Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

30.07.2020, 10:20 664

«ТЫНЫШТЫҚ»

Беймезгіл келген тым-тырыс тыныш­тықтан соң да, кейде тынышыңнан  айы­рыласың…

ӨЛЕР  ЖЕР

Сайқымазақ комигі көп ел күлкіден өледі.

ЖАУАПКЕР

Кей адам жарқырап өмір сүріп жүрген жоқ. Істеген әр әрекетінің дәлелді жауабын әйелінің алдында қамдап, жантаңдап, жаутаңдап тіршілік етіп жүр.

ОЗАТТАРДЫҢ   ОРТАСЫНДА

Марапаттарға баға белгіленіп сатыла бастағалы, көп адамның кәсіби «жетістіктерін» айтып тауыса алмайсың. Бірін айтсаң, бірі қалады. Танауын­ көкке ілген «озаттар» айналамызда сыймай жүр…

«ӨМІРБАЯН»

«Пәленінші съезге қатысты, түгенінші конференцияға қатысты, тағы бір форумға делегат болды, бірнеше мәрте жергілікті кеңестерге депутат болды» дегеннен басқа өмірбаянында дерек жоқ…

АҚСАҚАЛ  ҚАЙДА?

Анда барсаң да, мында барсаң да, сапсиған сақалды отыр. Сақалдылардың жүрмейтін жері жоқ. Лақтырған таяғың бір сүмпиген сақалдыға тиеді… Алайда екі күннің бірінде алқалы топтың алдында пәтуалы сөз айтатын­ ақсақа­л таба алмай жалтақтап жүрміз…

КҮЛКІЛЕР

Әркімнің өз күлкісі болады: мұғалімдер шүртиген аузын басып тұншығып­ күледі, салықтағылар сайысқа шығатындай құлшынып күледі, әкімдіктегілер жұтынып күледі, базардағылар құтырып күледі, қалталылар кеңкілдеп  күледі, қалтасыздар еңкілдеп күледі.

ОТЫРЫС

Жоғарыдан жаңа келген әкім ентігін басам дегенше, жан-жағындағылардың дария боп аққан жып-жылы сөздеріне шыдас бере алмай борша-борша боп отыр…

ТҰЗ  ЖИНАЛҒАН

Омыртқасына, буынына, құйымшағына тұз жиналғандарды көрдік. Енді міне, миына тұз жиналғандар пайда бола бастады.

КЕРІ  КЕТКЕН

Сақалдың құнын сақалдылар түсіріп болды.­

АДАМ – КІТАП

Адамдарды олар қандай болса да адал жүрегіңмен түсінуге тырысасың. Олардың әрқайсысы бір-бір кітап сияқты. Біреулерін тез-ақ оқып тастайсың. Әрі қарай қызықтырмайды. Біреулерін үнемі оқып және оны жақсы түсініп жүресің. Ал біреулерін қаншама қайтара үңіліп оқысаң да, еш түсінбей  басың  қатып  кетеді…

ШЫНДЫҚ

Бәрі дұрыс екен: білудей-ақ білімі бар, жолға салған ғылымы бар, әдемі ай келбеті мен білектей жуан бұрымы бар…

Бірақ біршама жасқа келгенше байға тимегені дұрыс емес екен!

Ерғали   АБДУЛЛА,

Арал  қаласы

(Соңы. Басы  өткен  сандарда.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: