Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

20.02.2020, 10:33 574

Ерғали  АБДУЛЛА

БЕЛГІЛІ  БЕКБИКЕ

Жаңа креслоға отырып жатып: «Бар қайратымды, бүкіл білімімді аянбай жұмсаймын» деп ант-су ішіп жатыр. Ал жұрт оның қайратсыз да білімсіз, боркемік, көкесінің сүйемелімен әзер жүрген бозымбай екенін баяғыдан біледі.

ІРГЕ  мен  ДҮРБІ

Халықтан қашықтауға болатын шығар. Бірақ осыншама іргені аулақ салу – біріңді-бірің тек дүрбімен ғана көруге мәжбүр етеді ғой…

ЖАНДАЙШАП

Көтеріліп кеткеннің көтеніне дейін мақтап, төмендеп кеткеннің төбесін тасырлатып ойнап жүр.

ПӘТІ  ЗОР

Батыл ойдың алдын ашып, жолын аршудың керегі жоқ. Ол барар жеріне өз пәтімен-ақ жетеді.­

«ҚАНАТТЫ»  АҚЫМАҚТАР

Бұрын ақымақтар төменде жүретін. Қазіргі ақымақтардың даусы жоғарыдан көп естіледі.

ӨСКІШ

Бір жылда қызметтің бес басқышын басып өткен зытқырбайды да көрдік.

МАЛАДЕС,  МАЛАДЕС

Жегіқұрттай жемқорлықтың, сұрқия сұм сыбайластықтың кесперсіз қаупі туралы бөбек­жайла­р мен мектептерде керемет, керемет флеш-мобтар, акциялар өтіп жатыр…

ШАЛА-ШАРПЫ

Бір мектепті басқарған. Одан кейін тағы бір мектепті төскерген. Одан кейін де тағы бір мек­тепт­ің төрінде отырған… Әйтеуір өмір-бақи білім саласының төрлерінде жүрудей-ақ жүрген. Осыншама жыл білім жайлауын жайлағанына қарап білімді, ілімді біреу ме десем, бір күндігін ойлаған, сасық ауыз, адыраң көз, шала-шарпы неме ғана екен…

ТОЙҒАН   СОҢ…

Жиналыстардағы сөзі бір басқа, дастарқан басындағы сөзі бір басқа… Соған қарағанда қарынға ас түскенде адамның ойы өзгеріп кетед­і-ау  деймін…

ЕКІ  СЫЙ

Өлең мен өнер – Тәңірдің сыйы, қызмет пен мансап – «көкелердің»  сыйы.

ДЕҢГЕНЕ

Кейде жылы-жұмсақ ет жейсің, кейде бедірейген  бет  жейсің.

ӘРҚАШАНДА  ДАЙЫН!

Қай қалтасын қақсаң да тастай құрттың сынығ­ы, жарты кәмпиттің жұлығы шығады… Ол кез келген уақытта, кез келген жерде тартып жіберуге дайын…

ЕҢ, ЕҢ, ЕҢ

Ең «білгіш» адамдар, ең «батыл» адамдар, ең «танымал» адамдар – әлеуметтік желіде «желін» шығарып, құйрығы тесіліп отырғандар.

ҚОС  БҰРАНДА

Әйелінің құлағын бұрай берсең болды, еркегінің­ құлағы өзінен-өзі бұралады.

СУПЕР   ТАБАНЖАЛАҒЫШ

Бала кезінде тілі сиырдың тіліндей ұзын еді. Тілім-тілім табанын жалап «өнер» көр­сетіп отыраты­н. Бүгінде үлкен-кіші демей өзінен жарты елі жоғары жүргендердің бәрінің табанын талғамастан жалап, жалмаңдап  жүр…

ШАЛ

Шал десе шал-ақ. Айналасындағыларды сөзбен шалып, түртпектеп отырмаса, отыра алмайды,­ арты удай ашиды…

БЕТ

«Мына кісі қандай кісі?» деп сұраған едім. Ол ойланбастан «Беті айтып тұрған жоқ па?!» деді. Ананың жүзіне жалт қарадым. О, Жарат­қан, қалай білмегенмін бес батпан беті айтып-ақ тұр екен ғой.

СОЛ  БАЯҒЫ

Сол баяғы адамдар… Сол баяғы адамдардың жанында жантаңдап жүргендер… Сол баяғы адамдардың жақын-жуықтары… Сол баяғы адамдардың тұқым-теберігі…

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: