Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Домбыра күні тойланды

04.07.2022, 11:48 285

Тұңғыш Президентіміздің жарлығымен шілденің бірінші жексенбісін Ұлттық домбыра күні деп жариялағаны белгілі. Жыл сайын аталып өтілетін бұл мерекені сырбойылықтар да қапыдан тыс қалдырған жоқ. Ұлттық руханиятымыз бен құндылығымызды айшықтай түсетін қасиетті домбыра күнін биыл үлкен алаңда тойладық. Иә, «Домбыра – халық мұрасы» атты фестиваль-шеру аясында дүбірлі кеш өтті. Айтулы кеште түрлі айтыскер, жыршы-термешілер,  өнер жұлдыздары туындыларын халық арасында паш етті.

Мәдениет және спорт басқармасы ұйымдастырған концерт барысында облыстың өнерпаздары Құрманғазының «Сарыарқа» күйімен кешті салтанатты түрде ашып, «Көңілашар», «Терісқақпай», «Батыр баба», «Күй-тартыс», «Секіртпе» күйлерін күмбірлете орындады. Әншілеріміз ұлттық музыкалық аспабымыз – домбыраны әуелеген әндеріне арқау етіп, домбыраның қос ішегінен шыққан үнге мың бұралған бишілер көрермендерге тамаша серпіліс сыйлады. Кеш соңы Құрманғазының «Махамбет» атты туындысымен қорытындыланды.

Бұл кештен болашақ жастарымыз ұлттық аспабымыздың киесін, қасиетін, қастерін, қазынасы екенін жақсы ұғына алатыны анық. Айта кету керек, қазақ ұлтының шежіресін шерткен, ертеден келе жатқан көне аспабымыздың айтулы мерекесі ауыл, аудандарымызда да ерекше тойланды.  

«Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп Қадыр Мырза- Әлі айтқандай, бұл аспаптың жанымызға етене жақын екенін оның күмбірін естігенде ғана байқайтындаймыз. Өйткені домбыраның үні естілгенде делебеміз қозып, арқамыз шымырлап кетеді емес пе?

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: