Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Наурыз – жұлдызнама

17.03.2022, 9:00 951

Барыс – Сиыр жылынан кейін, Қоян жылынан бұрын кіретін мүшел есебінің үшінші жылы. Орталық Азия халықтарының күнтізбелерінде қолданылады. Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде Барыс жылын жолбарыс жылы деп те атайды. Барыс сақтардың ұғымында қасиетті аң болған. Қазақ халқының жорамалдарында Барыс жылы күрделі бетбұрыстар алдындағы тыныштық жылы деп саналған.

Бұл жылы туғандардың табиғи белгісі – ағаш. Барыс жылғылар өте мықты, қажырлы, шынайы, жомарт болып келеді. Жаман қасиеті: тынымсыз, өз басын ойлап қалған өзімшілдеу. Барыс жылы – қиындық пен қуанышқа, ауыртпалық пен жақсылыққа толы жыл. Дегенмен, бұрындары тарихта Барыс жылына қатысты елеулі оқиғалар болмаған. Сол себепті Барыс жылын қазақтар жайсыз жыл деп санамайды. Назарларыңызға Барыс жылындағы әр жылдың иелеріне арналған жұлдыз-жорамалды  ұсынамыз.

ТЫШҚАН. 2022 жыл Тышқандар үшін трамплин секілді болады. Олардың көлеңкеден шығып, өздерін ашып көрсететін уақыты келді. Бұл – бұрыннан қол жеткізе алмай жүрген арман-мақсаттарыңызды жүзеге асыруға таптырмас жыл. Алайда, алаңғасарлыққа жол бермей, өз жоспарыңызды мұқият ойластырыңыз. Бұл жылы дүниеге келгендердің көбі  білектің күшімен емес, ақылмен істейтін жұмыстардан көбірек табыс табады. Тышқандар сүйікті адамдардың жанында болады. Жақындарыңыздың пікіріне құлақ салып, олардың шешіміне түсіністікпен қараңыз. Ал ажырасуды ойлап жүргендер жеті рет өлшеп, бір кескендері дұрыс. Эмоцияға беріліп асығыс қабылдаған шешімнің зардабы көп. Жалғызбасты Тышқандарды жыл басында немесе күз мезгілінде жаңа таныстықтар күтіп тұр. Тышқандардың биыл денсаулығында айтарлықтай кінәрат болмайды дейді жұлдыздар. Тек жүйке жүйеге салмақ салатын жайттардан, жұмыстардан аулақ жүру жеткілікті.

СИЫР. Бойындағы тамаша қасиеттері табандылық пен еңбексүйгіштікті көрсетсе болғаны Сиырларды 2022 жыл бизнесте үлкен табысқа, жұмыста зор жетістікке жеткізеді. Сиырлар өз эмоцияларын іште қалдырып үйренгендері жақсы, себебі, Барыс жылында соның кесірінен көптеген кедергілерге ұшырауы мүмкін. Сол секілді отбасы жағдайында да кикілжіңдер болуы ғажап емес. Сабырлық – кез келген проблемадан шығудың тиімді жолы. Биыл Сиырларға табандылық пен жауапкершілік өте-мөте қажет болады. Шығармашылық қырыңыз ісіңіздің алға өрлеуіне көмектеседі. Жалпы, Сиырлар бір шешім шығару үшін мың толғанады, алайда нақты мақсат қойсаңыз, тау қопаруға қайратыңыз жетеді. Отбасылы Сиырларды тағы бір «бал айы» күтіп тұр. Сол секілді бала күтіп жүргендердің арманы орындалады. Ал бойдақ жандарға өз теңін табуына жақсы мүмкіндік бар. Алғашқы жартыжылдықта қаржылық жағынан тұрақсыздық болады.

БАРЫС. Жыл иесі еңбексүйгіш Барысқа құшағын ашады. Осы қасиетіңіз арқылы қолдаушылар да жеткілікті болады. Бұл жылы сіздерге өткір ақыл, аңғарымпаздық сияқты қабілеттер қажет. Сонымен қатар, айналаңыздағылар сіздің ақылыңызға көп жүгініп, жол сұрайды. Ешкімнің көңілін қалдырмай, қолыңыздан келгенше, кеңес беріп отырыңыз. 2022 жыл саяхаттауға, қала ауыстыруға жақсы мүмкіндіктер ашады. Жалғызбасты Барыстар көре алса, «бақыттары» қасында жүр. Оларға тек аса жоғары талаптарын төмендеткендері дұрыс. Сол секілді, кітапхана, театр, көрме секілді орындарға жиі барғаны жақсы. Сіздің жүрегіңіздің иесі сонда жүрген де болар. Белсенді өмір салтын ұстанушы жандардың денсаулығында кінәрат болмайды. Ал жалпы Барыстардың басты проблемасы – тыныс алу жолдары. Онымен қоса, репродуктивті жүйеге де көңіл бөлген дұрыс. Қажет болған жағдайда, кейінге шегермей дәрігерге қаралып жүріңіз. Барыс жылында туғандар өзіне қызық емес жұмысқа сирек келісіп жатады. Олар жаны сүйетін немесе басшылық қызметке әуес. Сондай-ақ, Барыстарда қаржылық тапшылық болмайды деуге болады.

ҚОЯН. Кейбір Қояндар өз кәсібін ауыстырса, бірі қаланы, бірі имиджін өзгертеді. Өз ақылыңызға ғана арқа сүйеп, тани қоймаған адамыңызбен байланыс орнатудан аулақ болыңыз. Бастысы, таусылмас күш пен қажырлы қайрат қана сіздің екі қанатыңыз болып, алға жетелейді. Жыл иесі  Қояндарға жаңа  кездесулер  мен тосынсыйлар дайындап отыр. Барыс  жылы – отбасы құруға ыңғайлы жыл. Ал отбасылы Қояндардың бірі бақыттың бесігінде тербелсе, кейбірі нағыз «бұрқасын» өмірге тап болады.  Қояндар үшін бұл жылғы басты проблема ас қорыту жүйесі болуы мүмкін. Сол үшін фаст-фуд пен тез әзірленетін тағамдардан аулақ болыңыз.  Қояндар үшін Барыс жылы әртүрлі жағдаяттардың арасынан баланс іздеуді талап етеді. Жұмысқа басыңызбен кіріп кетпей, отбасыға көңіл бөліп отыру керек. Айналаңызда сенімді адамдар болса, қызметте жетістіктер күтіп тұр.

ҰЛУ. Ұлуларға айналасында болып жатқан оқиғалар қатты әсер етеді. Сондықтан байсалды болып, эмоцияңызға берік қарап, оптимизммен достасып алыңыз. Көптеген Ұлулар бұл жылы жаңа қызметке ие болып, қаржылық мәселелерін реттеп, ескі арманын жүзеге асырады. Қай салада болмасын өзіңіздің потенциалыңызды көрсетсеңіз, абырой-атақ пен жақсы жалақы күтіп тұр. Жұлдыздар Ұлуларға айналасындағы «қажет емес» достардан арылуға кеңес береді. Бойдақ Ұлуларда жаңа таныстықтар міндетті түрде болады. Сол үшін қазірден бастап, сыртқы имиджіңізге назар аудара беріңіз. Бұл жылы Ұлулар майлы, қуырылған тамақтардан бас тартып, көкөніс пен жеміс-жидекке ден қойса, артық проблемалар болмайды. Бұл жылды нақты жоспарлармен бастаған дұрыс. Сіздің интуиция, ауқымды ойлау, шешім шығару алдындағы батылдық секілді қырларыңыз ашылуы мүмкін. Алға ұмтылушылығыңыз бен еңбексүйгіштігіңіз қаржылық жағдайды тұрақты етеді.

ЖЫЛАН. Жыл иесі Барыс Жыландарды аса  ұнатпағанымен, осы жылы сіздің әрекеттеріңізді сүйіспеншілікпен  бақылайтын болады. Оған сіздің сырлы образыңыз, сұлулығыңыз,  мақсатка беріктігіңіз бен жалғыздыққа құмарлығыңыз ұнайтын  болады. Өмірді өзгертуге көптеген мүмкіндіктер беріледі, бірақ оны пайдалану – өз қолыңызда! Жұлдыздар мансабыңыздан бөлек, сыртқы келбетіңізге де көңіл бөлуге кеңес береді. Жыландардың көбі отбасыдан бөлек, мансапқа көп көңіл бөледі. Сол себепті, отбасы мен жұмыс арасындағы тепе-теңдікті дұрыс сақтауға шақырамыз. Жалғызбасты жыландар өз өмірлік серігін табам десе, лезде. Уақытылы  дем  алып, саяхаттап, саламатты өмір салтына көбірек көңіл бөліңіз.  2022 жылы қаржы, ғылым, ІТ-технологияда қызмет ететіндердің жұлдызы жанады. Сол сияқты жерге, ауыл шаруашылығына қатысты кәсіп табысты болады.

ЖЫЛҚЫ. 2022 жылы жұмысқа қабілеттілік, белсенділік, алға ұмтылушылық пен жауапкершілік Жылқыларға аса қажет болады. Уақытыңызды босқа өткізбей, пайдалы істерге жұмсасаңыз, жыл соңында жақсы жетістік күтіп тұр. Бұл жылы жаныңызды ауыртатын шешімдер шығаруға тура келетін сәттер болады. Екінші жартыжылдықта өміріңізді түбегейлі өзгертетін, жоспарыңызда болмаған жағдаяттар тууы ықтимал. Жылқы жылында туғандарды жақын адамдарының үлкен махаббаты күтіп тұр. Жүрегінің жартысын іздеген жандарға «сыйлық» дайындап отыр. Егер қарым-қатынасыңызда шиеленіс болып, кетудің ыңғайын таппай жүрсеңіз, ойланбаңыз. Көп Жылқылардың тез ренжігіштігі жүрекке салмақ салады. Қызметте өсу күтіп тұр. Басқа да жүктелген жұмыстардан қашпаңыз. Кәсіпкерлікті көздеп жүргендерге – жасыл түс. Еш қорықпай өз қабілетіңізді бизнесте сынаңыз. Еңбегіңізге қарай, жеңісіңіз көп болады.

ҚОЙ. Барыс жылы жақсы жаңалықтар әкелмек. Бірақ, ол үшін барынша күш-жігеріңізді жұмсауыңыз керек. Жауапкершілікті бойыңызға дарыта білсеңіз, жұмыста да, жеке өміріңізде де ісіңіз алға өрлейді. Жинақы бола алмауыңыздың зардабын көріп те жүрген боларсыз. Сонымен қатар, бастаған ісіңізді соңына дейін жеткізіп үйреніңіз. Қойлардың айналасында көз салып жүрген адамдар көп. Ол жалғызбастылар үшін таңдауда қиындық туғызса, отбасылы жандардың қарым-қатынасына кері әсер етеді. Қызғанышқа жол бермеңіз.  Белсенді өмір салтын ұстанған Қойлардың денсаулығы мықты болады. Тек жүйкеңізді сақтаңыз. Күйгелектік жүрек-қан тамыр ауруларының белең алуына итермелейді. 2022 жылы Қойлар қаржылық тапшылық көрмейді. Аста-төк байлыққа кенелмесе де, үнемдеп жүрудің қажеті болмайды.

МЕШІН. Жыл иесі көңілді әрі алғыр Мешіндерді жаны сүйеді. Сондай-ақ, оған сотқар, айналасындағыларын әрқашан күлдіріп жүретіндіктері ұнайды. Бұл жыл бір орында отыра алмайтын Мешіндерді көп саяхатқа алып шығады. Барыс жылы шығармашылық пен махаббат тұрғысынан сәтті болады. Әртүрлі оқиғалардың ағылып келуі сіздерден сақтықты талап етеді. Егер ойлағаныңыз болмай жатса, салыңыз суға кетпесін. Сіздің назды қылығыңыз бен әңгімешілдігіңіз махаббат әлемінде өз көмегін тигізеді. Алайда, ондай жанды ойын-сауық орындарынан іздемеу керек.  Барлық істі өзіне алу қасиеті Мешіндерді күйзеліске түсіруі мүмкін. Онымен қоса, қан қысымы мен ұйқы мәселесі туындайды. Бұл мәселелерден спорт, йога, табиғат аясында серуендеу құтқарады. Көптеген Мешіндерді Барыс жылында табысқа кенелтетін жаңа жұмыс орны күтіп тұр. Жаңа қызметке бірден кірігіп, әріптестеріңізбен тез тіл табысатыныңызға ешкім күмән келтірмейді. Кірістің көп болуы қаржыны оңды-солды жұмсауға итермелеуі мүмкін. Қаржылық жоспар құрып, шығындарыңызға аса мән бергеніңіз дұрыс.

ТАУЫҚ. Биыл тамаша жетістіктер мен мол табысқа жеткізеді. Әйткенмен, оған жету жолы маңдай терді талап етуі мүмкін. Байсалды болыңыз. Жыл басы аса қиын соғады. Жүктелген міндеттің көптігінен мезі боласыз. Одан қорқудың қажеті жоқ. Көктем бастала сала, өз өміріңізді реттеп, қалаған жұмысыңызбен айналысуға мүмкіндік туып тұр. Капитал салымын көп талап ететін жобаларға жүгірмеуге тырысыңыз.  Барыс жылы отбасы бақытын сақтау үшін қызғаныш пен орынсыз талаптарыңыздан аулақ болыңыз. Жақын жандарыңызға ашық әрі шынайы болыңыз. Бұл серігіңізге моральдық қолдау береді. Биыл шаңырақ көтерген Тауықтардың некесі берік болатынына уәде береді. Ол үшін болашақ жарыңыздың сыртқы келбеті мен байлығына қызықпау керек.  Міндетті түрде белсенді өмір салтына көшіңіз. Жұмыстың көптігі шаршатып, қысымыңызға кері әсер етіп жатса, дер кезінде достарыңызбен балық аулауға шығып, боулинг ойнап, уақытыңызды пайдалы өткізіңіз. Қызметте өзін көрсете алған Тауықтарды жақсы табыс күтіп тұр.

ИТ. Өткен Сиыр жылында басталған ісіңізді Барыс жылында ешқандай проблемасыз жалғастыра бересіз. Шығыс жұлдыз жорамалы 2022 жыл жақсы жаңалыққа толы болады дейді. Тұрақтылыққа үйренген Иттер өмір сүру ырғағын аздап өзгертулеріне тура келеді. Жұмыста не отбасыда кикілжіңдер туындап жатса, ақылыңыз бен шыдамдылығыңызға сенім артыңыз. Ит жылында туғандар – отбасыға берік жандар. Осы беріктігі міндетті түрде жақсылықпен қайтады. Егер жанұяда біреуі Ит жылында дүниеге келген болса, перзент күтсін. Қытай жұлдызшылары Барыс жылында туған бала интеллекті жоғары, жігерлі, интуициясы дамыған болады дейді. Дер кезінде демалысқа шығыңыз. Бұрыннан армандап жүрген көлік пен баспаналы боласыз.

ДОҢЫЗ. Бұл жылы туғандардың айы оңынан туады. Өз қалауыңызды кейінге қалдырмай, бүгіннен бастап жүзеге асырыңыз. Сіздің сарқылмайтын оптимизміңіз, жеңіл әзілдеріңіз бен еңсеңіздің ешқашан түспейтіндігі бұл жылы көп кедергілерге төтеп беруге жәрдемдеседі. Доңыз отбасындағы тұрақтылықты жоғары қояды. Жақын жандарыңызға көңіл бөліп, сезім беріктігін сақтай түсіңіз. Сонымен қатар, үй айналасын жасыл белдеуге айналдыруға ықыласыңыз ауады. Бала сүйе алмай жүргендер армандарына жетеді. Ал бойдақ жандар жанына қажет адамды іздеуге аса жауапкершілікпен қарасын. Имиджін өзгертіп, спортзалға жазылудың пайдасы тиеді. 2022 – сіздің жылыңыз. Күш сала білсеңіз, әріптестеріңіз бен достарыңыздың арасында абыройыңыз артып, қызметте өсу баспалдақтары күтіп тұр. Сіздің болашағыңыз осы жылы жасалған жұмыстарға тікелей байланысты.

Дайындаған  Ә.КЕРІМ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: