Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Байқоңырдың  кәріз  суын  Сырдарияға  төгуін  тоқтатқан  еді

18.12.2025, 15:20 64

HALYQLINE.KZ

Е.Әуелбеков – 95

2022 жылғы қаңтар оқиғасынан кейін халық ойланып қалды, кең-байтақ жеріміз бар, жер асты мен үсті байлыққа толы қазбамыз бар, елімізді қазақтың қолы таза бір тұлғасы басқарғанда, мұндай күйге түспейтін едік қой деп.

1997 жылы «Қазақстан-2030» бағдарламасын қабылдады, осы бағдарлама бойынша біз Орта Азиядағы жетекші елге айналамыз деді. Қай жылдары бұған дүниежүзілік дағдарыс кінәлі деді, сол кезде жаны қазақ Герольд Бельгер: «Еліміздің жер асты байлығын шетел тасып жатқанда, дағдарыс туралы айту ақылға сыймайды» деген болатын.

Жыл сайын түкке тұрғысыз жолдаулармен халықты алдап келді, халық қазір ең қажетті азық-түліктің қымбаттауынан шаршады. Осы кезде «елді Әуелбеков басқарғанда, мұндай халге түспес едік» деп айта бастады. Қазақ халқының осындай жағдайға душар болатынын Әуелбековтың өзі де біліп кеткендігі туралы Астана қалалық Ардагерлер кеңесінің мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі Майрам Байғазиннің мына естелігінен білуге болады: «Мен 1989-1991 жылдары Москвадағы қазақ радиосының тілшісі ретінде Ер-ағамен талай кездесіп жүрдім. Бірде жолыққанда:«Мынадай күйімізбен алып елден айырылып, халқымызды тентіретіп жіберетін шығармыз» күйініп айтқанеді. Сол айтқаны дәл келді, қазір жұмыссыз қазақ жастары шетелде тентіреп отбасын асырау үшін еңбек етіп жүр. Кореядағылар таңғалады екен, «сендерде мұнай бар емес пе?» деп.

Қазақстандағы дамуы жағынан артта қалған үш облысты алдыңғы қатарға шығарған еңбегі үшін Социалистік Еңбек Ерімен қоса үш «Ленин» орденімен, үш рет «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Октябрь революциясы» мен «Еңбек даңқы» орденімен марапатталған Әуелбековтың еңбектегі ерлігіне риза болып үлкен шабытпен жазған кітабын баспадан шығарар кезде жазушы Сәбит Досановты шақырып алған Қонаев «бұл кітаптышығармайсың» деген еді.

1985 жылы Москвадағы КПСС-тің Пленумына қатысып қайтқан атақты механизатор, Социалистік Еңбек Ері Жадыра Таспамбетова қазақ телеарнасы хабарына қатысып, Москвадағы әсерін айтып: «Бас хатшы М.С.Горбачевтің өзі Қызылордадан екенімді біліп, «менің жоғары партия оқуындағы курстасым Әуелбековке менен сәлем айт» деді» дегенін естіген Қонаев Жадыраны да шақырыпалып, «екіші рет мұны еш жерде айтушы болма»деген болатын. Бұл жерде Қонаевты айыптап отырғаным жоқ, тек пендешілік ұлы адамдарда да болатынын білдім.

Қонаевтың өзі үш мәрте Еңбек Ері атағының біріншісін 1972 жылы 60 жасқа толғанда алса, Әуелбеков 1973 жылы 43 жасында Социалистік Еңбек Ері атанғанда, қасындағылары Қонаевқа: «Елу жасқа толмай жатып енді екінші рет Еңбек Ері атанса, сіздің орныңызға келуі мүмкін» деп айтқан болуы керек, әйтеуір ЦК-ға жақындатқан жоқ.

Қонаев өзінің «О моем времени» кітабында Әуелбековты 1986 жылы 6 ақпандағы Қазақстан Компартиясының ХVІ съезінде сынағанын айтады. Иә, сынады, бірақ жеке басын емес. Қызметін сынады, кадрларды тағайындар кезде руы мен жеріне мән беретінін бетке айтты. Оны сол кезде «Тамашаның тарландары» Құдайберген Сұлтанбаев пен Тұңғышбай Жаманқұлов та «биографиясы келгенмен, географиясы келмейді» деп домбырамен тақпақ етіп әжуалаған жоқ па еді?

Енді Әуелбековтың өмір жолына тоқталайын. Еркін Әуелбеков 1930 жылдың 22 маусымында РСФСР құрамындағы Қазақ АССР-нің Петропаволовск округіне қарасты «Жаңасу» ауылында дүниеге келді. Арғын тайпасының Атығай руынан. Арғы атасы – Тәукехан әскері құрамында қалмақтарды қырған Қалқа батыр. Әкесі Нұржан Әуелбеков Қазақ ССР-на еңбегі сіңген мұғалім, «Ленин» орденді ұстаз болды.

Мектепте үздік оқыған Еркін ағамыз 1948-1953 жылдары Москвадағы Тимириязов атындағы ауылшаруашылық Академиясында оқып, еңбек жолын агроном болып бастайды. 25 жасында совхоз директоры болып, «миллионер совхоз» қатарына қосқаны үшін алғашқы орденін алады, іскерлігі үшін сатылап өсіп, 31 жасында облыстың екінші хатшысы, 35 жасында облыстық атқару комитетінің төрағасы, 37 жасында Қазақ ССР-нің нан өнімдерінің министрі болады. Бұл министрлікте бірыңғай орыс кадрлары көп болғандықтан, қазақтың да осындай қызметті атқара алатынын дәлелдеп, іскер жас қазақ жігіттерін қарамағына көптеп тартты.

Жігерлі жас Еркінді осындай қызметтерге өсіріп әрі қолдап отырған сол кездегі Қазақ ССР Министрлер төрағасы Мәсімхан Бейсебаев еді. Өзі де бір кездері осы обкомның бірінші хатшысы болған, Көкшетау облысына 38 жастағы Әуелбековты бірінші хатшы етіп жібереді. Осы облысты басқарған он жылға жетпейтін уақыт ішінде, барлық салада өнім беру жағынан СССР бойынша он облыстың қатарына қосқаны үшін Бас хатшы Л.И.Брежневтің риза болып, Социалистік Еңбек Ері медалімен қоса «Ленин» орденін 43 жасында алуы Алматыдағы ЦК-дағылардың зәресін ұшырды. Бұл кезде Әуелбековтың басты қолдаушысы, ұлтжанды Мәсімхан Бейсебаев зейнеткерлікке шығып кеткен болатын. Әуелбековты сүріндіру үшін ең артта қалған Торғай облысына жібереді, жеті жыл ішінде облысты алдыңғы қатарға шығарады, ондағы атқарған еңбегі үшін екінші «Ленин» орденін алды. Іскерлігі үшін үкімет басшылығына лайық адамды тағы да дамуы жағынан артта қалған Қызылорда облысына бірінші хатшы етіп үшінші рет сынаққа жібереді. Сыр өңіріндегі ыру-дыру рушылдық өршіп тұрғандықтан, сол кездегі астанамыз Алматыдағы ЦК-дағылар біздің облысты «Қызыл-дыр-ду» деп айтатын.

Еркін Әуелбеков Қызылорда облысының бірінші хатшысы қызметіне 1985 жылдың қаңтарында кірісті. Келген бойда бюрократияны, рушылдықты, жершілдікті, жемқорлықты жоюды бірден қолға алды, басшылар зәресі ұшып үйлерін қоршаған биік дуалдарды алып тастады, ал коттедж не екіқабат үй салған басшылар қандай қаражатқа салынғаны тексерілді, бюджет есебінен салынса, ол үй тәркіленіп, балабақшаға, мәдениет үйіне, т.б. нысанға беріп жатты.

Ең алдымен халықтың тұрмыс жағдайын білу үшін обком хатшысы болып келген алғашқы 10 айында облыстағы бүкіл елді мекенді аралап, көзбен көрді. Халықтан түскен 4000 арызды жеке өзі оқып, тиісті көмек көрсетіп қанағаттандырады, екі мыңнан астам халықты қабылдап, өтініштерін қанағаттандырады. Сол екі мың адамның ішінде менің қайын енем, Сырдария ауданындағы Айдарлы ауылының тұрғыны, «Батыр ана» Айқын Мәлікқызы Әбнасырова да бар еді. Үлкен баласын бөлек шығарғысы келіп, Қызылорда қаласынан тұрғын үй салу үшін жер телімін сұрағанда, мәселесін сол жерде шешіп берді. «1 май» көшесінен жер берілгенде, қайын ағам Жардис сол жерден үйін салып алған болатын.

Халықтың қордаланып қалған мәселесін шешіп болған соң, облыстың экономикалық дамуын қолға алды, «Құмкөл» мұнай кенішіндегі «Татар-Нефть», «Башқұрт-Нефть», т.б. ақшасы Ресей бюджетіне құйылатын кәсіпорындарды ығыстырып, өзіміздің республикалық мұнай министрлігіне алып берді. Ауылшаруашылық техникалық машиналарын шығаратын «Риссельмаш» кәсіпорнын ашқызды.

1987 жылы Қармақшы, Қазалы, Арал аудандарында «гепатит» атанған сары ауру індеті бұрқ ете қалды, науқастардың соншалықты көп болуына байланысты Қазалыдағы машинистер дайындайтын мектептің жатақханасын жұқпалы аурулар жататын ауруханаға айналдырды. Себебі, Байқоңыр қаласының кәріз (канализация) суын Сырдарияға төгіп келіпті. Байқоңыр қаласы халқы «Дальный» және «Ближный» деп аталатын жерасты таза суын пайдаланатын, орыс әскерилерінің қазақ халқын адам құрлы көрмегендігі еді. Еркін Нұржанұлы істі жедел бітіру үшін тікелей Бас хатшы М.С.Горбачевтің өзіне шығады, ол бұл істі СССР «Главкосмос» басшысы, №2 космонавт генерал-лейтенант Герман Титовқа тапсырады. Ол Байқоңырға (ол кезде Ленинск) келемін дегенше Байқоңыр қаласының басшысы, генерал Юрий Жуков Қызылордаға келіп, мәселені Титов келгенше шешпекші болғанда Әуелбеков оны қабылдамай, күттіріп қойғаны кезінде үлкен резонанс туғызды. СССР Қорғаныс министрлігіне қарайтын әскер басшысының обком хатшысына кіре алмауы адам сенбейтін оқиға еді, бұған дейін әскери генерал обком хатшысын адам құрлы көрмейтін. Қызылордаға Герман Титов келген соң эпидемиялық жағдай арнайы қаралып, Әуелбеков бұған кінәлі генерал Жуковтың ісін сотқа беруді талап еткенде, Жуков жалынып, үш ауданда қалыптасқан эпидемологиялық жағдайды жоюға қаражатты өз мойнына алады.

Ұзақ жылдар бойы мақта мен күрішті есепсіз егуден пайда болған Арал өңіріндегі қалыптасқан экологиялық жағдайды ғалымдарға тексеруді ұйымдастырып, одақ басшыларының көзін жеткізіп, экологиялық үстеме ақы төлеуге қол жеткізді. Қазіргі уақытта Қызылорда облысының халқы оның алып берген «безводность» коэффициентін Әуелбековтікі деп атайды.

Сыр өңірі үшін Әуелбеков аңыз адам болып қалды, оның астамшылық көрсеткен, жемқор басшыларды соттатуының өзі халықтың көңілінен шықты, басқаларға сабақ болды. СССР-де «Қайта құру» саясаты сәуір айында басталса, ол саясатты Әуелбеков Қызылорда облысында қаңтар айында бастап жіберген болатын, тәртіпке түсіріп алғасан ғана жұмысын бастайтын. Сол кезде өзі дүкендерді жаяу аралайтынын қызылордалықтар әлі ұмытқан жоқ. Жиналыстарда ол аудан мен облыс басшыларына аптасына бір рет дүкендер мен базарларды аралауды, баға тұрақтылығын бақылауды тапсыратын, бәрін айту мүмкін емес. Қызылордада басшылық еткен жылдары халықтың рухани дамуына мән беріп, барлық аудан мен қаладан жыраулар мектебін ашқызды. Ол кезде СССР-дің экспортқа шығаратын тері негізінен қаракөл терісі болғандықтан, оның сапасын арттыру үшін қой шаруашылығында СЖК-ні қолдануға тыйым салу керек дегенін ауыл шаруашылығы министрлігі қолдады. Әуелбеков өтірік ақпарға жаны қас еді, «әр 100 саулықтан 100 төл алынды» деген жалған ұран сол кезден бастап айтылмайтын болды. Еркін Нұржанұлының халыққа жасаған жақсылығы туралы барлығын айту мүмкін емес, ол халықтың есінде.

Еркін Әуелбеков Қызылорда облысының бірінші хатшысы болып 1988 жылдың маусым айына дейін істеді, сол кездегі Қазақстан басшысы Г.Колбин Әуелбековтен құтылу жолдарын қарастыра бастады. Себебі, 1986 жылы желтоқсанда Алматыда алаңға шыққан жастардың «әр ұлтты өз ұлтының жетекшілері басқарсын!» деген ұранды айтқанда жастар Әуелбеков деген фамилияны бірінші айтқан болатын. Ақыры дегеніне жетіп, «қаңғырып келген шүрегей» Колбин Еркін ағамызды СССР Жоғарғы Кеңесіндегі ұлттар мен ұлтаралық қатынастар жөніндегі комитет төрағасының орынбасарлығына ауыстыруына қол жеткізді. 1989 жылы Колбиннің орнына Н.Назарбаев келіп, төңірегіндегі М.Меңдібаев, З.Камалидинов, Қ.Сұлтанов, т.б. адамдар Әуелбековты Қазақстанға келтірмеу жағын ойластырып, сол кезде іргесі сөгіле бастаған одақтың орталығы Москвада тұрып жатқан Еркін ағамызды 1989 жылы СССР Жоғарғы Кеңесіне депутат етіп Қазақстанның атынан сайлап жіберді.

1991 жылдың соңында СССР тарап кетіп, Әуелбеков елге қайтты, бірақ оны ешкім күтпегендіктен, қызмет бере қоймады. Сол кездегі газеттер «тәуелсіздік алған Қазақстанда іскер басшы Әуелбеков неге жұмыссыз қалып отыр?» деп дабыл көтергеннен кейін ғана «президент кеңесшісі» деген лауазым берілді. Ол қызметтен бір жылдан кейін 1992 жылы зейнетке асығыс түрде жіберді. Осылайша іскер басшы тәуелсіздік алған еліне керек болмай қалды. Өмірінің соңғы жылдарын Рузаевка, қазіргі Ғ.Мүсірепов ауданындағы өзінің кіндік қаны тамған ауылы «Жанасу» совхозын басқарып, ауылды гүлдендірді, ал бұл кезде ауыл шаруашылығында жекешелендіру жүріп, халықтың маңдай терімен тапқан байлығы талан-таражға түсіп жатса, «Жанасу» совхозы одақ ыдырамағандай сол күйінде өмір сүріп жатты.

Осылайша ұлы тұлға еңбек жолын совхоз директоры болып бастап, совхоз директоры болып аяқтағаны өкінішті. 1999 жылдың 29 қаңтарында ауруханада қазақтың ертеңгі күніне алаңдап кеткен асыл азаматтың жүрегі 69 жасында тоқтады, өсиеті бойынша ауылындағы анасының қасына жерленді. Оны жұмбақ жағдайда қайтыс болды дейді, мен ол жағын білмедім. Бірақ, Әуелбековтың денсаулығы мықты болғанын білемін, ол жиналыстарда «жаяу жүріңдер, сол кезде халықтың жағдайын білесіңдер және денсаулықтарың да жақсарады. Мен жаяу жүргендіктен 10 жылдан бері салмағыма 100 грамм да салмақ қосқан жоқпын» дейтін. Еркін ағамыз, зайыбының сөзіне қарағанда, адам болып ауырып көрмеген екен. Мүмкін 95 жасына аман-есен жетер ме еді?

Еркін Нұржанұлы президент болғанда, басқаша өмір сүретінімізді ойлағанда, өзекті өкініш өртейді. Еркін ағамыздың құдай қосқан жары Күлше Оспанқызы мынадай естелік жазып кеткен болатын. «Ерекең қарапайым өмір кешті. Дүние-мүлік, байлық, ақша дегенге қызыққан жоқ. Қандай қызметте болса да, өзін ел-жұрттан бөлек және оқшау ұстауға тырыспады. «Бірінші басшының ары таза болмаса, онда құрығаны. Оны ел сыйламайды, ісі ешқашан оңбайды, ілгері баспайды. Егер біреу-міреулерден осылай да осылай Әуелбековтың әйелі бір жерден бір затты алыпты немесе бір шаруаға араласыпты дегенді естісем, қиын болады. Сол күні ажырасамын!» деп айтып отыратын. Елдің алдында жүзіміз жарқын, арымыз таза болсын дейтін».

Бақытжан  АБДУЛ-ТҮМЕНБАЙ,

тарихшы,

Қазақстан  Журналистер  Одағының  мүшесі.

Қазалы  ауданы

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: