Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

23.04.2020, 10:46 838

Ерғали   АБДУЛЛА

«Ақын»

«Ұялмаған өлеңші болады» деген даналықты баршаға қапысыз дәлелдеп, көзін әбден-ақ  жетудей-ақ  жеткізген  ақын…

Құр   даңғыра

Өзге тілді білу – білімнің шыңы деп дабыл қағып, даңғыра ұрып жүрген білімпаздардың жаңғырығы  жер  жарады…

«Мүсіндер»

Қазықтай қақиған, қабақтары түксиген, танаулары талпиған, ұрттары салпиған, сыр бермей сіресе, иін тіресе қаптаған көп мүсін…

Заңдылық

Ортақол ақындар төрелік ететін мүшәй­рада ортақол жастар ғана жеңімпаз атанатыны – жазылмаған  заңдылық…

Азу   тіс

Қадіріңді білмейтін ортада қартайсаң, жас арамзалардың азу тісінің санын білесің…

«Қызықтың   көкесі»

Араны ашылып, бетімен кеткен жем­қорларға қарсы жойқын күресті жұтқын жемқор­лардың өздері ашып, біз көрмеген қызықтың  көкесі  боп  тұр.

Тоңмойын

Тәубесінен  жаңылған  тоңмойыннан  тоба  күтпе!

Мақтаған   қыз…

Мақтаулы қыз болды. Озат оқыды. Үздік атанды. Оқуды қызыл дипломмен бітірді. Ағылшынша ағып тұр.

Бүгінде сиырдай қыз. Жасы қырыққа таянды.­ Көн етіктіні менсінбейді, көк етіктіні жолықтырмады. Қатқан төсі қайқиып жүр. Сылап-сипағаны, балбыратып баптағаны – беті… Кезінде мен де мақтағанмын, енді мақтауға  тілім  бармайды.

Атақ  пен  даңқ

Атақты сұрап алуға да болады, «жылап» алуға да болады, қорқытып алуға да болады, үркітіп алуға да болады. Ал даңқ бұлтаққа көнбейді. Ол – айнымас қызметтің шектік нәтижесі.

Пайдалы  «аштық»

Өмірдің қызығына бір тоймай ашқарын бол да жүре бер.

«Ер»

Батылдығы жетпегенімен де, қатындығы жетеді…

Іздеу

Өмірде өз-өзін іздеп тапқандар аз. Өйткені бұл іздеудің жолы тым-тым бұралаң-ақ…

Қандаймыз?

(Әлеуметтік  желідегі  сұрақ)

«Қандай халықпыз?» деп сұрақ қойыпты. Бас ауыртатын дәнеңесі де жоқ, әрқайсысымыз не ойлап, нені армандап, не істеп жүр­генімізді  жазсақ, қандай  екеніміз  шығады да қояды.

Міндар

Сақал проблемасын шешсем, иман проб­лем­асын  шештім  деп, айналасынан мін тауып­  отыратын  диуана.

Жалғыз  сөз

Арам жеген лақа ауыздан «алам» деген сөзден басқа сөз шықпайды.

Күні  өткен

Өзінің сасық қулығы, сұмырай сұрқылдығы бар  шалапай  бастық…

Сонда  көрерсің

«Шалдар, шалдар ғой…» деп бір күні шалдардан да құтыларсың. Ал шалдардың орнына бұты сыпсиған, қабағы тырсиған, я шал емес, я бала емес бір балықкөздер келсе не істейсің?!

Жастарды   жалтақтатқан

Қутыңдайды, шалқақтайды, қыржыңдайды, қалжыңдайды, одыраңдайды, қодыраңдайды… Бұл шалдарға қарап жастар жалтақтап  отыр…

Жаңа  деңгей

Пышылдап өсек айту жаңа деңгейге көтеріліпті. Жолда қалған қатындар сандарын шымшып, төбелерін ұрғылап отыр: төбедегілер озып кетіпті…

Сарқыншақ

Алғашқы орақ түсірілетін күні әкімді егістікте­ екі сағат күтіп, келген соң екі сағат­тық­  жиналыс  жасап  жіберілді. Сарқыншақтар  сарқылып  болмайды  екен-ау…

Бек   сенім

Өз ақылым өзіме, біреуге айтар ақылым жоқ.

(Басы  өткен  сандарда.  Жалғасы  бар.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: