Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Досжан батыр хикаясы немесе орыстың екі генералын араздастырған барымташы

08.10.2020, 10:00 1317

ХІХ ғасырдың орта шенінде Сыр бойында өмір сүрген атақты барым­ташы болған Досжан батыр жайлы дерек­тер біздің заманымызға орыстың белгілі зоологы, Орта Азияның та­би­ғатын зерттеуші Николай Северцов арқылы  жетіп  отыр.

«Бар болғаны 29 жыл өмір сүрген, өз заманына лайықты аты шыққан атақты Досжан батыр ерекше жан бол­ған, – деп жазады ол жайлы Николай Северцов. – Оның аты мен даңқы сол заманда жағымды түрде шықпағанына­ қарамастан, ол өзі өмір сүрген орта­ның тарихына атын қалдырды, көп­теген оқиғаларға қатысып, орыс империясының өміріне біраз әбігер мен ке­лең­сіздіктер жасады. Досжан батыр – өз заманының өзіндік бояуымен са­лын­ған  суреті  бар  тұлға».

Біз мүмкін Досжан батыр туралы ештеңе білмеген болар ма едік, егер Николай Северцов Сырдария өзенінің жағалауын барлап зерттеймін деген бір сапарында 1858 жылдың 26 сәуірінде қоқандықтардың қолына тұтқынға түспегенде. Бір ай тұтқында болған зерттеуші  басынан кешкендері жайлы­ «Қоқандықтардың  тұтқынында бол­ған бір ай» деген әңгімесін жазды. Северц­овтың қоқандықтардың қо­лына түсуіне Досжан батырдың тікелей­ қатысы болған. Өзінен он есе артық орыс  отрядының  жылқыларын  шауып­ алып кетпек болған жорығында Северцовты қолға түсірген. Оның тұтқыннан босатылуына да Досжан батырдың қосалқы қатысы болған сияқты­.

Северцовқа Досжанның қандай әсер қалдырғаны жайлы айтар болсақ, зерттеуші оған ерекше тоқталып өтіп­ті: «.. Досжанды жақсылап суреттеп берейін, ол осындай суреттеуге тұрарлық жан. Мен оны кемеліне жеткен, қазақтың ежелгі жігітшілігінің, ешкім­ге бағынбайтын, асау өсіп өмір сүруге бейімделген, ең соңғы таза қазақтың өкілдерінің бірі деп санаймын. Сыртқы келбеті қазақтың көпшілігіне ұқсай бермейді. Қазақтарды талпақ бойлы, жақсүйекті, тайпақ мұрынды, жалпақ бетті түріне қарап ебедейсіз адам деп ойлайсың, шапан киіп отырысы тіпті жарасымсыз. Олар шын мәнінде ерекше шалт, шалымды әрі жылдам, епті. Досжанға келетін болсақ, нағыз жігіт, онша биік емес, жіңішке, сымбат денелі, екі қолы мен аяғы кішкентай: a gentle­man robber, ақсүйек емес, сұлтан тұқымынан да емес, плебей, қарапайым қазақ. Бет әлпеті европалық, ағасы сияқ­ты, ерні ғана жуандау, бет кескін­дері жұмсақ, ұнамды, үлкен қара көз­дерінің бұрыштары көтеріңкі (монғолға тартады), көздері айлакерлікпен ымдап тұрғандай айлалы, түлкі көздер, маңдайы игі адамдыкіндей жазық. Оның бетін­де тек жалғыз ғана айлакер­лік пен сараңдық болмаса керек,  мұндай уайымсыз батылдық, жақсы өмір сүріп, оның қызығына қану түрі көрініп тұр және сезімталдық, тіпті көңілді жасанды емес ақкөңілділік байқалады. Атадан қалған байлығы жоқ, қажымас, талмас тынымсыздық оны тыныш отырғызбайды – жас­тайынан қарақшылықпен айналысты, бұл дәстүр қазақтар үшін айыпқа санал­майды, соның арқасында даланың бірінші дәрежелі  батыры  аталды…».

Осы жерде Северцов қазақтың барым­ташылық дәстүрі жайлы көп­теген танымдық, білімдік тәуір мағы­нада­ пікірлер айтқан. Ол мынадай түйін жасай­ды: қазақтың барымташылығы мен қарақшылығы – оның батыр­лығының бір белгісі, қазаққа абырой әкеледі көп жағдайда дейді. Мынадай мысалды келтіреді: «Қазақтың үш жігітін Түркістанның датқасы 600 әскері бар, екі қабырғамен қоршалған қамалда ұстапты. Міне, сол жігіттер өздерінің аман қашып құтыл­ғанымен тұрмай датқаның барлық жылқы­сын айдап келіпті, денесінде бір дақ жоқ. Досжан сондай қас шебер қарақшылардың бірі еді, – дейді Северцов, -Бірақ кеш туып қалған еді өткен өмірден. Қазақтардың Ресейдің қарамағына өтуі алғашқы сөз жүзінен кейін іс жүзіне айналған соң орыс үкіметі қазақтардың ішкі істеріне араласа бастады, мен өз руымның жылқысын ұрлаған жоқпын, басқа рудың жылқысын айдап кеттім, бұл қылмыс емес деп енді қазақ айта алмайтын болды. Барымташылардың өрісі  тарылып, ерліктеріне  тыйым  салына  бастады».

Осы жерде сәл шегініс жасағым келед­і. Николай Северцовтың Досжан жайлы жек көріп айтудың орнына, қазақтың дала батырларын, барым­ташыларын ерекше махаббатпен, сезім­талдықпен сипаттап, жағымды кейіпкер ретінде айтуы, суреттеуіне таңға­ласың, бұл мінез сол кездегі отаршыл­ орыс  империясының  өкілі­не тіпті  тән емес.

«…Барымташылықты Досжан баю үшін немесе дүниеқоңыздық мақсатпен қарақшылық жасаған жоқ, оған өзгенің дүниесін алу тылсым күштің әсеріндей әдемілігімен ұнайтын, дүние жинау оған жігіттік ерлігін көрсету үшін және өз рақаты үшін өмір сүру ғана болса керек».

ХІХ ғасырдың ортасына дейін қазақ даласында Досжан сияқты барымташылық пен қарақшылықтың қас шебер батырлары, сол заманның «робингудтары» өмір сүріп келді. Бірақ ол заманда Досжанды батыр деп өз қандастары ғана атады. Қазақ арасында да оның жаулары аз болмады, «бірақ ешкімнің батылы барып, оны өлтіруге­ жүрегі дауаламайтын» деп жазады Север­цов. Бірақ орыс билігі ол кезде өктемдігін жасай бастаған кез еді. Орыс билігіне Досжанның барым­ташылығы онша зиянын тигізіп, әсер еткен де жоқ болатын. Ол кезде барымт­ашыларды қазақтың өз билері соттап, өздері айыптайтын. Орыстарға Досжанның ең ұнамайтын жері оның орыс үкіметін қолдамауы да болды. Сол кездегі Сырдария қазақтарының жұмысын басқарушы О.Я.Осмоловский қазақтардың арасынан Досжанның дұшпандарын тауып, «сендер Досжаннан кем батыр емессіңдер, сендер одан артықсыңдар» деп қайрады. Осы сөздер әсер етті. Қазақтар Досжанды ұстап беруге уәде берді.

Міне, осы кезден бастап Досжанның соңына орыс үкіметі айдап сал­ған қуғыншылар түсе бастады. «Егер американдарға осындай сюжетті берсең, қуғын, атыс-шабысты нағыз вестерн, әдеби бестселлер, көп бюджетті кинолента жасаған болар еді» дейді автор.

Перовск қамалында қызмет ететін қазақтардан арнайы Досжанды ұстауға орыстар команда жасақтайды. Бұл жерде Досжанның да жасаған біраз қателіктері болған. Ол тек ғана қазақтардың малы мен мүлкін тонап, қарақшылық жасаған жоқ, сонымен бірге орыс империясының адамдарына тиісе­ бастаған. Онда да жай орыс шаруасын­а емес, орыстың мықты көпестеріне  де  шабуыл  жасаған.

Орыс әкімдігі Досжанды  ұстап ғана қоймай, жұртшылыққа үлгі болсын­ деп ашық сот жасайды. Оны әскери­ сот жер аударып, Сібірге каторгаға жібереді. Бірақ жер аударудың алдын­да ең қатал аяусыз жазаға, шыбық­пен ұруға салады. Сол кездегі тәжірибе бойынша адам 3000 рет шыбыққа жазаланса, өледі екен. Бірақ Досжанды өлтірмей 2000 рет шыбыққа салады. Осындай жаза қолданғаннан кейін Досжанды Иркутск облысына тұз өндіретін зауытқа жібереді. Бірақ оңай айдалып кете беретін Досжан емес ғой, жолда ретін тауып қашып құтылады.

Бірақ Досжан тыныш өмірді бас­та­майды, баяғы ерліктерін жалғастырады. Бұрынғыша ожарлық пен содырлығын тоқтатпайды. Ақырында екінші рет ұсталады. Бұл жолы ерекше күзетпен, аяқ-қолын кісендеп, әскери сотпен соттап, өлім жазасына кесу үшін Перовск фортына алып келеді. Бұл жолы Досжан өте жасыған, бағынышты болып көрінеді, қашамын деген сыңай танытпайды. Бірақ бір сәтін тауып­ аяғындағы темір кісенді сын­дырып, конвойды басқаратын бір офицердің ең жақсы атын мініп, қашып кетіпті. Дабыл қағып қуыпты, түн жамылып қашқан Досжанды таба алмайды. Бір рет орыстар оны ұстап алып қамалдың ішіндегі гауптвахтаға қамаған екен. Қол-аяғын жылқының қылынан ескен арқанмен тырп етпейтіндей ғып матап, «қайда қаша қояды дейсің» деп қараусыз қалдырады. Өмір бойы жылқының қыл арқанын есудің шебері болған Досжанға арқаннан боса­ну түк те болмапты, босанып қашып  кетіпті.

Осыдан соң Досжан өзіне қарақшылық істерін жалғастыру үшін сүйеу болатын тірек іздеп, қоқандықтарға қызметке тұрады. Досжанның ба­тырлығынан  хабары  бар қоқандықтар оған онбасы деген атақ беріп, әртүрлі жұмыстарды тапсырады. Қарақ­шылық әдетке үйренген Досжан 1858 жылдың сәуір айының аяғында оншақты достары мен туыстарынан тұратын топ құрып, сол кезде Сырдария өзені жағасындағы тоғайлардан отын дайындауға шығатын орыс отрядының жылқысын айдап кету үшін жорыққа шығады. Досжан алдына екі мақсат қойған болатын, біріншісі – күзетіп қалған орыс солдаттарынан жылқы айдап кету, екіншісі – отын дайындауға келген орыс отрядының ішінде өзін ұстап берген бір қазақ бар дегенді естіп, содан кек алу.

Бірақ Досжанның жорығының сәті болмай, оның орнына орыс отрядымен бірге келген орыс зоологы Николай Северцов қолға түседі. Сол үшін Түркістан датқасы Досжанға жүзбасы деген атақ, өрнекті шапан мен күміс қылыш сыйлайды.

Осы жерде  Досжан батырдың Северц­овпен кездесуі оның өміріне  ерекше әсер еткенін және өліміне  себепш­і де болғанын айта кеткенім­із жөн болар. Бірақ не деген­м­ен біз Досжан­ батыр туралы ерекше сүйіс­пеншілікпен  жазған  Север­цовтың  өзін  тұтқындаған  адам жайлы шынайы әңгімесі  бізге  жетіп  отыр.

Сол замандағы орыс көздерінде қазақтың өмірі, салт-дәстүрлері жайлы орыс жазбалары құрғақ протоколдық тілмен, аңыз бен ертегілердің басы­н құрастырып жазып келген дүниелер болса, Северцов өзінің өте сезімтал байқағыштығының арқасында қазақ барымташысының өмірін, мінезін, сол заманға тән ерекшелігін асқан шеберлікпен жазып, бізге жеткізгендігімен құнды. Сол кездегі орыс жазбаларында қазақ өмірін бір сыдыр­ғы сипаттап, қазақтар бір-бірінің малын­ ұрлаған, шабуылдаған, тонаған деп  ғана  жазатын  еді.

Қоқандықтарға тұтқынға түскен Северцов бір айдан соң аман-есен босан­ады. Енді осы жерде айта кететін бір жайт бар. Сол кездегі Түркістанда болған генералдардың ішіндегі ең атақтысы Михаил Григорьевич Черняев болған еді. Міне, осы генерал Черняев (ол кезде полковник) сол кездегі бастығы генерал-майор Данзасқа қарсы шығып қалады. Кім үшін дейсіз ғой? Бар болғаны қазақтың қара­пайым барымташысы Досжан батыр үшін. Қандай сезімнің Черняевті бұған итергенін бізге түсіну қиын, міне, полковник Черняев қарапайым Досжан батырды аяп, араша түсіп, өз бастығына қарсы шығады.

