(әзіл әңгіме)
Ұзақ жылдар бойы үйінде жұмыссыз отырған Қарызбек қапаланып отыр. Табыс таппайтын еркектен әйелі баласын ертіп безіп кетті. Төрт қабырғада телміріп жалғыз қалды. Таң атпай есік қағылды. Өтелмеген несиесін сұрап келген банк қызметкерлері болар деген оймен тесіктен сығалады. Қолында бір құшақ гүлі бар еркек келіп тұр. Бұл үйде бойжеткен қыз тұрмайды. Сонда кімге келіп тұр? «Бәлкім, жұртты жеркендіріп, шулатып жүргендер осылар шығар?» деп, күдіктенді. Есіктің қоңырауы үсті-үстіне басылды. Амал жоқ ашуға тура келді.
– Бұл кім? – деді.
Әлгі «джентельмен» үндемеді. Үй иесі кілтті іштен ақырындап бұрады.
– Қайырлы күн! Кешіріңіз, мейрамыңыз құтты болсын! – деп, тау халқына ұқсас беті жүн-жүн бір жігіт кіріп келді.
– Қандай мейрам? – деп, Қарызбек түсінбей қалды.
– Сіз білмейсіз бе?
– Қазақстанда мереке көп қой, есіме түспей тұр.
– Бүгін алғыс айту күні, сондықтан сізді мерекеңізбен марапаттауға рұқсат етіңіз, – деп табақтай құттықтау қағазын көрсетті.
– Әрине, қарсы емеспін.
– Құрметті Қарызбек, сенің ата-бабаң бізді сонау саясаттың салқын жылдары құшақ жая қарсы алды. Кавказдан қоныс аударып келген босқындарды бауырына басты. Асырап алды. Сол үшін шексіз алғысымызды білдіреміз. Ізгі ниетпен Қазақстан халқы ассамблеясы.
– Үлкен рақмет, жалпы қазақ ақ көңіл, ақ жарқын ұлт қой, – деп Қарызбек марқайды. Шамалы көңілі көтеріліп қалды. Есікті тағы біреу түртті.
– Амансыз ба, сізге алғыс хатымыз бар еді.
– Жаңа алдым ғой.
– Ол басқа ұйым.
– Жарайды, -деді Қарызбек.
– Біз қазақ жерінен көп жылдардан бері мұнай-газ сорып келеміз. Сендердің арқаларыңда еліміз өркендеп, экономикамыз алға басты. Қаламыз көркейді. Амандық болса, әлі сора береміз деп ойлаймын. Саған мол бақыт, толағай табыстар тілеймін. Тілек білдіруші мұнай-газ компаниясының төрағасы дей бергенде, сөзін бөліп жіберді.
– Тоқтай тұршы, қайдағы табыс? Жұртқа қарыз болып көшеге шыға алмай отырмыз. Бет жоқ.
– Болашақта табыс күтіп тұр. Шыдаңыз…
– Қашан? Отыз жыл күттік қой, – деп ақырып жіберді. Қарызбек ашуланып есікті тарс еткізді. Мына алғыс айтқан хатқа көңілі толмай қалды. Есік тағы қағылды.
– Сәлеметсіз бе, алғыс айту күні құтты болсын!
– Айта беріңіз.
– Сіздер, сапасыз аяқкиімдерімізді киіп, жыртылып қалса қайтадан тігіп, саудамызды жүргізіп және тез дайын болатын «бич пакет» лапшамызды ішіп, мол пайдаға кенелтіп жатқандарың үшін шын жүректен алғыс айтамыз. Сәлеммен Қытай базарының бас директоры.
– Енді жоқ болғасын амалсыздан киеміз ғой. Қымбат киім алатын қаражат қайда? Лапша ішпесек аштан өлеміз. Барыңыз, – деп, зілмен жауап берді. Қан қысымы көтеріліп кетті. Сыртта күбірлеген дыбыстар естіледі. Есікті іштен іліп, саңылауынан сығалап қарап еді. Алғыс хат арқалаған адамдар кезек күтіп тұр.
– Есігіңізді ашыңызшы, – деді біреу дауыстап.
– Ашпаймын.
– Алғыс хат бар еді.
– Керек емес.
– Қазақ «қарғыс алма, алғыс ал» деген ғой, – деп айғайлады. Мына сөз сүйегінен өтіп кетті. Амалсыздан есікті ашты.
– Бүгін…
– Иә,білемін алғыс айту күні, – деп,Қарызбек сөзін бөлді.
– Сізді және үрім-бұтағыңызды біздің ұлттық сусынымыз арақ-шарапты ақ дастарқан үстінен аластатпай, сыйлы қонақтарыңызға ұсынып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып келе жатқандарыңыз үшін үлкен алғыс айтамыз. Құрметпен Ресей федерациясы, Москва қаласы.
– Болды, жетер, барыңыз…
– Неге айғайлайсыз, біз сізге алғыс айтып жатырмыз.
– Иә, көп-көп рақмет, – деп, Қарызбек есікті іштен жауып алды. Келушілер легі азаяр емес. Бір кезде терезені қақты. Біреу «форточкадан» басын шығарып алғыс хатты көрсетті.
– Сендер, маған неге маза бермейсіңдер? – деді үй иесі қатқыл дауыспен.
– Сіз, мереке күні бұлай ашу шақырмаңыз. Мұндай құрметке қуану керек қой.
– Әрине, көкірегім толы қуаныш. Мендей бақытты адам жоқ. Осы жете ме?
– Олай болса тыңдаңыз.
– Ал,айта бер.
– Сізді жерасты қазба-байлықтарыңды беріп, бізді саны жоқ қаражаттың астында қалдырып, дүниежүзінің ең бай адамы еткенің үшін алғысымды айтамыз… Құрметпен, – дей бергенде,
– Рахмет, болды, -деп, Қарызбек терезенің жапқышын жапты. Алғыс емес, қарғыс алып жатқандай қол-аяғы қалшылдады. Телефонына алғыс айтқан хабарламалар үсті-үстіне келіп жатыр.
«Жаңа емес, жүрілген автокөліктерімізді сатып алып, таза ауаларыңды ластап, көліктің салығын бізге аударып, бюджетке кіріс түсіргендеріңіз алғыс айтамыз, Армения Республикасы,Е реван қаласы».
«Сіздерді ана тіліңіз бен салт-дәстүрлеріңізді ұмытып, өзге ағымға кеңінен жол ашып, жастарды білім алудан адастырып жатқандарыңыз үшін үлкен рақмет айтамыз».
«Мыңдаған содырды Қазақстанға кіргізіп жіберген шекарашыларға мың рет басымызды иеміз. Дүниежүзілік терористер одағының төрағасы»…
Қарызбек бұдан әрі шыдамады. Алғыс айтушылар тоқтар емес. Телефонын сөндіріп тастады. Шетелден келіп жатқан алғыс хаттардан басы айналып жерге құлады. Есінен танып қалды. Қанша уақыт өткені белгісіз, көзін ашса, аурухана төсегінде жатыр. Дәрігерлер «короновирус»деп диагноз қойыпты.
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН.
Ақтөбе қаласы
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!