Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әйел мен еркек неге бірге жатады?

26.08.2020, 15:15 1208

HALYQLINE.KZ Махаббат – Африкада да махаббат! Жасым жиырма тоғызға келсе де, кеңкелес емеспін, кер жалқау емеспін, күшеншек емеспін, күлегеш емеспін, бірақ, махаббаттан жолымның болмай жүргені, менің күс-күс алақаныма аққудың қонбай жүргені рас. Мал бағып, оны сатумен айналысамын.

Бір күні Ешкігүл деген қызбен интернет арқылы танысып, өзімді Қойбағар деп таныстырып, ақырында ол маған «Махаббат» университетінің тест сұрақтарын жіберді. Соған басым қатып отыр, досым тесттен құлап қаласың деп, әр нәрсені шатып отыр. Сіздерден сұранатыным, тест сұрақтарының дұрыс жауаптарын жазып жіберіңіздерші, ақысына алты мың теңгені Каспий голф па, голд па, горд па, соған жіберемін.

Бірінші тест сұрағы: – Махаббат дегеніміз не? А) Адамның жүрегі. Б) Қойдың жүрегі. Ә) Иттің жүрегі. Екінші тестің сұрағы: – Хауа ана мен Адам ата қашан үйленген? А) Біздің эрамызға дейін. Б) Былтыр. Ә) Ажырасып кеткен. Үшінші тестің сұрағы: – Қазіргі қыздар халал ма? А) Арам. Қанына темекі, арақ, гашиш, шетел еркектерінің ұрығы араласып кеткен. Б) Қу. «Сүйем!» деп үйленіп алады, сосын, үйін, байлығын тартып алып, ажырасуды үйреніп алады. Ә) 90 пайызы халал. Төртінші тестің сұрағы: – Жігіттер қыздарды неге алдайды? А) Алдар Көсенің інілері. Б) Тауық махаббат. Ә) Алдамайтындар да бар, олар – ауру. Бесінші тестің сұрағы: – Қыз Жібектің алғашқы махаббаты. А) Бекежан. Б) Төлеген. Ә) Түркістан облысының бұрынғы әкімі. Алтыншы тестің сұрағы: – Қыз бен жігіттің алғашқы диалогы: А) Несиеңіз бар ма? Б) Давай, сүйісейік? Ә) Сізбен танысқаныма алпыс жылдан кейін өкінбейтін шығармын деп ойлаймын. Жетінші тестің сұрағы: –Шыңғысханның қанша қатыны болған? А) Мен қайдан білейін? Б) Жүз елудей. Ә) Ол кезде калькулятор болмаған. Сегізінші тестің сұрағы: – Әйел мен еркек неге бірге жатады? А) Қараңғыда қорықпас үшін. Б) Ұрысып жату үшін. Ә) Ұрпақ қамы, Отан үшін. Тоғызыншы тестің сұрағы: – Махаббат жасқа қарай ма? А) Махаббатта көзілдірік жоқ, қарамайды. Б) Майшаммен қарайды. Ә) Келіншектер інісіндей жігіттерге тиіп жатыр. Оныншы тестің сұрағы: – Жігіт пен қыз қыдырып келе жатқанда, алдынан арық кездесті. Жігіт не істейді? А) Қызын итеріп жібереді. Б) Арыққа көлденең жата кетіп, көпір болады. Ә) Қызды арқалап, кері қаша жөнеледі.

Міне, осы он сұрақтың жауабын сүйіктім «Махаббат» университетінен алып, ватсаппен жіберіпті. Басым қатып отыр, досым «топас болсаң, қатынсыз қаласың!» деп ала көзімен атып отыр. Көмектесіңіздерші?

Мұхтар Шерімнің қышқыл сатирасы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: