Нұрбол БИЖІГІТ,
жас дарын:
Қазіргі таңда дүниежүзінде робототехника ғылымы кең қолданыс тауып отыр. Біздің мемлекетіміз де дамыған елдер қатарына қосылу мақсатында ғылыми-техникалық прогрестің осы бір маңызды бағытымен жұмыс істеуде. Бүгінде өңірімізде осы салаға бала күнінен қызығушылық танытқан жас дарынның бірі – Назарбаев зияткерлік мектебінің 12 «Д» сынып оқушысы Нұрбол Бижігіт.
– Нұрбол, жалпы зымыран жасауға деген қызығушылық қалай пайда болды? Қай уақыттан бастадың?
– Мен бала күнімнен бүкіл ұшатын дүниелерді жақсы көрдім және өзім де ұшқым келді. Ал негізінен шынайы қызығушылық 7-сыныптан «Falcon 9» деп аталатын ракета түрін ұшырған уақыттан басталды. SpaceX компаниясы туралы естіген боларсыз, олар қайта пайдаланылатын «Falcon 9» зымырандарын шығарады. Мен аспанға сәл жақын болғым келді. Сол үшін прототип негізінде, ғарышқа ұшудың алғашқы қадамы ретінде ұшақты қолдандым.
– Мұны жасауда саған кім көмектесті?
– Менің бұл саладағы ұстазым – Әділжан Науан. Менің ол кісімен таныс болғаныма тура 1 жыл болды. Алғашқыда біз манипулятор секілді қарапайым жобаларды жасадық. Құрылысына тоқталар болсам, робоқол оператордың қол қимылымен басқару негізінде жүзеге асады.
– Осы салада қандай жетістіктерің бар?
– «Smart city» деп аталатын Назарбаев Зияткерлік мектептерінің арасындағы желілік олимпиадаға қатыстым. Бірақ онда ешқандай орынға ие болған жоқпын. 2018 жылдың желтоқсан айында «Qyzylorda Hackathon» жарысында веб-сайт категориясы бойынша 1-орын алдым. Бұл жарыста мен өзім ойлап тапқан қауіпсіз әлеуметтік желіні таныстырдым. Мақсаты – қолданушының жеке мәліметтерін AES шифрлау арқылы қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондай-ақ, жақында қолданушы бет-әлпетін тану қызметін іске қостым.
– Ал бұл тәжірибені жасауда кімнің көмегі тиді?
– Бұл экспериментті жасау барысында оның қалай болу керектігін, барлығын өзімнің туған ағамнан сұрап ақылдастым. Ағам да бұл саладан алыс емес.
– Ұшақ жасаудағы бірінші тәжірибең қандай болды?
– Біз негізі конвертопланды жасағымыз келді. Конвертоплан дегеніміз – ұшу және қону кезінде көтеретін, сонымен қатар көлденең ұшу кезінде тартқыш ретінде жұмыс істейтін айналмалы қозғалтқыштары бар ұшақ. Яғни, тікұшақ секілді тік, ұшақ секілді көлденең ұшады. Әдетте қозғалтқыштар бұрандалармен айналады, бірақ тек бұрандалар ғана бұрыла алады. Алғашқы тәжірибеміз дұрыс болмады, сондықтан бұл жобамен ұзақ айналысуға тура келді. Төрт айдан соң қайтадан ұшырып көруге бел будық және ол іске асты.
– Өзіңнің жасап шығарған дүниең сәтті шығып, өз жұмысын жақсы атқарып жатқанда көңіліңді бір керемет сезім билейтін шығар…
– Иә, әрине. Мен тура төрт айдан кейін осы ұшақты ұшырғанымда ол екі жарым метр биіктікке ұшты. Менің қуанышымда шек болмады. Бұл ұшақ радиосигнал арқылы басқарылады және егер мен газды тоқтатпасам, ұшақ одан да биікке ұшар еді. Маған ұшатын аппаратты басқару үйреншікті болмады, сондықтан бәлкім ұшақтың ұшқанынан жерге құлағаны тез болды.
– Ұшақтың құрылысы туралы айтып кетсең.
– Бұл жерде ешқандай ерекше нәрсе жоқ. Барлық адамның қолынан келеді. Ұшақтың құрылысына келер болсақ, кәдімгі керме төбелерден құрастырылған. Авиамоделисттер бұл материалды жеңіл әрі қанатқа түсетін күшті көтере алатын болғандықтан сүйсініп қолданады.
– Арнайы кесілген эскиздерді қайдан аласың?
– Бұл жай ғана ЛН-19 базасына жасалған. Жаңа айтып өткенімдей, мұнда ерекше ештеңе жоқ. Біз жай ғана ұшақтың pdf сызбаларын тауып оларды қиып, осылайша пайдаландық.
– Жаңа өзің айтып өткендей, ең бірінші тәжірибеңде қозғалтқыштарды дұрыс орналастырмағандықтан ол ұшпай қалған болатын. Одан кейінгі тәжірибелеріңде осыған ұқсас қателіктер немесе кемшіліктер кездесті ме?
– Мысалы ұшақтың дөңгелегі бекітілетін құрылғыны алайық. Осы кезге дейін біз оны ұшақты жасаған материалдан жасағымыз келді. Бірақ, қолымыздан келмеді, соның салдарынан ол қуаттағыш пен дизайнның үлкен нұсқасын үзіп тастады. Қазір екінші түрін дайындап жатырмыз.
– Алда өзіңе қандай мақсаттар қойып отырсың? Бұл не үшін? Жай ғана қызығушылық па?
– Иә, бар болғаны қызығушылық ғана. Бірақ, мен алдағы уақытта өзім ойлап тапқан басқа да жобаларымды жүзеге асырсам деймін. Оны жасап болғаннан кейін біле жатарсыздар. Ол жағы әзірге құпия болып қалсын.
– Жалпы, осы іспен шұғылдануға қанша уақытыңды арнайсың?
– 1 аптада 10 сағат, шамамен күн сайын 2 сағатымды арнаймын.
– Болашақ мамандығыңды осы робототехникамен байланыстырасың ба?
– ХХІ ғасыр – робототехниканың заманы. Маған бұл сала ұнайды, бірақ мен бағдарламашы боламын деп шештім.
– Айналысып жатқан дүниеңнің сабағыңа қандай да бір әсері бар ма? Сенің қай қырларыңды дамытуға көмектесті? Өзіңнен кейінгі іні-қарындастарыңа кеңес берер ме едің?
– Мүмкін физика секілді әдетте қызықсыз өтетін сабақтардан алған білімді тек емтихан үшін жаттап қоймай, шын өмірде алған біліміңді пайдалану болашақ инженерлер үшін қызық әрі пайдалы болар. Не дегенмен, уақытыңның көп бөлігін жұмсауға тура келеді. Ал өзімнен кейінгі жеткіншектерге айтарым, әрқашан қоғамға пайда алып келетін, жаныңызға жақын нәрселермен айналысыңыздар.
– Әңгімеңе рақмет!
Сұхбаттасқан
Мөлдір ҚУАНТҚАН,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың студенті
Мөлдір Қуантқанның сұхбаты өте керемет екен