Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мылтықпен желінген ас

05.10.2020, 17:35 659

HALYQLINE.KZ

Әңгіме

Біздің ауылда Дәупек атты көкеміз өмір сүрді. Өзі де Дәупек десе, Дәупек. Салмағы нарға жүк болатындай аса алып тұлғалы адам. Шын есімін көп адам біле бермейді. Тіпті, атасының тура көшірмесіндей құлағы қалқиған, бойы сырықтай Асхат деген немересін мектепте мұғалімдері тақтаға «Дәупеков» деп шақырады екен. Дәупекпен жезделі-балдыз болып келетін менің әкем Асхатты көргенде «ойпырмай, балықтың шабағы да біріне-бірі осыншалықты ұқсамас, қанының асылын қарашы!» деп басын шайқайды…

Дәупектің жас кезінде ауылға ел аралап жүрген цирктің әртістері келіп, өнерлерін көрсетіпті. Шалғай ауылда мұндай тамаша күнде бола бере ме? Ескі клубқа ауылдың тайлы-тұяғы қалмай жиналады. Цирк бағдарламасының ішінде зілмауырдай кір тасын (гир) жоғары лақтырып, жерге түсірмей қағып алып өнер көрсететін номер болса керек. Жұрттың қошеметіне масайраған цирк басқарушысы көрсетілім арасында «залда осы кір тасын орнынан қозғалтуға шамам жетеді дейтін кісі бар ма? Егер, олай жасаса, жүлдеге 100 сом тігемін!» деп жар салыпты. Шамасы, бұған дейін қаншама жерде осындай ұсыныс жасағанымен, кір тасын бағындырар адам кездеспесе керек. Кеңес өкіметі кезіндегі өлшеммен жүз сом бақандай бір айдың жалақысы.

Кенет… Топты жарып Дәупек ортаға шығыпты. Цирк палуаны әскерден жуырда оралған (ағамыз әскери әуе күштері, яғни десант сапында болған) қапсағай денелі Дәупекті қомсынып, мұртынан күліпті. Бірақ… Көп ұзамай күлкісіне шашалып қалыпты… Арқаланып алған Дәукең кір тасын ұршықша үйіріпті. Екі қолға алма-кезек ойнатып, біршама қақпақылдаған соң бір бұрышқа қарай шыңылата лақтырғанда шағын клубтың қабырғасы солқ ете түсіпті. Қаны тасыған Дәупек өзіне үрке қарап тұрған апайтөс цирк палуанына «кел, күш сынасайық!» деп тап беріпті…

Дәупектің қайратына риза болған цирк басқарушысы уәдесінде тұрып, жүлдесін қолына ұстатыпты. Өзін циркке жұмысқа шақырып, ұзақ жалыныпты. Алайда қарт анасын жалғыз тастап кетуге қимаған Дәупек көзі жәудіреп ауылда қала береді…

Қаншама алып күштің иесі болғанымен, Дәупек сау кезінде жан баласына соқтығуды білмейді. Ал ішімдік ішсе… Абзалы көзіне түспеуге тырысқаныңыз жөн. Қас-қабағы жауатын бұлттай түнеріп, қаңтарда жараған бураша күркірегенде кімнің болса да зәре-құты қашады. Мұндай кезде оған қолданар жалғыз амал бар. Білдірмей анасын шақырып келіңіз… Маңына адам жолатпай, ұрынарға қара таппай жүрген таудай неме анасы Рахияның қарасы көрінгеннен басын ішіне тығып, моп-момақан күйге түседі. Бойы ұлының кеудесіне жетпейтін томаршадай кемпірдің тілі мұндай ащы болар ма?!

«Ит жиіркенетін шайтанның кіші дәретін ішкен аузыңның ішіне ғана… Осы жуындыны итаяққа құйып көр! Ит екеш ит те иіскеп-иіскеп тұра қашады…» деп бажылдап, ауылды басына көшіреді. Құр айғай салып қойса жақсы ғой, қолындағы жүн сабайтын жыңғыл таяқпен бір өзі он жігітке әл бермейтін ұлын қуалап жүріп соғады. Дәукең болса анасының алдына түсіп алып, үйіне қарай безе жөнеледі. Бітті… Мастығы тарағанша оған үйден шығу жоқ.

Алла тілегін берді ме, Рахия апаға жайлы мінезді келін жолықты.Төсегі құтты болып, қарасирақтарды үйректің балапанынша шүпірлетіп, бірінен соң бірін дүниеге әкелді. Өзі кіндіктен жалқы Дәупек бұған жүрегі жарылардай қуанды. Қуанғаны соншалықты, арақпен біржолата қош айтысты. Ал біршама жылдан соң Рахия апа дүниеден озды. Көз жұмар сәтте келіні мен баласын жанына шақырып алып, араздасқан. Егіліп жылап отырған келініне жанарын қадап «жалғызым әуелі Аллаға, сонан соң өзіңе аманат..!» деп үзіп-үзіп, әлсіз үнмен сыбырлай беріп, үзіліп кетті. Сондағы орда бұзар отыз жастан мол асқан алыптың жас сәбише еңірегенін көрсең. Елсіз аралда жападан-жалғыз қалғандай ұзақ егілді.

Арада бірнеше жыл өткенде Дәупек отбасымен көрші ауылға қоныс аударды. Аңқылдаған азаматты ауылдастары қимай шығарып салды. Осындай күндердің бірінде Дәупектің құрдасы бастаған ауылдың бірнеше жігіті жол-жөнекей үйіне соғады. Жаңа ортаға көндіге алмай жүрген көкеміз ауылдастарының іздеп келгеніне қатты қуанады. Жеңгей жылдамдатып дастарқан жайып, бірнеше шөлмек арақты ортаға қояды. «Шығасыға иесі басшы» дегенді естіген шығарсыз?!. Арақ құйылып, тілек айтылады. Осы мезетте Дәупектің құрдасы «Ас иесімен тәтті». Өзіңде іш!» деп қинайды. Оған өзгелері қосылады. Дәупек бұл пәлені көптен бері татып алмағанын айтып, азарда-безер болады. Қыр ізінен қалмаған құрдасы ақыр соңында «Балалардың аман болуы үшін ал!» деп салады. Бауыр еті перзенттерін айтқанда кім шыдасын?! Дәупек шүпілдете құйған қырлы стақанды тамшы қалдырмай тартып жібереді. Алғашқысы кеткен соң қалғандары да ізін табады. Отырыс қызады.

Далаға шығып кеткен Дәупектің біршама уақыттан соң қолы қан-қан, білегін сыбанған қалпы келгенін көргенде қонақтары тілсіз қалыпты. Сөйтсе… Дастарқаншыл Дәупек қорасындағы үш-төрт қойдың бірін сойдырып, қазанға салдырып қойған екен. Мұны естіген қонақтар уақыттың кеш болып кеткенін алға тартып, үй иесінен қайтуға рұқсат сұрайды. Ақ адал малын сойып қойған Дәупек бұған қалай келіссін?! Әрі жалынады, бері жалынады. Қонақтар илікпейді. Қауқылдаса орындарынан тұрып, тарауға бет бұрады. Осы кезде ауызғы бөлмеге кіріп кеткен Дәупек қолына қос ауызды мылтығын ұстап, табалдырықтың жанына тұра қалыпты. Бәрінің көздерінше қос ауыздың ұңғысына қос патронды салып, шүріппесін қайырып тұрып:

– Кәне, қайсысың қайтамын деп тұрған?» – деп ақырады.

Бәсе, кім қайтқысы келіп жүрген?! Жандары мұрындарының ұшына келген қонақтар төргі бөлмеге дүрліге қашыпты. Дастарқан басына жапа-тармағай жайғасып, таң атқанша қонақ болады. Былқып піскен қойдың семіз етін жеп отырып, иығында мылтығы бар Дәупекке көздерінің астымен ұрлана қарап қояды деседі… Сол оқиғадан соң Дәупектің үйіне ауылдастары көпке дейін қонақ болмағанға ұқсайды…

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Көрнекі сурет

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: