Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

30.04.2020, 10:22 815

Ерғали   АБДУЛЛА

Сыйға   –  сый…

Оны жақсы көреді. Сыбағасын алып қояды. Өйткені айналадағы ыбыр-жыбырды, қитық-ситықты қылау шығармай, ақысыз-пұлсыз  жеткізіп  тұруды ешкімнен сұрамай-ақ  мойнына  алған…

Үшеу

Үшеуі – үш тараптың адамдары. Үш қайнаса  сорпалары  қосылмайды. Бірақ бүгін үшеуі табысып, ауыздары жабысып, көктелген көрпедей қабысып қалыпты. Оларды табыстыра қалған не екен десем, үшеуінің сүдінсіз сүмелектіктері  екен…

Зор  талаптың  егасы

Анау-мынау кісімен дұрыстап амандасуға да батылы жетпейді. Алайда болмашыға бұрқылдап, өз-өзімен  томпылдап  басқаларды­ басқарудан  да  зор  дәмесі  бар.

Дәмем  бар  еді

Мықтылардың қасынан қазан жүрек, қара нарларды көрсем дегенмін. Су борбай, сума­қай­  сыптығырларды  көріп  қайттым…

Нағыз  өмір

Кейбіреулерге өз жүрегі қалаған шуақты өмір өзі қызметінен босап, тақымы аттан түскен соң басталады… Бірақ осы нағыз өміріне уақыттың аз қалатыны өкінішті-ақ…

Жара  жұлғыш

Жаныңның қотырланған жарасының қабығын көргенде көзі жайнаңдап, жағы шайнаңд­ап  кететіндер  бар.

Кітапсыз

Білімнің кітапта екенін ұғынбай-ақ білім баспалдақтарымен  өрлеп  барады?!

Бала-бажыр

Өзіңнің жасың ұлғайған сайын айналаңдағы жұрттың бәрі жасарып, бала-бажыр боп кеткен сияқты көрінеді де тұрады.

Өтіп  болмас

Өтпелі кезең десең де, өтіп болмайтыны қиын-ақ…

Өзгерістер

Әр адам дүниеден өткен сайын жер бетінде­ бос кеңістіктер пайда болып, мысқалдай болса­ да өзгерістер орын алады.

Қанатты  ой

Біз ойды үнемі жаяу-жалпылап қуамыз да жүреміз. Ал ойдың шарықтар қанаты бар. Қалықтаған қанатты ой жалпылдаған жаяуға жеткізер ме?!

Балақтан  алған

Бір шәутік пен бір гәупік балаққа жармасып, ақситып тістерін көрсетті. Таныс тістер сияқты. Сарғайған, сарсық иіс шығады…

Өкініш

Бір топтың жетегінде кеткен айтыстан бір халықтың үнін күтіп жүрген сорқасқалар-ай…

Қыздырғыш

Көп ақша құйрығыңды қыздырып, жерге тигізбейді.

Аты  бар

Менің оймақтай-оймақтай ойларымның дүниеге келген соң, маңдай тұсына жазылып қойған аты бар.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: