Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Дуаланған орамал

09.04.2020, 10:49 686

Гүлнәр әлдененің тарс еткен дыбыс­ынан шошып  оянды. Ұйқылы-ояу сағатына қарап еді, түнгі 12-ден асып кеткен екен. Басын жастықтан көтеріп, ұялы телефонының жарығымен бөлмесін көзбен шолып шықты. Ештеңе көзге ілінбеді. «Құлағым шалыс естіген болу керек» деп ұйқысын қайта жалғастырды. Арада қанша уақыт өткені белгісіз, тағы да тарс еткен дыбыс қайталанды. Ол бұл жолы шошып оянып, көрпесін бір жақ жанына қарай лақтыра сала кереуетінен атып тұрды. Жүрегі тас төбесіне шығып, тынысы тарылып барады. Жүрегіндегі қорқынышы басыл­ған жоқ. Сонда да тұра сала бөлменің жарығын жақты. Жан-жағына­  қарап еді, үстел үстінде тұр­ған гүл толы құмыра құлап қалыпты. Алайда әлгі дыбыс құмыраның құ­лағанынан шыққан жоқ. Келіншек шын қорқайын деді. Өйткені бұрын-соңды үйде  беймезгіл  уақытта мұн­дай дыбыстар  шыққан  емес.

Гүлнәр – жалғызбасты әйел. Күйеуімен  соңғы  жылдары  мінездері жараспай ажырасып тынды. Кәмелетке толған баласын сырт қалаға оқуға жіберген-тін. Бұрын-соңды­ үй ішінде артық дыбыс, шу деген­ болған емес. Бірақ түндегі оқиға неден болғанын өзі түсінбей әлек. «Мүмкін түнде төсекке жайсыз жатқан­ болармын» деп күні бойы өз ойымен өзі арпалысып жүрді. Бұл жайында  ешкімге  тіс  жарған  жоқ.

Кеш бата Гүлнәр теледидар алдына жайғасты. Күндегі әдеті бойынша тамақтанып алған соң аз-кем демалғысы келді. Ұйқыға жатуға асыққан жоқ. Себебі түндегі оқиға қайталана ма деген үрей бар. Уақыт таяп, кереуе­тіне жайғасты. Алайда жарықты өшірместен, төбеге қараған күйі тырп етпестен жатты. Ұйқысы келсе де, өз-өзін қинап әлек.

Көзі ілініп кеткен екен кешегі дыбыс­ айна қатесіз қайталанды. Сергек­ жатқан Гүлнәр орнынан атып тұрды. Көзіне  ештеңе  көрінбеген  соң  айна­ласын шолып шықты. Қорқыныштан жүрегі аузына тығылды. Кенет асханадан әлдебір ыдыс жерге түскендей шытынап сынған дыбыс шықты. Дере­у сонда барып еді, дым жоқ. Содан­ соң сыртқы есікті біреу ұр­ғандай болып еді, есіктің көзінен сығала­ған, ештеңенің қарасы көрінбеді. Гүлнәр «жынданған шығар­мын» деді. Қапелімде кімнен қандай  көмек сұрарын  білмеді. Содан­ соң бар дауысы­мен «сен кімсің?», «көзіме көрін» деп айғай салды.  Әлгі  мұны мазақ еткендей енді  жуынатын бөлмеден, содан соң ауызғы бөлмедегі заттарды орнынан қозғап, жерге құлата бастады. Гүлнәр дереу өзінің құрбысы Гүлмираға телефон­ соқты. Тұтқаның арғы жағынан­ «қазір жетемін» деген жауапта­н  соң  Гүлнәр  орнында отырған  күйі  қатып  қалды.

Қос қолын тізесіне қойып қалғып кеткен екен, есіктің арғы жағынан тарсылдаған дыбыс онсыз да үрейлі көңілді селк еткізді. Қарап еді, Гүл­мира келіп тұр екен. Құрбысына болған­ жайды бастан-аяқ баяндап берді. Бір қызығы, үйге Гүлмира келген  кезде  әлгі дыбыс, шудың барлығы  ұшты-күйлі  жоғалды. Үй ішін­де құлаққа ұрған танадай тыныштық орнаған. Құрбысының көзіне пәлендей ештеңе көрінбеген соң, аз-кем отырып қайтадан үйіне кетіп қалды. Бұл кезде таң да атып қалған еді.

Бүгін Гүлнәр жұмысына барған жоқ. Таңертеңнен бері басы мең-зең. Ештеңені ойлауға шамасы келер емес. Ойында тек бір ғана нәрсе – қайтсе де әлгі тылсым дүниенің сы­ры­н ашу. Бірден балгерге баруды ұйғарды.

– Осы уақытқа дейін үйіңізде мұндай тылсым сырлардың бол­мауының себебі бар екен. Өзіңізбен қызметтес әйелдің бірі сіздің үйіңізде дуаланған орамал қалдырыпты. Ол сіз ұйықтайтын кереуеттің астында жасырул­ы жатыр. Дереу алып, өртеп жібермесеңіз, осы жағдай қайталана беретін  болады, – деді.

Гүлнәр дереу үйіне келді. Жол бойы  ойланып келеді, қызметтес әйел кім болуы мүмкін? Ешкімде алты аласы, бес бересі жоқ еді. Есіне түсті. Гүлнәр ажырасқан күйеуінің қазіргі  әйелімен бірге қызмет істейді. Өткен  жолы ұлы оқуға түсер алдында ұжымын қонаққа шақырған. Сонда­ ол да келіп, үйде қонақ болған еді. Іштей ұнатпаса да күйеуінің қазіргі келіншегіне де үйге келуіне қарсы болмаған еді. Сол кездегі абыр-сабырды  пайдаланып, оны Гүлнәр­дің кереуетінің астына қойып кеткен екен. Мұны ол енді ғана түсінді. Пиғылы­  мұнша  қара  болар ма еді?!

Дуалы орамалдың көзін жойған соң үйге құран оқытып, үйін тазалап алды. Содан кейін әлгі мазалаған дауысты­ң барлығы жоғалып, көңілі де жай тапты. Жақында оқудан келе­тін ұлын асыға күтіп жүрді. Ақыры бала­сы келетін күн де туды. Ұлы есік қақты. Алайда есікті ешкім ашпады. Естімей жатқан болар деп баласы есікті өзі ашып, төргі бөлмеге қуана кірді. Бірақ оны диван үстінде жүрек тұсын ұстай сұлап жатқан анасының жансыз денесі қарсы алды…

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: