысынан шошытып оятып, ай бір, жаңа көргендей қайта-қайта құшақтамасы бар ма? Одан қалды, күнде 1 сәуір сияқты, халыққа басын шұлғытып қойы-е-еп, әңгімені соғып тұр. Бір жағынан ол да дұрыс сияқты, кандидаттың сөзінен кейін өмірге деген құштарлығың артады. Проблеманың өзі ұялып, тесіктен сығалап тұрғандай, жан-жағың жайқалып, жайнап кеткендей, базардың бағасы төмендеп, саудагерлер таразыдан жемей, дағдарыстың өзі безіп кеткендей армандайсың. Сырдария суға толып, дарияда балықтармен вальс билеп жүргендей сезінесің. Осыдан кейін әлгінің қолын қайта-қайта қысып, құшақтағың келіп тұрады екен. Оның да Алдар көсемен гендік жағынан шатысы бар-ау шамасы.
Жарайды, оны қойшы, Айдар жездемнің әңгімесіне келейік.
– Мен жылдың басында жоғары жаққа хат жаздым, – деді ол беті бүлк етпестен. – Кезектен тыс жұмыстар істейік. Кезектен тыс сайлау өткізейік. Жаңадан бір партия ашып, саяси додаға қосайық. Шаң-шаң болып, жүгірсін әбден өкпесі өшіп. Бұлбұл ақындарды да, жылпос саясаткерлерді де, кәнігі кәсіпкерлерді де кандидат етіп жіберейік. Бәрінің сөзін тыңдайық.
– Өй, пәлі! – деп, одан сайын елертіп көріп едік, қатты кетті.
– 19 наурызда сайлау күнін бекіттірдім, – деді ғой беті бүлк етпей.
Көзіміз бақырайып, сөзіне сенгеннен басқа амалымыз қалмады. Расында, 19 наурыз сайлау күні емес пе? Сонда да бүйірінен түртіп:
– Шамалы түспейсің бе, қатты кеткен жоқсың ба? – дей қойып едім, жездем кәдімгідей ашулансын:
– Мені кім деп жүрсіңдер?! Мен заманымда не істемедім? Менің сөзім ешқашан жерде қалған емес! Айтылды ма, орындалады!
Жым болдық. «Сонда біздің Айекеңнің сайлауға қатысы болғаны ғой» деп қуандық, жаман жездемізді мақтан тұттық. «Ондай жезде жер жүзінде екеу болса, соның бірі – менің жездем, ал біреу болса, ол – жездемнің нақ өзі», – деп лепірдім шұбар көзіне қадалып тұрып. Жездем шелек болды. Терлеп-тепшіп, мұрны пысылдап, орнынан тұрды да, кетіп қалды.
Ой, жарықтық десейші, бұл заманда кімге сенеріңді білмейсің. Депутат та алдайды, жездем де алдайды. Қоғамда шын сөз айтатын жан қалды ма өзі?
К.МАСИН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!