Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Азамат жолы – ар жолы

16.09.2023, 11:00 692

HALYQLINE.KZ

Расул Есеновтың Қарағанды қаласында оқып жүріп, демалысқа келгендегі әңгімесі еді.

«Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары елге үлкен қиындықтар алып келді. Өндірістер тоқтап, егіншілер егін еге алмай, жұмыссыздық бел алып, аумалы-төкпелі уақыт басталды. Дүкен сөрелері бос қалды. Бюджеттегі қызметкерлер, зейнеткерлер алты айлап айлық, зейнетақы ала алмады. Пысықтары амал жоқтан дорба арқалап, сауда жасап кетті. Каникулда үйге келсем, әкем де, шешем де абыржып отыр. Сенсеңіздер, басқаны айтпағанда, үйде күнделікті тамаққа қататын май да бірде болып, бірде болмай қалатын жағдайда. Оңаша отырып, қатты қынжылғаннан көзіме жас келді. Бұл біздің ғана отбасымызда болып жатқан жағдай емес. Сондықтан күнкөрістің түзелетін жолын іздеу керек. Үйге салмақ түсірмей Қарағандыға кетіп қалдым. Табыс тауып күн көретін бірге оқып жүрген балалардан серік іздеп. Сол балалармен бірге талай жерде жалданып, қара жұмыстар істедік. Сыра зауытынан арзанға сыра (пиво) алып, қаланың шет аумақтарындағы дәмхана, дүкендерге сеткімен өткізуді кәсіп қылдым. Сабақтан шығып, осылай күніге бес алты рет автобуспен қатынап, ақша жинай бастадым. Дәмханалардан тамақтың гарниріне ғана тапсырыс беріп, өзімді шектеп үйрендім. Осы кезде өмірдің өзі аяқ-қолың қимылдаса, аузың да қимылдайтынын түсіндірді. Басқа да сауданың тиімді, табысты жолдарымен айналысып, ауылға азын-аулақ ақша салатын жағдайға жеттім. Қарағандыда оқып, жұмыс істеп жүріп, біраз кәсіпкер, спортшы жігіттермен танысып, жолдас, әріптес тауып, алғашқы капиталымды жинадым» деген еді.

Одан әрмен қарай айналысқан кәсібі, елге танымал азамат болып қалыптасып, істеген жұмыстары Тереңөзекте көз алдымызда өтті. Қыс айларында аудан орталығындағы қазіргі «Адиктің тупигінде» Қарағандының «қара алтынын» алып келіп, күні-түні таратып, оны отбасыларымен күзетіп, талай әбігерге түсіп жататын. Ол жерде қойма, таразы, ық та жоқ еді. Көмір іздеген балалар көзді ала бере шелекпен ұрлайды. Осылай көмір саудасын қыздырып, Расул талай үйге қызу сыйлады. Қолы өте ашық, адам жатырқамайтын қайсар мінезді жігіт еді. Оған костюм-шалбар киіп, галстук тағып жүру – азап. Еркін, қарапайым киінгенді жақсы көретін. Бірде аудан әкімінің қабылдауына «трикомен» барып, әкім қуып шығып, қызық болған. Алғашқыда жиналыстарда сөйлеуден қашатын, сөзін жазып беріп қайта-қайта дайындап, сүзгіден өткізетінбіз. Кейін төселіп, сөйлегенде майын тамызып, бізді үйретуге шықты. Кәсібін кеңейтіп, күріш зауыттарын салып, құрылыс, сауда орталықтарын ашып жатса да, мекемесінің атын өзгертпеді. Сол «Угольсбыть» болып қалды. Меніңше, алғашқы нан тауып табыс әкелген кәсібі болған соң шығар.

Аудандық, облыстық мәслихатқа бірнеше рет депутат болды. Ірі-ірі жобалармен ел игілігі үшін жұмыс атқарды. Аудандағы «Аманат» партиясы қоғамдық қабылдауының ең бірінші ауқымды демеушісі болды. Талай отбасына қайырымдылық жасады. Асармен канал қазып, көпір, жол салуға көмегін аямады.

Бірде оқу бітіріп келген ауыл баласы маған: «Аға, шешемнің басына қымбат ота жасалуы керек еді, қарызға қаражат таба алмай жүрмін» деген соң Расулға жолықтырғанмын. Ол жас жігітке «Анаңа ем болуға себеп болсын» деп біз ұстамаған қомақты қаражатты бере салды. Ол жігіттің қазір шешесі аман, өзі ауданда қызмет жасап жүр. Мен білетін қаншама адамға жақсылық жасады. Білмейтінім қанша. Қазақта «Арманға ажал күледі» дейді. Алланың қолындағы іс шығар. Өкініштісі, ел үшін еңбек етіп, арман-мақсаттарының шыңына жетіп, балалары мен немерелерінің қызығын көретін шақта Расул інімнің, досымның «өмірдегі асығыс жүрісіндей» қырық тоғыз мүшел жасында өмірден озуы Сырдария ауданының халқына үлкен өкініш әкелді.

Ол жас та болса мұқтажға, әлсізге, жалғызға, жолаушыға, ағайын-бауырға, әке-анасына қамқор, әріптес досқа өнеге, нағыз «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» болып кетті. Адамды жақын тұтып аңқылдап келіп құшақтағанда қойнына талай адам сыйып кететін. Осындай арда азаматтың өмірден озғанына да жыл болып қалды. Жатқан жері жарық, топырағы торқа, жаны жәннатта болсын.

Марат  ОМАРОВ,

Сырдария  ауданы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: