Карантин талабы жеңілдеп, аяқ-қолымызды ақырындап жаза бастадық. Көктемде ұйқыдан оянған жәндіктей қара-құрым қыбырлаған тіршілік басталды. Итім Ақтөс ауладан сыртқа шықты. Хайуан да вирустан қорқады екен. Апырмай, пандемия басталғалы үйшігінен әріге аттап баспады. Әншейінде көршінің итіне жиі барып тұратын еді. Аты – Маша. Біздің итті көрсе Маша құйрығын бұлғаңдатып әлемет болады. Анада-санда Ақтөс көршінің ауласына түнеп қалады.
Бүгін таңертең итім зым-зия жоқ болып кетті.
Жүгіріп «подрушкасына» бардым. Маша жоқ. Екеуі екі ай үйшікте қамалып іштері пысып, бой жазып жүр деп ойладым. Тус ауа құрдасым телефон соқты. «Ақтөс орталықтағы зәулім мейрамхананың алдында тілі салақтап үріп тұр» – деді. Барсам ол жерде жүзге жуық адамның басы қараңдайды. Журналистер сұхбат алып жатыр. Жиналғандар мейрамхананың толық жұмыс істеуін талап етіп шу шығарды.
Біздің ит қасында көршінің Машасы бар «акиматқа» қарап қайта-қайта шәуілдейді. Иттің тілін білетін маман айтады:
– Итіңіз тез арада мейрамхана ашылсын деп, үріп тұр, – деді.Таң қалдым.
Сүйтсем, атаңа нәлет Ақтөс осы мейрамханадан жуынды ішіп, әбден жаман үйренген екен. Үйге қарғысынан сүйреп әрең әкелдім. Ырылдап тісін ақситып ызаланып жер тырнады. Өткенде сарайға ұры түсіп, соғымның етін сыпырып кеткенде үнсіз жатты. Бір бұзақы тал түсте тереземді сындырғанда дыбыс шығармады.
«Батыр туған жеріне, ит тойған жеріне» деген рас екен-ау.
Қазір Ақтөс аулада аспанға қарап әлі ұлып тұр…
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН,
Ақтөбе қаласы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!