Бұл оқиға қалай басталған еді? Сол жылдары Сырдария линиясын тексеру­ (ол кезде орыстар шекараны линия деп атап келген. – С.Ж.) үшін Орынбордан генерал-губернатор А.А.Катенин келеді. Қазақтарға жаны ашығансымақ болған Катенин оларды жарыл­қамақ болып, «осы кезге дейін қылмыс жасаған барлық туземдіктерге кешірім жариялаймын, қоқандықтар жағына қашқандар ауылымен түгел қорықпай оралсын» деп жариялайды. Осы амнистияға сенген Досжан 1859 жылы сол кездегі надворный советник Осмоловскийге өзі келіп беріледі. Өзі ғана келіп қоймайды, қасында 50 туған-туысқанын да алып келеді.

Бірақ  Досжанның оралуы Данзас­қа ұнамайды, қандай себеп болғаны белгісіз (кім біліпті, мүмкін Досжан баяғыда соның жақсы атын алып қашып кетті ме екен), Данзас барлық қазақты кешіріп, тек ғана Досжан батырды әскери сотқа бергізеді. Айтқанын істейтін сотқа Досжанды дарға асу туралы үкім шығартады. Бұл үкім тек Сырдария қазақтарының ғана емес, Сырдария линиясындағы барлық офицерлердің наразылығын тудырады. Асып өлтірмеуді сұраған Осмоловскийдің өзін Данзас қабылдамаған. Досжан да өмірінің соңына шейін аман қалу үшін күресті, тіпті православие дінін алуға да келісті дейді автор.

Міне, осы кезде Амудария экспедициясынан оралған Черняев іске араласады. Генералмен жақсы қарым-қатынаста болғанына қарамастан полковник Черняев Данзасқа мынадай ашық  қатқыл  сөздер  жазыпты:

«Өз еркімен, түгел отбасымен орыс үкіметінің қайырымдылығына сүйеніп, өзі келіп беріліп отырған қылмыскерге жаным ашығандықтан жазып отыр­ған жоқпын бұл хатты. Одан да басқа бір нәрсе бар, ол – бұл адамды өлтіру арқылы жазалау біздің үкіметтің абыройы мен арына сәйкес келмейді деген сенім, біздің берген жариялы уәделерімізге деген­ сенімді жоғалтады, осы кезге дейінгі қорқытуымызға әлдеқашан сенбеушілік орнағаны сияқты… Егер мен Сізге өз бастығымның көңілінің наразылығын тудырамын деп қорқып, соттал­ған адамның өмірін қорғау жөніндегі заңдылықты қолдамаған болсам, мен өз-өзімді сыйламаған болар едім. Севастопольде сегіз ай өліммен бетпе-бет бол­ған адам ретінде мен адам өмірінің құнын түсінемін. Тек ғана Құдай мен ар-намысты одан жоғары қоямын…».

Бірақ Данзас өз дегенінен қайт­пады. Черняевке дереу бұл өлкеден кетуд­і ұсынады. Үкімді көп ұзатпай орындап, Досжанды дарға асады. Досжан­ батыр сол кезде бар болғаны 29  жаста  еді…

Сөз соңында Н.Северцовтың мына бір сөздерін келтіре кетейін: «Оқушым маған налымас, өзін тұтқындаған жыртқышты егжей-тегжейлі таныс­тырғаныма, керісінше Досжан жайлы өте аз білгеніме өкінер деп ойлаймын. Досжанның өмірі ең соңғы қазақ батырл­арының бірі болғандығымен де, ержүректігімен де, кем түспейтіндігімен де қызық. Әрине, оның кінәсі жоқ, кеш туып өздерінен жоғары деңгейдегі, халқына жат халықтың өмірі оны соттап каторгаға айдауға түскеніне! Осындай жағымсыз жағдайларға қарамай, осы бір «қашқын каторжник» мен түсіндірген себептермен оқушым үшін қызығарлық дүние болар­  деген  сенімдемін».

Сағат  ЖҮСІП

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: