Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Біз біргеміз!

06.08.2020, 10:05 1322

Біргеміз біз!

біртұтаспыз,

бүп-бүтін,

Ошағымнан көкке өрлесін тік түтін.

Тәж тажалға жер-жаһанды жайлаған,

Қарайды үркіп Ай, жұлдызды тіпті түн…

Қасіреті көрген аз ба, тіпті Жер,

Тәж тажалға берілме, Адам,

мықты бол!

Жаман күндер артта қалып,

жұп жазбай

Жақсы күнде жолығайық түп-түгел.

Қатал сыннан,

дерттен сақта, Адамды,

Топан судан…

өртен сақта, ғаламды.

Сақта, сақта тәж тажалдан Тәңірім,

Ауылымды, далам менен қаламды.

Аты өшкір дерт аулақ, аулақ!

Соқтықпа!

Рас, рас, астық… тастық тоқтықта.

Адамзаттан басқа Жердің үстінде,

Бақыт та жоқ,

байлық та жоқ,

жоқ құт та.

Дүниенің жайшылықта бәрі асыл,

Емін-еркін өссін салып бала асыр.

Жақыныңа ғана болмай жарқыным,

Адамзаттың бәріне бол жанашыр!

Бұрынғыдай есігімді қақпайды ел,

Бір бөлмеде жаным тыным таппайды ол.

О, Жаратқан, Адамзаттың баласын,

Өле-өлгенше жалғыздықтан сақтай гөр!

Сақтан, сақтан, Адамзаттың баласы!

«Қырғиқабақ» болған кеше қарашы,

Бір қауызға кетті сиып күллі әлем,

Бұл да сабақ түсінгенге шамасы.

Араныңды тәж тажалдай тый, мыстан!

Безек қағып жаным-шыбын бейне ұшқан.

Дәрігерім, рақмет, Адамды,

Арашалап жүрген дерттен, вирустан!

Адамзатқа болғандай бұл мұнар түс,

Өмір үшін сәт туды осы сынар күш.

Саулығына алаңдаған Адамның,

Отан – Анам, Ақыныңнан мың алғыс!

Біз – Адамбыз соғыс көрген… жұт көрген,

Адам үшін тиген жоқ дерт тіптен кем.

Жеңеміз біз тәж тажалды жексұрын,

Асқан не бар ынтымағы мықты елден.

Адам көрген жалғыз осы нәубет пе?!

Ай менен Күн тұрғанда аман ау, көкте,

Қоғам үшін Адам қымбат алтыннан,

Саулық берсін әрбір ұлтқа, әулетке!

Арқа сүйер асқар тауым – іргелі ел,

Қандай бақыт қорқынышсыз күндер ол.

Сын сағатта төзіміңді ту етіп,

Отаныңмен,

Отбасыңмен бірге бол!!!

Толыбай  АБЫЛАЕВ,

Қазақстан  Жазушылар  Одағының  мүшесі,

Қызылорда.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: