Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Халық – Құдайдың бір аты

16.07.2020, 13:50 1140

«Ұлан-ғайыр тарихы, ұлы далалық сал­қар мәдениеті бар қазақ халқының осы бір киелі сөзі бекерге айтылмаса керек-ті. Халық – үлкен ұғым, ұлы атау, аталы жұртымыздың аруақ­ты аты. Өмірге тәй-тәйлап қадам басқан жаңа басылымға «Халық» есімін қоюымыздың өзінде үлкен сыр, ауыр жүк бар екенін де айтқымыз келеді.

Ата қазақтың арманы мен ардағын арқалаған тарих көшіне көз жібе­ріңізші… Әрине, алдымен, қазақтың киелі топырағын мекен еткен халықтың тәуелсіздік пен жаңару жолында ғасырлар бойы талмай-танбай, жан аямай жүргізген күресін көрер едіңіз. Өмір – күрес деп те жатамыз ғой. Ендеше­ «Халық» газетін қазақ халқының тәуелсіздігі жолында жүргізілетін мәңгілік күрестің белгілі бір кезеңдегі жаршысы деп те есептеуіңізге болады­. Ал елі үшін, халқы үшін күресте кері шегінген қазақтың баласы кемде-кем болар-ау, сірә. Ендеше «Халық» газеті – сіздің өз газетіңіз. Сіз жалғызбын деп те қалмаңыз. Сізбен бірге ұлы көш, қалың көпшілік бар. Ол – жүрегімен ойлап, санасымен сезіне білген, өз халқының қамын жеп, ауырын арқалап, тауқыметін тартқан аға ұрпақ, өз тарихын өзі танығысы, өз дәстүрін өзі үйренгісі, өз тілін өзі тірілткісі келетін сіздің замандастарыңыз…».

Бұл 2000 жылдың 21 шілдесінде ақпарат айдынына жол тартқан басыл­ымның №1 санындағы алғы сөзден үзінді. Сол «Халық» есімін иеленіп, өмірге тәй-тәйлап қадам басқан, бүгінде қолыңызға 1034-ші нөмірін ұстап отырған сүйікті басылымыңыз жігіт жасына, 20-ға толып отыр. Бұл сағаттар сырғып, айлар алмасып, жылдар жылжыған жанкешті еңбекте, осындай белеске жетуде сіздің де үлесіңіз бар, патша көңілді оқырманым!

Адам баласы әрбір күннен үмітті. Біз де, 20 жылға жуық уақыт бойы сергек ойымен, оттылығымен, тілінің өткірлігімен қоғамның болмыс-бітімін елеп-екшеп отырған «Халық» газеті де алдағы күннен үміт күтіп, шынайы оқырманы – қарапайым халыққа арқа сүйеп келеміз. Сол үміт отын үрлеуде шындық алауын шырағдан етіп ұстаған басылымыңызды әркез қолдап келесіздер. Оның айқын дәлелі, бүгінгі әлемді әлекке салып­ отырған пандемия кезінде де «Халқыңның» 2020 жылдың ІІ жарты­жылдығындағы таралымы 5010 данаға жетті. Мұның өзі – бір мерей.

Тіршілікте бір кем дүние бітпес. Бәлкім, бітіруге болар. Оған ықылас пен ынта қажет шығар. Әлде әрекет керек пе? Бұл да бір кем дүние екен. Ықылас пен ынта дегеннен шығады, «Халық» газетінің таралымын көбейтуд­е кеңпейілділік танытып, қолдау көрсеткен Қызылорда қаласы, Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш және Сырдария аудандарының бас­шы­лары мен ұдайы қолдаушы «Абзал и К», «Абай Дәулет» және «Инте­грострой» ЖШС-нің директорлары және ойлы оқырмандарына төл басы­лымның төрдегі орнын төмендетпегені үшін алғысымызды білдіреміз!

Ақиқаты сол, баспасөз қашандағыдай өз қызметіне адал. Оның міндеті – елдің мүддесін, халықтың мұң-мұқтажын, бағыт-бағдарын жұртшылық­қа жеткізу, бір сөзбен айтқанда, билік пен бұқараның арасына алтын көпір болу. Бұл бағытта тәуелсіз саналатын БАҚ-тың да қоғамға берер пайдасы барын жасырып-жабудың еш реті жоқ. «Қадірін білсең – дос қымбат, құнын білсең – сөз қымбат» демей ме ұлт даналығы. Сол айтпақшы, біз сөздің құнын іспен сабақтаған кәсіп иесіміз. Асылында, газет – қоғамның­ айнасы. Кім-кім де сол айнадан өзінің бет-бейнесін көре алады. Бірақ, біздің билік бұл айнадан өзінің жағымды бейнесін ғана көргенді қалайды­. Сын мен мінді, шындық пен ақиқатты айтқанды арқасынан қаққысы келмейді. Әйтсе де, бейресми басылым болсақ та, ақпарат заманында ел үмітін, Елбасы мен мемлекет басшысының саясатын халыққа тұрақты және тыңғылықты жеткізіп, өмірдің өзекті мәселесін өзектеп келеміз. Жасыратыны жоқ, біздің басылымның айтары айқын, түйінді түйт­кілдерді, толғақты мәселелерді көтеріп, сын тезіне алады. Бір сөзбен айтқан­да, жергілікті биліктің өздері үшін өте-мөте ыңғайсыз, жайсыз басылым­дардан бойын аулақ салғысы келетіні содан. Бірақ, шын мәнін­дегі тәуелсіз басылым дәл осындай болуы керек емес пе? Ресми БАҚ-тың ел ішіндегі шынайы беделін билік білмейді емес, біледі! Ондағы ресми ақпараттарға көпшілік сене бермейді. Сондықтан да көпшілік тәуелсіз БАҚ-ты іздейді, соны оқиды, соның сөзіне иланады. «Халық Құдайдың  бір  аты» дегенің де осы ғой…

Көп созып қайтейік. Сүйікті басылымыңыздың арғы-бергі тарихынан сөз қозғаған сараптамалық мақаланы, аға буын пайымы мен шәкірт лебі­зін осы нөмірден оқи аласыздар. Ал, ендігі сөз, қадірлі оқырман,өзіңіздің «Халық» газетіңіздің жарыққа шыққанына 20 жыл толған мерейлі мезеті құтты болсын! Осы кезге дейін қолдап келесіз, алдағы уақытта да үлгілі үрдістен жаңылмайтыныңызға бек сенімдіміз. Одан қалды, қоғамда болып­ жатқан келеңсіздіктер мен жақсылықтарды салиқалы пікіріңізбен, сананы сілкінтер сөзіңізбен жеткізуде де тартынып қалмаңыз. Енді Сіз ел мен жаһан жаңалықтарын, түрлі тақырыптағы мақалаларды, жедел әрі нақты ақпаратты газеттің жаңартылған halyqline.kz сайтынан да таба аласыз. Демек, саясаттан сыр ақтарып, күйбің тірліктің күрделі қырын сөз етіп, мәселенің мәніне үңілуге, көңіл түкпіріндегі түйткілді талқыға салуға Сіздің  де мүмкіндігіңіз  бар…

Алда бізді не күтіп тұр? Оны уақыт көрсетеді. «Біздің қазақтың досты­ғы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, өнер іздеуі, жұрт тануы­ ешбір халыққа ұқсамайды». Мұны ұлы Абай айтады. Демек, ешкімг­е ұқсамайтын халықтың да, «Халықтың» да болашақтан үміті зор. Ендеше, үміт оты өшпесін!

Жаңа  жасыңмен,  «Халық»  газетім!

Нұржан  ӘБЖАНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: