Балалық шақтағы бір оқиға есімнен кетпейді. Күзгі егін жинау уақыты болатын. Сол күні жаңбыр жауып кетіп, астық бастыруды доғарған еді. Аспан көкпеңбек, бірақ жел ұйытқып тұрды. Біз, балалар жаңбырдың жауғанына қуандық. Бір күн болса да демалып қаламыз. Ал бригадир Ермолай аға аспанға қарап қояды. Жүзі түнеріңкі, асығатын түрі жоқ.
– Ешқандай жаңбыр болмайды. Жел айдап әкетеді. – Ол осы шөмелені (скирда) бастырып, бітіріп кеткісі келіп тұр. Бірақ… бәрі жиналып қалған еді, ол да қынжылыңқырап қайтуға жиналды.
Баратын жер бір жарым шақырым. Аттарды жіберіп, тамағымызды іштік. Аспанды бұлт басқанмен шынымен жаңбыр жаумады. Жел ұйытқып, жердің шаңы бұрқырап тұрды… Күн күркіреп, найзағай ойнап, қараңғы түнді жарқыратып қояды. Дүлей жел соққанмен, жауын түскен жоқ.
– Нағыз ұрлық жасайтын түн, – деп қояды Ермолай аға. – Қане, Гришка… – Ермолай аға тағы біреуді іздегендей жан-жағына көз тастады. Сосын мені көріп қалды. – Гриша, Вася, екеуің қырманға барып қайтыңдар. Сосын сол жақта қоныңдар. Әйтпесе, біреу келіп бидайдан қаптап алып кетіп жүрер. Мына түнді көрмейсің бе… Өзі бір сондай ыңғайлы түн болып тұр.
Біз Гришка екеуміз қырманға жүріп кеттік. Мана әп-сәтте жүріп өткен бір жарым шақырым жол еді, ұзақ әрі қорқынышты көрінді. Барлық жерде найзағай жарқылдап, күн күркіреп тұрды. Алғашқы тамшылар бетімізге тиіп жатты. Бір жақтан күйіктің иісі келіп тұр. Шақпақ тасты бір-біріне ұрғанда осындай иіс шығатын.
Аспанда найзағай жарқылдаған кезде жердегі шөмеле, қозғалмай тұрған ат, ағаш – бәрі ауада ілініп қалғандай көрінеді. Сосын осы көріністі қараңғылық біртіндеп жұтып жатты. Жоғарыда бірдеңе гүрілдейді. Құдды үлкен тамшылар таудан құлдилап, құрдымға кетіп жатқан сияқты.
Біз адастық. Жолдан шығып кеттік те, бастырылып аяқталмай қалған шөмелені таба алмай қалдық. Ал шөмелелер көп болатын. Тоқтап, найзағайдың жарқылын күтеміз. Бұл сәттің өзі ауада ілініп қалғандай. Мына қараңғылықта тастардың төмен домалап жатқаны естіліп тұр.
– Бірінші кездескен шөмеленің ішіне кіріп алып, қонып шықсақ қайтеді, – деді Гриша.
– Мақұл, сөйтейік.
– Ал, сосын «таңертең қырманда қондық» деп айтамыз.
Бастырылған шөмеленің ішіне кірдік. Сабанның иісі мүңкіп тұр.
Аз-кем сөйлестік, таңертең ерте тұратын болдық…
Қатып ұйықтап қалыппыз, тіпті түнде жаңбыр жауғанын да білмеппіз. Күн ашық, ауа тап-таза, тып-тыныш. Әрине, біз ұйықтап қалдық. Түнде әжептәуір жаңбыр жауғандықтан жұмысшылар әзір келе қоймайды. Мұны да білетінбіз. Үйге қайттық.
– Ал, қарауылдар, – деді Ермолай аға бізді көрген кезде. Маған ол бізге зер сала қарап тұрғандай көрінді. – Қалай қонып шықтыңдар?
– Жақсы.
– Иә, тыныш па? Қырманды айтам.
– Тыныш. Не болды?
– Жай. Сұрағаным ғой… Мен жұмсаған соң сұрауға тиіспін.
Көз алмай қарап тұр. Тұла бойым біртүрлі болды.
– Бидайларың орнында ма?
– Орнында. – Гришаның көзі бақырайып кеткен. Көз айырмай қарап тұр. – Не болды?
– Жоқ, сендер қырманда болдыңдар ма?
Құйымшағымның үстінен бірдеңе жыбыр ете қалғандай болды… Гриша да абыржып қалды… Көздері жыпылықтайды.
– «Болдыңдар ма?» дегені қалай?
– Жоқ, сендер онда болдыңдар ма?
– Болдық. Енді қай жақта болыппыз?!
Міне, осы кезде Ермолай аға жарылды.
– Сендер ол жерде болған жоқсыңдар, иттің балалары! Сендер басқа жерде қонғансыңдар. Сөйтіп тұрып өтірік айтасыңдар! Айтыңдар, қайда қондыңдар?
– Ермолай аға, не болды саған?
– Қайда қондыңдар?!
– Қырманда. – Гриша өліспей беріспеуге бекінген тәрізді.
– Васька, сен айт, қайда қондыңдар?
– Қырманда.
– Бар болыңдар, бар болғыр немелер!
Ермолай аға ашудан басын қысып, бет-аузын тыржитты.
– Қараңдаршы, айтып тұрғандарын! Сендер қырманда болған жоқсыңдар, болған жоқсыңдар! Мен бардым ғой! Мен сендердің арттарыңша-ақ шықтым. Жеткен-жетпегендеріңді білейін дедім. Сендер барған жоқсыңдар!
Бірақ бізге оның барған-бармағанының маңызы шамалы еді.
– Иә, барсаң ше?
– Немене?
– Біз… біз де бардық. Біз онда кештеу барғанбыз ғой… Біз адастық.
– Кештеуі қалай?! – Ермолай аға баж ете қалды. – Кештеуі қалай?! Мен жаңбыр жауып біткенше тұрдым! Таң бозара бастаған кезде үйге қайттым. Сендер онда болған жоқсыңдар!
– Болдық.
Ермолай аға жындануға шақ қалды… Мүмкін, біз оның көз алдында кешегі шөмеле мен ағаштар сияқты селкілдеп, ауада ілініп қалған шығармыз. Оның көзі бақырайып кеткен.
– Болдыңдар ма?
– Болдық.
Ол қолына жүгенді алды… Біз екеуміз екі жаққа тұра қаштық. Ермолай аға қолындағы жүгенмен сәл тұрды да, жерге тастай салды. Сосын түрін тыржитып, көздерін алақанымен сүртіп, әрі қарай кетті. Оның денсаулығы онша емес-тін.
– Жүгермектер, – деді ол жүріп бара жатып. – Болған жоқсыңдар ғой сендер, көзді бақырайтып қойып өтірік айтасыңдар. Жетпей, желкелерің қиылғырлар! Сендерге… сендерге көк бет, долы қатын кездессін! Жүгермектер… Өтірік айтып тұрып, кірпік қақпайды! Әй!
Ермолай аға бері, бізге қарай бұрылды.
– Одан да шыныңды айт, қорықтық немесе таба алмадық деп. Жүгермектер… Ақыры шындарыңды айтпайды екенсіңдер, бескүндік еңбекақыларыңды кемітемін.
Күндіз астық бастырып жатқан кезде Ермолай аға қасымызға тағы келді.
– Гриша, Вася… айтыңдаршы: сендер қырманда болған жоқсыңдар ғой? Бескүндік ақыларыңды кеспеймін. Болған жоқсыңдар ғой?
– Болдық.
Ермолай аға бізден көз айырмай қарап тұрды. Сосын қасына шақырды…
– Келіңдер, келіңдер. Міне, мына жерде мен жаңбырдан тығылдым. Көрсетті. Сосын бізге жалынышты көзбен қарады. – Ал сендер қай жерде болдыңдар?
– Біз ар жағында болдық.
– Қай жағы?
– Арғы жағы.
– Қандай?
Оның тағы шыдамы үзілді.
– Мен сендерді айғайлап шақырдым ғой!.. Мен бұл шөмелені айнала қарап шықтым. Жарық түсіп қалған, түсіп қалған инені де тауып алуға болатындай-тұғын. Қайда болдыңдар?
– Осы жерде.
Ермолай аға ашуланбау үшін тағы бар күшін салды. Тағы түрін тыржитты…
– Жарайды, жарайды… Сендер ұрысады деп ойлап тұрған шығарсыңдар? Ұрыспаймын. Тек шындарыңды айтыңдар: қайда қондыңдар? Еңбекақыларыңа да тимеймін… Қайда болдыңдар?
– Қырманда.
– Қайдағы қырман?! – Ермолай аға тағы жарылды. – Қайдағы қырман?! Мен деген… Әй, иттер! – Ол бізді ұратын бірдеңе іздеп жан-жағына қарады. Біз тұра зыттық. Ермолай аға шөмеленің артына кетті. Шамасы тағы да жылаған болу керек.
***
Содан бері көп жыл өтті. Мен үйде болғанымда марқұм әке-шешемді еске алуға бейітке соғып тұрам. Сондай кезде қойылған көктастардың бірінен «Емельянов Ермолай» деген жазуды көзім шалып қалады. Ермолай Григорьевич, яғни Ермолай аға. Оның да бейітіне келіп, түрегеп тұрып еске аламын. Ол туралы ойым қарапайым: өмір бойы еңбек етті, қарапайым, адал, қайырымды жан болды. Менің ата-әжем, әке-шешем сияқты. Мен біліміммен, тәжірибеммен, бітірген институтыммен қоса алғанда осы ойларымды аяғына дейін апара алмай жүрмін. Мысалы, осы адамдардың өмірінің ең басты мәні не еді? Мүмкін, сол өмірді қалай етіп сүргендігінде шығар. Әлде сол мәнін ойламай, тек жұмыс істеуді ғана мақсат қылды ма…
Тек ғана жұмыс, сосын өмірге бала келтіру, оны тәрбиелеп жеткізу. Басқа адамдарды да көріп жүрміз ғой… Жатыпішерлерді айтып отырғаным жоқ, тек… олар өмірді басқаша түсінеді. Қазір өмірді мен де басқаша түсінем!
Тек осы кезде мына төмпешіктерге қараған кезде кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін түсіне алмай жүрмін!
Аударған
Бақтияр МЫРЗАШЕВ,
Сырдария ауданы
Жақсы әңгіме, жақсы аударма