Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Күн апа

04.03.2021, 9:30 492

Біз ұстазымызды сыртынан «Күн апа» деп атаушы едік. Апайымыз атына заты сай, керемет адам. Қашанда мейірімін төгіп, күліп тұрады. Біздің балалықпен жасаған тентектігімізге Күн апа әрдайым кешіріммен қарайтын. Жасыратын несі бар, кейде мұға­лімдердің талқысына түсіп қалатын кездеріміз де болады. О, ондайда Күн апа барын салып, бізді ақтап бағады. Құдды, балапанын қатерден қорғаштаған қарлығаштай шыр-пыры шығады.

Талқылаудағы Күн апаның сөзі «Шәкірттері шетінен керемет балалар. Ана оқушының мынадай қасиеті, мына оқушының ерекше өнері бар. Бәрі жақсы. Тек, анда-санда байқамай сәл көзге түсіп қалады…» деп келеді. Ал пед­кеңес­тен соң… өзі талқыға салып есіңді тандырады. Қара терге малшынып, екінші қайталамауға уәде бересің. Қайдағы?! Көп ұзамай Күн апаның тағы да сені қорғаштап, сөйлеп тұрғанын байқамай қаласың…

Күн апа, яғни Күнила Әбу­бәкірова апай біздің класты бас­тауыштан қабылдап алды. Класс жетекшіміз әрі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс берді. Ұста­зымыздың сабақ беру деңгейі өте жоғары еді. Жаңа тақырыпты шебер әрі ұғынықты тілмен түсіндіргенде миыңа сіңіріп жіберетін. Өз басым Күн апаның сөйлеу мәнеріне қатты қызығатынмын. Шынымды айтсам, жазу жолын таңдауыма да ұстазымның ықпалы аз тимеді.

Бірнеше жыл бұрын мектеп бітіргенімізге 40 жыл толған мерейлі күнді атап өттік. Ойдан-қырдан, еліміздің әр қиырынан келген кластастар сағына қауыштық. Күн апа бастаған ұстаздарымыз кеші­міздің құрметті қонағы болды. Алдымен апайлар, кейін біз ақ тілегімізді білдірдік. Кезек маған да жетті. Микрофонды қолыма алып сөзімді бастадым. Кенет… Көзім қашанғысындай жылы жымиып, шәкірттеріне мейірлене қарап отырған ұстазымыз Күни­ла Әбубәкірқызына түсті. Маң­дайым­нан терім бұрқ етті. Жазу жазып, талай жерде, небір алқалы топтың алдында сөйлеп жүрсем де мұндай абыржымаған едім. Сасқалақтап, не айтқаным есімде жоқ. Іштей ұстаз  айбатын  еріксіз мойындадым.

Біз жоғары класқа көшкенде Күнила  апай  мектеп директоры­ның тәрбие ісі жөніндегі орын­басары қызметіне жоғарылады. Бәріміз масаттандық. Жанымызға сон­шалықты жақын Күн апа енді мектептегі түрлі шараларда ал­дыңғы қатарда жүрді. Алайда ұстазымыз өзінің туабітті қара­пайымдылығынан  айныған  емес.

Күнила Әбубәкірқызы өзі­нің ұзақ жылғы ұстаздық қызме­тінде абырой биігінен көрініп, көптеген марапаттарға ие болды. Қазақ ССР оқу министрлігінен жасөс­пірімдерге білім және коммунистік тәрбие берудегі табыстары үшін «Құрмет грамотасымен» наград­талды. Ұстаздардың ұстазы атанды. Өзі ұзақ жылдар бойы қызмет атқарған қасиетті білім ордасы №94 мектептен зейнет демалысына шықты.

Апай ауыл-аймаққа аса қадірлі, текті әулет Аманбай ахунның бала­сы ағайынды Қайрулла, Нуфтулла мақсымның шаңырағына келін болып түсті. Өмірлік жары Зинедин аға – туып-өскен ауылының өр­кендеуіне өлшеусіз үлес қосқан, қазіргі таңда елдің бетке ұстар ақсақалының бірі. Өзі де атақты әулие әрі батыр Жанқожа бабаның ұрпағы Күнила апай имандылық ұғымын, адамгершілік қағидатын берік  тұтынады.

Ұстазымыз құтты шаңырақтың иесі Зинедин аға екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Аллаға шүкір, перзенттері ат жалын тартып мінді. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің түлегі қыздары Гүлзаһира – анасының жолын қуған ұстаз, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Гүл­заһираның жолдасы Қадірбек – көпшілікке сыйлы азамат. Ұлы Дәурен прораб болып қызмет атқарса, Еркеғали – мамандығы бойынша экономист. Зәкең мен Күнила апайдың Ахмет, Жансая, Жания есімді немерелері мен Нұр­сәуле, Бабабек, Нұрбану, Нұрсая атты  жиендері  өсіп  келеді.

Мақаламызды №94 мектеп ди­ректоры Алик Тлеумбетовтың:

– Бар өмірін бала тәрбиесіне, мұғалімдік қызметке арнаған арда­гер ұстаз Әбубәкірова Күнила апай мақтауға лайықты жан. Білім беру саласында 40 жылға жуық еңбек еткен апайымыз зейнеткер болғанымен мектеппен әлі күнге дейін тығыз байланысып тұрады. Өзінің бай тәжірибесімен жас мұғалімдерге бөлісіп, ақыл-кеңе­сін айтады. Түрлі іс-шараларға қатысып, оқушыларға білім мен тәрбие егіз ұғым екенін жет­кізеді. Мектебіміздегі ардагер ұстазда­рымызға  арналған арнайы бұрышта әрбір ардагеріміздің өмір тарихы және қызмет жолдары кеңінен баяндалған, – деген пікірімен түйіндесек.

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: