Ерғали АБДУЛЛА
Селт етпейді
Шындықты айтып өлсем дейсің! Ал сенің бұл «ажалыңнан» шылғи суайттардың қылшығы да қисаймайды.
Құдайға орын жоқ
Өз бастығын құдайдай көретін, оған тәңіріндей табынатын адамның ойы мен жүрегінде Жаратқанға орын қалмайды.
Халықтық баға
Ұзақ жылдар бойы жұрт басқарып, менмін деп басы қайқиып жүрген біреулердің бар бағасы халықтың аузындағы «парақор ғой» деген жалғыз ауыз сөзге сыйып-ақ кетіп тұр.
Аурушаң
Ыңқыл-сыңқылдан үнемі арылмай қайтеді?! Іші толған – елде жоқ пәле-матар, күйе-жала, қулық-сұмдық, шайтандық-сұқсырлық…
Әйел құпиясы
Анда-санда көз қылып қызғанатындығыңды білдіріп қоймасаң да, қызыл көз боп жүреді…
Бұл да халық
Аздап арабтанған. Аздап орыстанған. Аздап батыстанған. Аздап өзбектенген. Аздап қытайланған… Бұл халықтың да ұлы-ұлы мұраттары, ұсақ-түйек уайымдары бар…
Трагизм
Пысықтығы сұмдық еді. Етектегі басы төрге шығып, жоқтан бар болды. Кейін сол барға қолы қайта жетпей зар болды. Пысықтығы өз басын өзіне жұттырып тынды.
Кешіккен той
Пәленшенің баласы түген оқуды тауысты деп бір тойладық. Сосын шетелге білімін тереңдетуге кетті деп тағы тойладық. Әр той сайын ақылды баланы езуіміз көпіріп мақтаудан жарысқа түстік. Енді елге келіп өзімізге қызмет істесе, бір өкіртіп тойлаймыз деп дәмеленіп жүргенбіз. Жылдар өтіп кетті. Қарай-қарай мойнымыз, айта-айта жағымыз ауырып жүр. Әзір тойдан хабар жоқ…
Көкемнің мәтелі
Қақырғанның қағы – алтын, түкіргеннің түгі – алтын.
Мерекелік фотосессиялар
Бір-бір грамота құшақтап, соның тасасында екі езулері екі құлағына жетіп тұрған кімдер?
Еркектік менмендік
Әйел сұлулығына өлгенше табынатын еркекті екінші рет көріп тұрмын. Біріншiсі – өзім болатынмын.
Құл сыңай
Өзі құлақкесті құл болып алған. Енді өзгелерді де құлақкесті қыңқ етпес құл қылуға көндіруге білек сыбанып шыққан сыңай-сүдіні бар…
Қанаттылар
Тарлан – қанатты бөрі, пырақ – қанатты жылқы, құмай – қанатты ит, періште – қанатты жаратылыс, ақын – «қанатты» пенде…
Қарапайымдылық
Қарапайымдылықтан асқан сұлулық жоқ.
Мазмұнды шақ
Жеті жас пен он жеті жасыңның арасындағы өмір мазмұны мен ұзақтығы қалған бүкіл өміріңнің өтетін бөлігіне татиды екен…
Ақындар-ай, ақындар…
Болды-ау деген бір ақын арқырап, дарқырап ішіп жүр. Толды-ау деген бір ақын ақыл соғып «ісіп-пісіп» жүр. Қалды-ау деген бір ақының мүшәйрадан мүшәйраға жүлгелетіп, ебін тауып жүлделетіп жүр…
Адасқан ұл
Мынауың ақын болатын тарпаң бала емес, әкім болатын балпаң бала екен…
Насихатшылдық
Бізде күйіп, пісіп тұрған бір мәселені талқылайық деп, алқаға шақырсаң, әркім өз басын насихаттап, жел ұшырған жүндей жөн-жөніне кетеді…
Күндестік қайдан шығады?
Діндес бола алмағандар, тілдес бола алмағандар, ділдес бола алмағандар, үндес бола алмағандар, амал жоқ, көздері қылиып бір-бірімен алты бақан, ала ауыз күндес болады.
Солай болды
Алып тұтылып, беріп құтылып кетті…
Әрекет бастауы
Дүние жинауға деген көзсіз құштарлықтың өзі де кейде дүниені дүр сілкіндіретіндей үлкен әрекеттерге апарады.
Боқпан
Елін қорғаған – ер, боғын қорғаған – боқпан.
Кемдік
Барлық жағдайы бар. Том-том кітаптарын шығарған төрт құбыласы түгел жазушы. Іштен де, тыстан да алған түрлі-түрлі сыйлықтары бар. Тек іздеп жүріп оқитын оқырманы жоқ…
Әйтеуір бір түбін түсір
Түбін түсіріп жұмыс істей алмасаң да, түбірлі, дүбірлі орталарда түбін түсіріп сөйлей біл.
Қолдағыш қолбала
Төрт аяқтылар ғана төрт аяғын түгел көтеріп дауыс беріп қолдай алады.
Былқылдақшыл
Бұрын бып-былқылдақ сұлуларды, бып-былқылдақ келіншектерді көргенде мойны былқылдап қалатын, көзі жайнаңдап қалатын. Бұл күнде тіске жұмсақ былқылдақ тамақ пен былқылдақ ботқа көрсе, көзіне нұр жүгіріп, тіссіз аузы борпылдап жаны кіріп қалады.
Басқа-басқа
Халықтың бағасы бір басқа, биліктің бағасы бір басқа. Не істерін білмей екі ортада күмілжіп жүр БАҚ қасқа!
Достар… достар…
«Достар… достар…» деп жылап тұрып әндеткім келеді. Өйткені мені бір досымнан бір досым жанын салып жүріп айырып жіберді…
Көшіргіш
Жақсы-жақсы талаптарды өркендетіп өсіріп жүрген жоқ, қатып-семген қағаздарды қайта-қайта көшіріп жүр…
Бір семіздің уәжі
«Манағы тамақ тамақ болмады, манағы шай шай болмады…».
Құр көбік
Көп екен десем, көбік екен.
Сор мен бақ
Жетпес дүниені жырымшыласаң да жетпейді, кетпес дүниені тепкілесең де кетпейді…
Алды мен арты
Біреудің артына қарама, өзіңнің алдыңа қара!
Өмір-ай, өмір!
Жүзінен нұры тамып тұрған қандай сұлу қыз еді, ой, шіркін! Ажары атқан таңдай, былқылдаған келіншек еді, түһ, шіркін! Сылқымдаған сылқым, қасабалы әйел еді, ой, шіркін!
…Бетіне ойдай-ойдай қыртыс түсіп, жүрісі маймаңдап, көзі суланып қартая, қалжырай бастапты…
Өскін
Қызметі үлкейіп өсіп еді, көзі бақырайып, танауы тапырайып өзінен үлкендерге сәлем бермейтін боп тілі түбінен тартылып қалды…
Мезгілі келгенде
Мезгіл-шағы тақап, дер уақыты келгенде, түрлі-түрлі бетперделер өзінен-өзі ашыла бастайды.
Сондайы бар
Данышпандық ішіңді жарып тұрса да, «жұрт мені тыңдамайды» деп қиқарланба, қитықпа. Әуселесі белгілі жұрт әдетте данышпандардың сөзіне емес, даласуандардың сөзіне құлақ қояды.
(Басы өткен санда. Жалғасы бар.)
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!