Бүгін мен үшін ерекше күн. Журналистика әмбебап сала болғандықтан, өзіңді әр қырынан сынап көру мол тәжірибе алуға мүмкіндік береді. Қаламыздағы ең ірі сауда орнындағы «фаст-фуд қалашығында» мені қызықтырған кассирлік кәсіпте өзімді сынап көруге бел будым. Кешіккенді жаным сүймейтіндіктен, барлығынан ерте баруға тырыстым. Ішке кірген соң, күзетшіден администраторды шақыруын сұрадым. 15 минут өткен соң 30-35 жас шамасындағы әйел адам келді. Өзімді таныстырып, келген себебімді айттым. Ол кісі бірден қуана келісім берді.
«БУРГЕР-ТАЙМ» БАСТАЛДЫ
Ең алдымен, ұжыммен таныстым. Бұл жерде жұмыс істейтіндердің басым бөлігі студенттер екен. Әкімгер жұмыс барысын түсіндіріп, «Бургер-тайм» деп аталатын орынға кассаға орналастырды. Бір орында екі кассирдің жұмыс істеуі міндетті. Әр орынның өзіне тән формасы бар. Үстіме формамды киіп, жанымдағы серігімнің айтуымен, жан-жағымызды жинастыруға кірістік. Тазалық жұмыстары аяқталды. Мәзірлерді тиісті орындарына қойып, компьютерге жаңа ауысымды тіркедім. Ендігі кезек, ас мәзіріндегі тағамдарды жаттап, асханада бар-жоғын білу. Негізі, жұмыс уақыты таңғы сағат 9:45-те басталады, ал сауда орнының екінші қабаты 10:00-де өз жұмысына қызу кіріседі. Әні-міне дегенше алғашқы тапсырыс беруші де келді. Ол – жерлес әнші Төреғали Төреәлінің қарындасы. Көлемді тапсырыс беріп, өзімен ала кететіндігін айтты. Таңғалғаным сонша, 20 минут көлемінде әзірленетін тағам бес минуттың ішінде дайындалып, әп-сәтте әншінің қарындасына берілді. Оның танымалдығы әсер етті немесе біз өзге клиенттерді көп күттіреміз. Кей кісілердің жолы болғыш келеді, негізі.
Алғашқы тапсырысты ойдағыдай орындаған соң жұмысқа үйренісе бастадым. Бұл жерге күніне мыңдаған адам келіп-кетеді. Менің міндетім – алдыма келген тапсырыс берушіні әрдайым күлімдеп қарсы алу. Тәулігіне 13 сағат бойы тік тұрып, аяқ бүкпестен жұмыс істеу қиын, әрине. Түрлі қызықты сәттер орын алды. Кейде келген тапсырыс берушінің көңіл күйі жақсы болып мәдениетті сөйлесе, кей кездері тәкаппар, дөрекі жандар да бой көрсетеді. Бұл адамдардың тәрбиесі ме, әлде жаратылысы ма, ол жағын кейін бағамдармын. Барынша түсіністік танытып, кішіпейіл болдым. Күніне кем дегенде бірнеше адам шу шығарып келеді. Біреулері дайындалған тағам ұнамайды деп, тіпті тез әзірленетін өнімнің жартысына дейін дәм татқаннан кейін ақшаның қайтарылуын талап етеді. Адамдар кейде сондай қызық.
«…МЕНІҢ АҚШАМ БАР…»
Ақшам уақытында жасы 35-40-тар шамасындағы әйел пиццаға тапсырыс бергісі келіп, мәзірді қарап жатыр екен. Мен бағасын айтып едім, «мен сенен ақшасын сұрағаным жоқ, менің ақшам бар» деп жекіп тастады. Иә, расымен қаражаты бары көрініп-ақ тұр. Десе де мәзірдегі тағамның бағасын айту – менің міндетім. Бірақ, «менің ақшам бар» деген сөзден кейін өзіңді ақшасыз сезініп қалады екенсің. Әйтпесе, «бағанадан бері бағасын айтпайсың ба?» дегендер де маған таңсық емес. Сол үшін өз міндетіме адал қарауға тиіспін.
Қызылорда қаласының 90%-дан астамы қазақша сөйлейді. Яғни, қаламыздың тұрақты тұрғыны аталып кеткен басқа ұлт өкілдері де жергілікті тілге құрметпен қарайды. Бұл жайтты мақтана айта аламыз. Кейде тапсырыс беруге басқа ұлт өкілдері келгенде «Здравствуйте!» десең, «Сәлеметсіз бе!» деп жауап қайырады. Сол сәтте қатты ұялғаным өңімнен бірден байқалады. Көбінесе, қазақ бауырларымыз орысша амандасып, тапсырыс береді. Мұндай жағдайда қандасым екенін біле тұра қазақша жауап беремін. Бір байқағаным, әйелдер қауымы орысшалап сөйлеуге бейім. Мақтаныш па, әлде өркөкіректік пе?
АЛУАН-АЛУАН АДАМ БАР…
Кейде асханада бірнеше заттың қатар таусылып қалатын кездері бар. Сондай жағдайда қажетті тауар әкелінгенше тығырықтан шығудың өзі – өнер. Тұтынушылардың сұраған тағамы болмай, «іште таусылып қалды немесе сәлден соң тапсырыс бересіз бе?» деп ақталып түсіндірсек, «несіне ашып тұрсыңдар, жауып тастаңдар!» деп ұрысып кететін адамдар жеткілікті. Өзімнің фаст-фуд тағамдарына «жеріктігім» жоқ. Және оның адам ағзасына зиян екенін біле тұра іздеп келетін жандардың көптігіне қайран қалдым. Қазіргі таңда бұл тағам түріне сұраныс күннен-күнге артуда. Тіпті, бүлдіршіндердің өзі «қытырлақ картоп» деп сұрап тұрады.
Бір күнге «сұрап алған» кассирлік қызметімнің аяқталуына жарты сағат уақыт қалды. Ерлі-зайыпты кісілер донерге тапсырыс берді. Жолдасы ащы суға «қызып» алғанға ұқсайды. Негізі, ол кісілердің таңдаған тағамы 10 минутта әзірленетін еді. Бірақ, тапсырыс берген бойдан «неге дайын емес?» деп ашуға булықпасы бар ма? Теңселіп тұрып, жұмыс орнымызды жайратып сала ма деп қорықтым. Өздігінен балағат сөздер айтып, намысыма тиді. Барынша сабырлық сақтап, үндемеуге тырысып бақтым. Қоғамдық орын болған соң, күзетшілер келгенше өз жұмысымды атқарып, тапсырысын тез арада дайындап бердім. Одан кейінгі жұмысты тәртіп сақшылары атқарып, ағамызды мәдениетті түрде шығарып салды. (Елестетіңізші, масаң адам келіп, аманаттап алған жұмысыңның бүкіл затын қиратып, күл-паршасын шығарып кетсе, мені жұмысқа алған кісіге қай бетіммен қараймын?).
Жалпы, «фаст-фуд» – жеңіл әрі тез дайындалатын тағам түрі болғандықтан, тұтынушыға өте қолайлы. Ең алғаш рет Америкада дайындала бастаған деген дерек бар. Бастапқыда кедейлерге арналған зиянды тағам болып есептелсе, кейіннен бұл тағам түрлері мейрамханалардың басты мәзіріне енді. Бүгінде американдықтардың күнделікті асына айналған. Қазақстанда да жастардың сүйікті асы екенін мойындауымыз керек. Үйде ас әзірлеуге ерінгендер тез әрі оңай дайындалатын тағамға тапсырыс береді. Бұл тиімді, әрі қолайлы. Есесіне семіздік дертіне жылдам шалдықтырады. Және бақылау орталығының есептеуіне сенсек, жылына 248 мың америкалық осы ауру түрінен өледі-міс. Адам денсаулығы үшін тиімді тамақтана білу маңызды. Тиімді тамақтану – құрамында қоректік заттардың толық мөлшері бар тағаммен ағзаны дұрыс әрі уақытылы қамтамасыз ету. Ал, фаст-фуд өнімдері қаншалықты қолжетімді болғанымен, оны үйреншікті асқа айналдыру дұрыс емес.
Тоғжан ҮБАЙДІЛДАҚЫЗЫ,
ҚМУ-дың 4-курс студенті
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!