Гүлсім 1979 жылы Қазалы ауданы Үрмәш Түктібаев ауылындағы №88 мектепті бітірді. Ол Кеңес Одағы дүрілдеп тұрған шақ, «Қазақстандағы қой санын 50 миллионға жеткізейік» немесе «Қыз-келіншектер тракторды тізгіндейік» деген сияқты ұрандатып, оларды іске асыруға мектеп бітірушілерді жұмылдыру саясаты науқанға айналған еді. Мектеп бітірушілер ауыл шаруашылығында 1-2 жыл жұмыс істемесе, қолына аттестат берілмейтін. Қатарларымен Гүлсім Т-40 тракторының руліне отырып, туған ауылының экономикасы дамуына өз үлесін қосты, келесі жылы совхоз, кәсіподақ және комсомол басшыларының қолы қойылып, мөрі басылған жолдаманы алып, сол кездегі астана Алматыға аттанды.
Қазақтың ауылшаруашылық институтына оқуға түсіп, 1980-1984 жылдары қызығы мен қиындығы да жетерлік студенттік шақты басынан өткеріп, «товаровед» мамандығы бойынша диплом алды. Қазалыға келген соң ПосПО деп аталып кеткен «Поселкелік тұтынушылар қоғамына» қарасты дүкенге меңгеруші болып қызметке тұрды. Мекеме басшысы, соғыс ардагері, «Қазақстаның сауда ісінің озық қызметкері» атанған Айниет Әсербаевтың мына сөзі қазіргі баспасөз қызметіне де сәйкес келетін болғандықтан өмір бойы есінде қалыпты: «Айналайын Гүлсім, сауда саласының мамандығын таңдаған екенсің, халықпен күнделікті қарым-қатынаста болғандықтан әрдайым кішпейіл бол, сөйлеу мәдениетін сақта, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете біл. Халық – Құдайдың бір аты, сондықтан «бетегеден биік, жусаннан аласа бол», сонда халықтың құрметіне бөленесің». Осы мекемеде жұмыс істегенде жоспарды артығымен орындап, алдыңғы қатарда болып, талай рет әртүрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды.
Одан кейінгі жағдай баршаға белгілі, еліміз нарықтық жүйеге көшкесін жоспарлы экономика күйреп, ақыры Кеңес Одағы ыдырап кетті. 1998 жылы сол кездегі мекеме басшысы Ш.Имандосова мекеме тарап жатқанда дүкен меңгерушісі болған Гүлсім Аймағанбетоваға пай үлесі ретінде, аудан орталығынан Әйтеке би көшесіндегі дүкен ғимаратын берді. Сол дүкенді кіші қызы Ботакөздің есімімен атап, жеке кәсіпкерлікпен айналысып, бала-шағасының нәпақасын айырып, ел қатарлы өмір ағымымен жүріп жатып, үш қызын оқытып, жоғары білім алуына жағдай жасады, сосын ұзатты, қазір үш қызынан жеті немере сүйіп отыр. Үлкен қызы Бағылан – «Даму» жеке жұмыспен қамту орталығының директоры, Гүлназ – аудандық мәдениет үйінің әдіскері, Ботакөзі – №17 спорт мектебінің маманы.
2010 жылдан бері Гүлсім Ақжігітқызы «Евразия-пресс» ЖШС Қазалы аудандық бөлімшесінің меңгерушісі болып қызмет істеп келеді. Осы қызметінде сауда саласындағы халықпен жұмыс істеген мол тәжірибесін іске асыра білді. Негізгі жұмысы баспасөз басылымын тарату болғандықтан қазіргі кезде мекеме жұмысын бір жүйеге түсіріп алып, қарамағындағы 7 пошта таратушымен халыққа қызмет етуде. Қазалы қаласы мен Әйтеке би кенті және аудандағы 19 ауылдық округтегі 78 мекемемен келісімшартқа отырып, 4 мыңнан астам газет-журналға жаздыруға қол жеткізіп, оларды уақытылы жеткізуді қамтамасыз етуде. Ұйымдастырушылық еңбегі де басшылар тарапынан бағаланып келеді.
2014 жылы «Қызылорда Евразия-пресс» мекемесінің директоры Қаршыға Егіншібаевтың қолынан «Жыл маманы» бағамын алды. 2015 жылы Халықаралық атақтар мен марапаттар жөніндегі комитетінің Ресейдегі өкілі Е.И.Сергеевтің қолы қойылған «Кедендік Одақ елдерінің Құрметті азаматы» деген атаққа ие болды. Бұл Гүлсімге Ресейде шығатын басылымдардың таратылуына ықпал еткені үшін берілді. 2017 жылы баспасөз күніне орай аудан әкімі Н.Шамұратовтың «Алғыс хатын» алды. 2018 жылы осы кәсіби мерекеге байланысты аудан әкімі М.Ергешбаевтың «Алғыс хатымен» марапатталды. 2018 жылы облыстық «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары И.Құттықожаевтың «Алғыс хатына» ие болды. Сол жылы мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесі үшін «Абай аманаты» төсбелгісімен марапатталды.
Әйтеке би көшесіндегі «Евразия-пресс» мекемесінің Қазалы аудандық бөлімшесі орналасқан екі қабатты ғимаратқа барғанымда, қарбалас жұмыс үстінде кездестірген Гүлсім Ақжігітқызы баспасөздің екінші жарты жылдығына жазылу жүріп жатқандығын жеткізіп, белгіленген межеден шығуды көздеп отырғанын айтты. Өз басым бұл межені де орындайтынына сенемін. Себебі, республикалық, облыстық және аудандық ресми газеттерден басқа «Түркістан», «Айқын», «Ана тілі», «Ақ босаға», «Жас Алаш», «Ақмешіт ақшамы», «Ел тілегі» және «Халық» газетінің тұрақты оқырмандары бар. Сөз соңында, төл мерекең құтты болсын Гүлсім деймін.
Бақытжан ТҮМЕНБАЙ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
Қазалы ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!