Жылда Жеңіс мерекесі жақындаған сайын сол қиын-қыстау кезеңде аталарымыз бен әкелеріміздің жан аямас ерліктері мен туған елге, Отанына деген патриоттық ынта-ықыласы көз алдымызға қайта оралады. Себебі сол соғыстың жаңғырығын халық әлі ұмыта қойған жоқ, ұмытпайды да. Биылғы жыл ерекше жыл, өйткені Жеңіске 75 жыл толып отыр. Қан майданда, от пен оқтың, өмір мен өлімнің ортасында арпалысып, бар ауыртпалықты басынан өткізген ата, ағаларымыздың ерлігін ұрпақтары ешқашан ұмытпақ емес, керісінше олардың ерен еңбектері жайлы естеліктер жылдан-жылға қайталанып жалғасып жатыр. Жеңіс мерекесіне санаулы күндер қалғанда біз де сұрапыл соғыста қан төккен аға, әкелеріміздің басына барып, аруағына Құран оқып, дұға бағыштап еске алып отырамыз.
Сондай тұлғаның бірі, өмір жолы жастарға өнеге боларлық Сералы ағамыз еді. Сералы Бержанов 1922 жылы 15 тамызда Ақмешіт (қазіргі Қызылорда) қаласында дүниеге келген. Жастай әке-шешесінен айырылған ол 7 жасында қаладағы балалар үйінде тәрбиеленеді. Кәмелеттік жасқа толып, өмірге қадам басқанда жас Сералы қырғыз елінің Қызылқия қаласының маңындағы кен орнында шахтер болып жұмыс істейді. Екінші әлем соғысы басталған кезде әскерге шақырылып, байланыс-радист мамандығын игеріп қызмет етеді. Сералы Бержановқа және оның жолдастарына аса қауіпті де, жауапты тапсырмалар жүктеледі. Жау шебінен нақты деректер жинау, «тіл» әкелу жұмыстары міндеттелген. Осындай жауапты жұмыстарды бұлжытпай орындағаны үшін ордендер мен медальдар және бірнеше алғыс алған. Көп ұзамай осындай ерлігімен көзге түскен Сералының қызметі жоғарылап, барлаушы-радист бөлімінің командирлігіне көтеріледі. Міне, осы қызметте ол Сталинград шайқасы, Курск доғасындағы қантөгіс, Варшаваны азат ету ұрыстарына қатысып, жеңісті Берлинде қарсы алған. Сералы Бержановтың қызмет еткен радиостансасы бірінші болып Совет одағына Потсдам конференциясы жайлы хабарды таратыпты. Көптеген жауынгерлер соғыс біткеннен кейін еліне оралып бейбіт өмірге араласқан болса, Сералы жауынгерлік қызметін жалғастыруға мәжбүр болыпты. Соғыстан кейін Батыс Украинаға жіберіліп, бандералықтармен соғысқан. Осылай соғыстан кейін тағы 5 жыл әскерде болып, тек 1950 жылы желтоқсан айында қызметінен босатылып, елге қайтады.
Соғыс кезінде көрсеткен ерен ерліктері үшін алған медальдары мен марапаттарының тізімі жеткілікті: «Варшава қаласын азат еткені үшін», «Берлин қаласын алу кезіндегі ерлігі үшін», «Ұлы Отан соғысы кезінде (1941-1945) Германияны жеңгені үшін», «Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 25 және 30 жылдығы», Совет Армиясы мен Флотының 30, 50 және 60 жылдық медальдары. Соғыс біткен соң Батыс Украинадағы бандералықтармен шайқастағы көрсеткен ерлігі үшін КСРО Қауіпсіздік министрлігінің грамотасымен және тағы да басқа көптеген медаль, мадақтаулармен марапатталған.
Сералы 1953 жылы Москваның жеңіл өнеркәсіп институтына түсіп, оны 1958 жылы бітіреді. Дипломын алған соң әйелімен екеуі Қырғызстанның Ош қаласына жіберіледі. Сонда қалалық тұрмыс комбинатының директоры болып ұзақ жыл жұмыс істейді. Елге 1964 жылы оралып, Қызылорда қаласындағы өнеркәсіп комбинатының бас инженері болып қызмет етеді. Соғыс жылдарындағы, оған дейінгі бастан кешкен қиын-қыстау азапты бейнетті жылдар әсер етіп, денсаулығы сыр бере бастайды. Ұзақ науқастан кейін 1979 жылдың наурызында 57 жасында қайтыс болды.
Сералы ағай жеңгеміз Сусарымен екеуі отау құрып, бес қыз өсіріп, білім беріп, өмірге қосты. Қыздары Роза, Гүлсара және Айсұлу жоғары білімді ұстаздар болды. Олардың шәкірттері өңіріміздің көптеген саласында еңбек етіп жүр. Қалған екі қызы Гүлнәр мен Сайра да мамандық иелері, барлығы үйлі-жайлы, балалы-шағалы. Сералы ағаның бүгінгі таңда төрт немересі, жеті шөбересі майдангердің өмірін жалғастырып келеді, ұрпақтары көбейе бермек.
Сералы ағайдың тегінен де сөз қозғасам, Сәкең жаппастың Сарыаяқ руынан, менің әкем Орынбасардан біраз жас кішілігі бар. Айтайын дегенім, әкемнің Сералы ағаймен қарым-қатынасы, сыйластығы өте зор болатын, мен – соның куәгерімін. Сералы аға науқастанып жатқанда әкемнің айтуымен екеуміз көңілін сұрауға үйіне бардық. Ағайдың үйі қазіргі «Киім» дүкенінің маңында, Амангелді көшесінің аяғында төртінші қабатта екен. Екі ақсақал бірден қызу ұзақ әңгімеге кірісіп кетті. Көптеген есте қалған ортақ әңгімелерді айтып, жақсы көңілді отырыс болды. Сонда байқағаным, бұл кісілер бір-бірімен өте тығыз байланыста, талай қызықты оқиғаларды бірге бастан кешкен, өмірдің ащы-тұщысын татқандар болып шықты. Сералы ағайдың жұмсақ мінезді сырбаз, аспай-саспай сөйлейтін мәдениеттілігі мен сауаттылығы қандай істі болмасын қолға аларда оны асықпай ойланып шешетін ақылды адам екенін аңғардым. Ел ішінде сый-құрметке, абыройға ие екендігі Сәкеңді соңғы сапарға шығарып салған кезде көрінді.
«Орнында бар оңалар» дегендей, ағайдың отбасымен, қыздарымен қарым-қатынасымыз үзілген емес. Үлкен қызы Роза менің ұлдарымды оқытып тәрбиеледі. Мұның өзі біздің туысқандық арамызды бұрынғыдан да жақындата түсті.
Сөз соңында айтарым, біз Сералы ағайдың іні-қарындастары, қыздары мен немерелері, шөберелері Сәкеңнің өткен өмір жолын өнеге тұтамыз. Бұл кісінің еліне аянбай еткен қызметі, ағайын-туған, жекжат, дос-жарандар арасындағы сый-құрметке бөленген тұлға екендігін мақтанышпен айтып еске алып отырамыз.
Амангелді Дәрменбаев
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!