Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

02.04.2020, 10:13 724

Ерғали   АБДУЛЛА

Бостық  пен  достық

Қалтаңның бостығы кей адамдардың сенімен достығын келте қылады.­

Үлкен

Үлкен атасының батасын алып, үлкен арманмен, үлкен үмітпен үлкен қалаға аттанып еді. Жыл айналмай үлкен қаламен, үлкен арманмен қош айтысып, үлкен үміті сарқылып, иегіне сапситып үлкен сақал қойып, ауылға қайтып келді.

Ахуал

Біздегілер тоя бастады. Сыйластықты қоя бастады.

Көрген  күн

Көрсеткішіміз – ойдой-ай дейтіндей-ақ үздік, көрген күніміз – тіртінектеген  тақ-тұқ  тірлік…

Сәйкессіздік

Кейбіреудің тепсе темір үзетін, сом балтырлы, бөренедей аяқтары қауға басының бір түкпіріндегі шөкімдей миды көтере алмай тәлтірек-тәлтірек қағып әзер жүреді.

Мұңлы   арман

Адам болып туып, адам болып өлу – мұңлы арман.

Өтпелі   кезең

Өлшемдер өзгеріп кетті. Енді адалдықты, арамдықты, адамдықты, надандықт­ы немен өлшерімізді білмей дал боп жүрміз…

Тарылған  ауқым

Бұрын өкілдер жырақтағы елге, шалғайдағы жерге шығып, өкімет шешімдерін құртқашаш жұлғандай талдап-талдап түсіндіретін. Бұл күндері өңір, аймақ мықтылары әкімдіктің тар залына қоралана кіріп алып, қаулы мен қарарларды бір-біріне сыбырлай түсіндіретін болыпты.­..

Ақшасыз

Бақыттың тек ақшада ғана емес екенін түсінгендер ғана шынайы бақытты­ң  шұғыласын  сезіне  бастайды.

Жарықтың   көзі

Жаһан дүниені жарқыратып жарық қылатындар – жақсы адамдар.

Ауыртса   да,  ем  болар

Өз орныңда отырмағаныңды, өз жолыңмен жүрмегеніңді, өз сөзіңді сөйлемегеніңді, өз бағаңды білмегеніңді білу – жүрегіңді ауыртады, жаныңд­ы  емдейді.

Ұсыныс

Мектеп директорының үстінен қарайтын мектепбасы, ауыл әкімінің үстінен қарайтын ауылбасы, аудан әкімінің үстінен қарайтын аудан­басы, облыс әкімінің үстінен қарайтын аймақбасы лауазымдарын енгізуд­і  ұсынамын…  Бір бастан екі бас әрқашанда жақсы.

Заманы   туған

Кешегі кең қолтық заманда бұл зытқыр суаяқ жұртқа жұғыса алмай шеттеп жүретін. Қазір қатарға қосылыпты-ай. Төрден төбелі орын тиісіпті. Соған қарағанда зытқырлардың заманы туып келе жатыр-ау?!

Адасқаны   қалай?

Адамзат өзі туралы, өмір сүретін ортасы туралы бәрін біле түскен сайын­ өз табиғатына жақындап емес, керісінше бірте-бірте алыстап, шығандап, адасып барады…

«Оң»   пиғыл

Жап-жақсы жігіттер жастайынан боғынан бұзылып кете ме деп, олардың­  әзірше қызметте өспей, тұра тұруын іштей тілеп жүретін де кезің  болады…

Көп   нүкте

Ойыңды қысқа-қысқа етіп жазған сайын, көп нүкте қоюды жиілете бастайсың. Өйткені айтар ойыңның көп бөлігін тұспалдап, өзің түсініп ал деуге  көшесің…

Өзгерді

«Көке» дейтін ек. «Көке» дейтін ек… Енді «Тәте» дейміз…

Бүгінгі   көрініс

Өмір жылжып озып барады. Қоғам салпақтап қадам сайын қалып барады…

Жөнделмес   жол

Өмірдің жолы ойқы-шойқы… Ол жолды мемлекет қаржы бөліп, оқтай түзу етіп жөндеп бере алмайды…

Көршінің   асы

Қылми көз көршіміз құрт-құмырсқа, бақа-шаян жейді деп бетімізді тыржитамыз. Ұшынып қалатындай тұра қашып лоқсып-лоқсып аламыз. Ал бала-шағамыз сол көршінің сідеттеген асына сілекейі шұбырып жүр, аузы су  татыған  келін-кепшік  ащы-пащысына  жерігін басып  жүр…

Жүрекке   жетпеген   сөз

Тереңнен қозғап, толғай-толғай толағайдай сөз сөйлеуі керемет! Сөзінің  бояуы  сыртына шығып таңдай қақтырып, тамсандырып тұрады.­ Бірақ сезімсіз сөйлегендіктен, әрқашан жүректерге жетпей қалып, құлақтың сыртқы қалқаншасының ішінде қалып қоя береді…

Мұрнына   қарай   іскегі

Рухсыз адам басқарған жерде рухсыздық, кем сауат адам басқарған жерде сауатсыздық, мәдениетсіз адам басқарған жерде мәдениетсіздік, жемқор адам басқарған жерде сыбайластық жайлайды, өздеріне жайлы орта  қалыптастырады.

Селт   етпейді

Шындықты айтып өлсем дейсің! Ал сенің бұл «ажалыңнан» шылғи суайттардың қылшығы да қисаймайды.

Халықтық   баға

Ұзақ жылдар бойы жұрт басқарып, менмін деп басы қайқиып жүрген біреулердің бар бағасы халықтың аузындағы «парақор ғой» деген жалғыз ауыз сөзге сиып-ақ кетіп тұр.

Құдайға   орын   жоқ

Өз бастығын құдайдай көретін, оған тәңіріндей табынатын адамның ойы мен жүрегінде Жаратқанға орын қалмайды.

Аурушаң

Ыңқыл-сыңқылдан үнемі арылмай қайтеді?! Іші толған – елде жоқ пәле-матар, күйе-жала, қулық-сұмдық, шайтандық-сұқсырлық…

Әйел  құпиясы

Анда-санда көз қылып қызғанатындығыңды білдіріп қоймасаң да, қызыл көз боп жүреді…

Бұл  да  халық

Аздап арабтанған. Аздап орыстанған. Аздап батыстанған. Аздап өзбектенген. Аздап қытайланған… Бұл халықтың да ұлы-ұлы мұраттары, ұсақ-түйек уайымдары бар…

Трагизм

Пысықтығы сұмдық еді. Етектегі басы төрге шығып, жоқтан бар болды. Кейін сол барға қолы қайта жетпей зар болды. Пысықтығы өз басын өзіне жұттырып тынды.

Кешіккен  той

Пәленшенің баласы түген оқуды тауысты деп бір тойладық. Сосын шетелге білімін тереңдетуге кетті деп тағы тойладық. Әр той сайын ақылды баланы езуіміз көпіріп мақтаудан жарысқа түстік. Енді елге келіп өзімізге қызмет істесе, бір өкіртіп тойлаймыз деп дәмеленіп жүргенбіз. Жылар өтіп кетті. Қарай-қарай мойнымыз, айта-айта жағымыз ауырып жүр. Әзір тойдан хабар жоқ…

Көкемнің  мәтелі

Қақырғанның қағы – алтын, түкіргеннің түгі – алтын.

Мерекелік  фотосессиялар

Бір-бір грамота құшақтап, соның тасасында екі езулері екі құлағына жетіп тұрған кімдер?

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: