Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

16.04.2020, 10:14 567

Ерғали   АБДУЛЛА

Басқа-басқа

Халықтың бағасы бір басқа, биліктің бағасы бір басқа. Не істерін білмей екі ортада күмілжіп жүр БАҚ қасқа!

Достар… достар…

«Достар… достар…» деп жылап тұрып әндеткім келеді. Өйткені мені бір досымнан бір досым жанын салып жүріп айырып жіберді…

Көшіргіш

Жақсы-жақсы талаптарды өркендетіп өсіріп жүрген жоқ, қатып-семген қағаздарды қайта-қайта  көшіріп  жүр…

Бір   семіздің   уәжі

«Манағы тамақ тамақ болмады, манағы шай шай болмады…».

Құр  көбік

Көп екен десем, көбік екен.

Сор  мен  бақ

Жетпес дүниені жырымшыласаң да жетпейді, кетпес дүниені тепкілесең де кетпейді…

Алды   мен   арты

Біреудің артына қарама, өзіңнің алдыңа қара!

Өмір-ай, өмір!

Жүзінен нұры тамып тұрған қандай сұлу қыз еді, ой, шіркін! Ажары атқан таңдай, былқылдаған келіншек еді, түһ, шіркін! Сылқымдаған сылқым, қасабалы әйел еді, ой, шіркін!

…Бетіне ойдай-ойдай қыртыс түсіп, жүрісі маймаңдап, көзі суланып қартая, қалжырай бастап­ты…

Өскін

Қызметі үлкейіп өсіп еді, көзі бақырайып, танауы тапырайып өзінен үлкендерге сәлем бермейті­н боп тілі түбінен тартылып қалды…

Мезгілі   келгенде

Мезгіл-шағы тақап, дер уақыты келгенде, түрлі-түрлі бетперделер өзінен-өзі ашыла бастайды.­

Сондайы   бар

Данышпандық ішіңді жарып тұрса да, «жұрт  мені тыңдамайды» деп қиқарланба, қитықпа. Әуселесі  белгілі  жұрт  әдетте  данышпандардың  сөзіне  емес, даласуандардың  сөзіне  құлақ қояды.

Ұқсатқыш-ақ

Біздікілер елден асқан сұлу қыз, сымбатты жігіт көрсе, бір сұқтана қарап алып «өзбекке ұқсайды екен», «ұйғырдан аумайды-ау, аумайды», «орыс сияқты», «кәрістің қыздарындай…» деп соғады. Қазақ қазаққа ұқсауға болмай­тындай. Соған қарап, қазақтың өзінде бұрын сұлу  адам  болмаған  ба  деп  те  қаласың…

Риясыз  алғыс

Қуанышың қойын-қонышыңа сыймай, балақ-жеңіңнен сауылдап төгіліп, шашылып жүрсін!

Жаңаша   толқын

Бүгінде танымал жазушылар елдің ішінен емес, үлкен кабинеттердің ішінен ғана шыға бастады.

Ұятсыздыққа   жол

Қандай  да  бір  қолайсыздықтардан өз-өзіңді  ақтап алатын ішкі  адвокатыңның  күшті болғаны­  қандай  жақсы! Бірақ  осы  жақсылық көп­ке ұласа берсе, ұятсыздықтың есігін аштырады..­.

Батасыздар

Кім-кім де сыдыртып тест тапсырып, тезден өтіп директор болғысы келмейді дейсің?! Әкім әкеңдей елжіреп «ақ батасын» бермеген соң не қайыр?!

Айтылмас   арман

– Мынау біздің бәйбіше-м-і-з… – деп, қопалақ, кәртеміш әйелін сыздықтата таныстыра бастаған жігіт ағасының марғаулау ләмінің арғы бір жағында адам баласына ашып айта алмай, көңілінде буы бұрқырап пісіп жүрген әдемі арманы бар екені сезіліп тұрады.

Тілеу

Бай болсаң, бай бол! Бір жыртыққа, бір жамауғ­а  сай  бол!

«Мінсіз»

Сұлулығынан мін таппайсың, жылулы­ғы­нан  дым  таппайсың.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: