Қышқыл сатира
Әйтеуір, ауыл әкімі болып шыға келдім. Соны достарыммен әкімшілікте жуғаным есімде. Түннің бір жарымында жарқанат құсап ұшып келемін. Арық арнасынан тасып кеткен сияқты, қызуым қырық градустан асып кеткен сияқты, желіп келемін. Жәй желіп келе жатқан жоқпын, қиялым шарықтап, «Әкіммін ғой, мен әкіммін!» деген көңілмен, сары майдай еріп келемін!
Жаздың күні болғандықтан, бала–шағамызбен есік алдындағы тапшанда қатар жататынбыз. Келе салып, шалбарымды бір бұтаққа ілдім де, әйелімнің ұйықтап жатқанын білдім де, қойнына қойып кеттім. Құшақтап жатырмын. Ол өзін күйеуі пышақтап жатқандай, теріс қарап жатқан күні аяғымен тебеді. Шалқамнан түсіп, көк жүзіне қарадым. Анау жарқырыап тұрған менің жұлдызым! Ауыл әкімінің жұлдызы! Құдай қаласа, жол саламын деп жеймін, ауылға су, газ тартамын деп жеймін, сөйтіп астыма бір «Джип» сатып алмасам ба?
Әйелім мені өкпелеп қалды деп ойлады ғой деймін, маған қарай аунап, белімнен құшақтады. Екеуміз құшақтасып, біраз жаттық. Белінен сипаладым. Ол менің арқамды қасыды. Мұнысын түсінбедім. Мойнынан иіскедім, ол менің мұрнымның ішіне саусағын тыққыштады. Мұнысын да түсінбедім. Әзілдеп жатқаны шығар? «Ей, қатын, көзіңді ашсаңшы? Сен енді ауыл әкімін құшақтап жатырсың! Ауыл әкіміін!»–деп қоямын ішімнен. «Әкім болдым!» – дедім мен құлағына сыбырлап. Ол: «Сен сүмелек қайдан әкім болушы едің?» – деді аузы–мұрны жыбырлап. Жыным шашымның ұшар басына шықты. Шапалақпен бетіне салеп жібердім. Әйелім ойбайлап атып тұрды. Біреу жүгіріп барып, есік алдындағы светті жақты. Мәссаған! Әйелім дегенім – көршімнің әйелі! Светті жаққан күйеуі! Мына жақта жатқан бала–шағасы! Аузым ашылып қалыпты! Мастығым мысық сияқты мияулап кетті. «Ей, көрші? Әйелім екеуміздің ортамызда неғып жатырсың?» деп сұрайды көршім кіжініп. «Сендер неге екі жағыма жатып алғансыңдар?» деймін мен де қалыспай. Ол жуан жұдырығымен тұмсығыма періп қалды! «Мен әкіммін! Әкімді ұрсаң, сотталасың!» деп қоямын. Сөйтсем, мастықпен байқамай, көршінің шарбағына кіріп кетіппін ғой? Түсіне қойдым да, «Кешіріңдер, адасып кетіппін!» деп шалбарымды іздедім. Бір бұтаққа ілдім десем, күйсеп тұрған сиырдың мүйізіне іле салыппын. Сиыр тұра қашты. Шалбарсыз қалай кірем енді? Әйелім басқаша ойлап қалады ғой? Екі үй ары жүгіріп барып, Барлыбайдың ауласына ұрланып кірдім. Жаюлы тұрған киімдердің арасынан Барлыбайдың шалбарын іздеп тауып алдым. Киініп, үйге келсем, есік алды топырлаған адам. Свет жарқырап тұр. Әйелім, бала–шағам оянып кетіпті. Көршім мені көріп тұра ұмтылды. Барлыбайдың шалбары екен деп, өзбек әйелінің тізеден төмен түсетін дамбалын киіп алғанымды полиция учаскесінде бірақ білдім. Не керек, көршім ауданға арыз жазып, бір күн әкім болып отырмастан, қызметімнен босадым! Солай, достар, әкім болғанымды қайтейін, қызығын көріп үлгемедім ғой!
Мұхтар ШЕРІМ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!