HALYQLINE.KZ Қанатынан қан тамшылаған көгершінді жабайы мысық жұлмалай бастағанда бойымда әлсіз ғана қарсылық оянды. Қарды нығыздап, шұбарды көздедім. Дөңгелек пішінде жұмырланған қар ашыққан шұбарға соққы болып дарымады. Арқа жақтауы сынған орындықтың тақтайын шегесінен босатып алмақ болып жанталастым. Басын шайқаған бұжыр беттің тұңғиық қара көздерінің кінәлағанын жаратпадым.
– Тіліңіз байланып қалған ба?
Бейтаныс жігіттің үнсіздігі шаршаған жүйкемнің тамырларын құрсаулаған.
– Әлде тіліңіз жоқ па?
Сүйкімді жымиды.
– Жабайылыққа көз жұма қараған адамның мейірімділігі жүрегімде жиіркеніш сезімін туғызады.
Күрсінді.
– Жаралы қанат пен аштықтың қарым-қатынасы ешқандай формулаға негіз бола алмайды…
Бейтаныстың тәкаппарлығы ызамды келтірді.
– Аузыңызға құм құйып алғансыз ба?
Бұралқы мысықтың басын мыжғылап тастау үшін тас іздедім. Жер жасырмағанды қар жасырған. Бар күшімді жинап, биік темір өкшелі етігіммен шұбарды бүйірінен тептім. Оң аяғымды қайта көтере бергенде құлағым шуылдап, бойымды тіктей алмай құладым. Жарық әлемнің сұлулығын бағалай алмағанмен, жалған өмірді қимайтын жанарымда қорқыныш ойнаған. Жұмылған көздерімді алақаныммен жасырдым. Ашығып ашынған, қорланып қорғанған мысықтың тырнақтары мойнымды тілгілегенін үрей мен үмітсіздік араласқан сезіммен сездім.
***
Шұбардың мойнының үзілгенін көзіммен көрмесем де, өлімсірей шыққан жағымсыз даусы құлағымда қалып қойды. Жабайы мысықтың жемтігіне айналған жаралы құс түгілі, өзімді қорғай алмайтыныма қорландым.
Мақұлықтың түйсігін өзгертпек болған жабайы әрекетімді кешірген ол шашымды үнсіз сипады. Мысыққа қиянат жасап, өзін кешіре алмай тұрғанын саусақтарының дірілінен аңғардым.
Сұлулығын мақтан тұтатын ақын жігіттің сезімін қабылдамаған «Мендігім» бұжыр беттің шашымнан сипауына қарсылық білдірмеді.
– Өзім алғаш рет сүйген жігіт те шашымнан сипаған емес.
Ол жауап қатпады.
Бейтаныстың: – «Қап-қара шашыңның жұпар иісі еліктіріп барады» деген сөзін естігім келген.
Қаракөк түсті мойынорағышын мойныма нәзік қимылмен орап, мұңлы жымиды. Сүйкімді. Жанарындағы жылылық жанымды жылытты.
– Сұлулыққа оранған бетперденің жасандылығын шынайылықпен алмастыру үшін қанша жыл, қанша ғасыр керек? Жасандылық – сұлулықтың жазасы, – дедім.
–?..
– Жиіркенішті.
Оның жан дүниесіндегі аласұру мен мағынасыздықты көзінен көргім келмей, жанарымды алып қаштым.
– Мойынорағышыңнан иіссудың жағымды исі шығады, – деп зорлана жымидым.
Ол үлкен тістерін ақситып, күлімсіреді.
Бір қызығы: мойынорағыштан шыққан күлімсі иістен сезімім жиіркенбеді.
– Табиғатына тән емес актерлік образбен өмір сүретін ақынды ұмытқым келеді. Оны «сүйдім» деп өзімді алдап, санамды адастырыппын. Соңында ақыл-ойыма бағынбайтын түйсігім жеңді.
–?..
– Жүрегім бір кезде өзіне ес-түссіз ғашық еткен адамнан жиіркенеді. Оны ұмытсам да, санамда сағызша созылып, тамшыдай тырсылдаған ойлардан жынданып кете жаздаймын. Күн сайын ұйқысыздықпен таңды атырам. Көзімді жұмсам, саябақта доп теуіп жүрген қара бала жылап, қолдарын сұрайды. Күнде қайталанатын түсімнен шошып оянам. Көзімді жұмуға жүрексінем. Оны соңғы рет жазда автобус аялдамасынан көрдім.
–?..
– Неге үндемейсіз? Екі қолы шынтағынан жоқ бозбаланың алдында менің не кінәм бар? Құдай аямаған пендені бақытты етуге екі аяқты пенденің қауқары жетпейді.
–?..
– Жақсы жаза алмасам, қолдарымның алдында жазықтымын.
Аппақ қарды уысында мыжғылаған бейтаныстың үнсіздігі өшпенділігімді оятты.
– Жүйкесі шаршаған адамның сандырағын тыңдап отырған, ақымақ, кереңсің бе? -– деп айқайлап жібердім.
Мысқылдап күлкім келген, бірақ езуіме күлкі үйірілмеді. Оның көзінен аққан жас жүрегіме тамды. Жігіт мылқау еді.
– Жыламашы… жылама! Сен пендешілігі көп пенделер секілді құлағыңмен емес, жүрегіңмен естисің. Бәлкім, сенің даусыңды мен ести алмай тұрған шығармын. Даусымды айналамдағы адамдар естімейтін болған соң, өз жүрегімнің үнін ғана тыңдайтын болғам.
***
Аппақ қарды қанмен бояған көгершіннің қып-қызыл қауырсындары әр жерде шашылып жатты. Әп-сәтте қызылға айналған қауырсындардан өзінің ақ түсін іздеп, шарқ ұрдым. Қанатынан айрылған қанаттылар ит пен құстың жеміне айналады. Ақыл-ойдың иелері ше?
Ол әуелде жерге қонақтағанына үш күн болған қарды күректей қолымен аршып, мұз боп қатқан жерді тырнағымен тырналады. Әудем жерде жатқан босаған бөтелкені сындырып, шынымен жерді тырмалады. Асқан өлермендікпен қарыстай жер қазып, көгершіннің қауырсындарын жасырды. Тырнақтарының арасындағы кірден именіп, бүгежектеген оны ұялтқым келмей:
– Көгершін көмілген жерге шие ағашы өсіп шығады. Жазда шие жеуге келем. Сіз де келіңіз, – дедім. – Әлде сіздің құлпынай жегіңіз келе ме?
Түсінбесе де, жымиып, басын изеді.
– Қанға боялған аппақ қауырсындардың қып-қызыл шиеге айналғанын күтпеймін. Құлпынайды да көрші орыс әжейден сатып алып жеймін. Жер-ана ақ көрпесін жамылған мылқау түнде жүрегіңіз мұңлы бір әуенді естісе, осы жерге келіңіз. Сиқырлы ағаш әлемді жарық құшағында тербеп, жаңғағын төгеді. Сол сиқырлы жаңғақты жеген адам барлық қайғы-қасіретін ұмытып, тірілер әлемінде мұңсыз тірлік кешеді.
Оның жанарындағы үмітті үрлегім келіп, «ертегі» айтып отырған өзіме де қиял қанатындағы өмір ұнаған. Оның естімейтінін білсем де, тоқтамай сөйлей бердім, сөйлей бердім.
– Көршіміз жалғызбасты кемпірдің ескі тоқал тамын үлкен жаңғақ ағашының жапырақтары жауып тұратын. Қыдырымпаз кемпір үйінен шыққанда биік ағаштың үстіне өрмелеп шығып, сәбидің жұдырығындай көкпеңбек, піспеген жаңғақтарды етегіме толтырып, үйге тасимын. Әжем де «обал емес пе?» демейді. Сандық пен кебеженің астына тастаймын. Кепсін деп. Әжем ұқыптылықпен кепкен жаңғақты қалтаға салып жинады. Төркіндеп келген қыздарына өзі тіккен гүлді шүберек қалтаға салып, көтертіп жібереді.
Көрші кемпір біздің үйдегі түскі шай үстінде: – Жаңғағымның түйнектеріне қарап, «берекесін берсе, сатып, қой алып, шалдың қайтқан күнінде құрбандық шалып, құран оқытам» деп ойлағам. Екі уысымды ғана толтырған жаңғаққа тауық емес, шөже де айырбастап ала алмаған жайым бар, – деп кемсеңдегенде онымен қосылып, жылап жібере жаздадым.
Көршісінің қорасында көктем сайын қой қоздап, сиыр бұзаулайтынын білетін әжем сараң кемпірге жаратпай қарап, науатын уатып, шайын сораптады.
Кемпір: – Жаңғағың жақсы екен. Менің жаңғағымның дәмін еске түсіреді, – деп бір уыс жаңғақты камзолының қалтасына салып алды.
– Ұқсағаны несі? Жеп отырғаның өзіңнің жаңғағың ғой, – деп әжем кемпірге бағжия қарады.
Қозғалақтап, жаным шығып барады.
– Ә-әже…
– Әй, тыныш отыршы, – деп әжем ашулы зірк етті. – «Жаңғақ болған соң, бір-біріне ұқсамай ма» деп айтам деп отырып, сөзден жаңылысып кетіппін, тәйірі. Енді маған өл дейсің бе?
Әжем екеуміздің ұрлығымыз ашылып, қазымыр кемпірдің жаңғағының өтеуіне қоңыр жетім қозыны беріп құтылғанбыз. Әжем: «Жазымен біздің үйдің айран-сүтін ішіп шығатын қақпастан қыста сиыры бұзаулағанда бір қасық та сүт сұрап, ала алмайсың. Әуелімде екі келі жаңғағына ақ бұзауды сұрады емес пе? Әй, бұл қу басқа дүние неге керек? Сылтықбай қайнымның саудагер баласы мектеп секілді үй салыпты. (Әжем Мылтықбай атамның бизнесмен баласының өзен жағасына салған қос қабатты үйін айтады) Дүниеқоңыз кемпір арғы дүниеде өзіне сондай үй тұрғызбақ па?» деп біразға дейін күңкілдеп жүрді.
Мылқау жігіт менің әжем туралы әңгімемді естімесе де, естіген түр танытып отыр. Қиял қанатынан қарғып, өмірдің шындығын сезінген санамдағы серпіліс бейтаныстың күлімсіреп, жанарымен еркелеткенін жаратпады.
– Байғұс, саған деген аяушылық сезімім ешқашан оянбайды. Сені ешкім аяуға тиіс емес.
Ол сұр күртешесінің кір шалған жағасын көтеріп, ернін тістеледі. Саусақтарым бөтен алақанның жылуын сезінді.
– Сенің үнсіздігің тәкаппар табиғаттың өзін де сөйлетеді, – дедім әп-сәтте жуасып.
Жасандылығымды табиғи болмысымен қабылдаған шынайылықты жаратылысым жатырқаған.
Мылқау жігіт бір сәтке ғана нәзік жүрегімнің қылын шерткен өзінің мұңлы үнсіздігімен арамызда қамал орнағанын түйсігімен сезді. Оның мұңлы жанары алысқа үмітсіз көз тікті.
– Қош болыңыз! – дедім.
Оның естімейтінін білсем де, бар даусыммен «Біз енді ешқашан кездеспейміз» деп айғай салдым. Қасымыздан жаяу жүргіншілер үрке әрі таңырқай өтіп жатты…
Аягүл МАНТАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!