Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бақытын еңбектен тапқан

09.09.2021, 15:00 721

HALYQLINE.KZ

«Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» деген ұлағатты сөз бар. Бәріміз де ауылда туып-өстік. Бозбала шағымызда біздің, яғни «Қазақстанның 40 жылдығы» атындағы совхозбен көршілес орналасқан Карл Маркс кеңшары, қазіргі Бекарыстан би атындағы ауылдың көркіне тамсана қараушы едік. Екі ортаны әлденеше шақырым жол, толқыны жағаны ұрған Сырдария ғана бөліп жатқан сол бір іргелі елді мекен бізге алып шаһардай көрінетін. Негізінен күріш егумен айналысатын қоңсыларымызда үй сайын дерлік мотоцикл барын (кеңес өкіметі тұсындағы таптырмайтын көлік) білгенде ішіміз қызғаныштан қыж-қыж қайнаушы еді. Ауыл орталығындағы бір-жар дүкен, бір-екі автолавканың саудасына үйренген біздер Карл Маркстегі қаз-қатар тізілген сауда үйлеріне қайран қалатынбыз.

«Карл Маркс совхозының ауқымдылығы, тұрғындар саны көптігі соншалықты бірін-бірі танымайды, құдайжолы-тойға көше-көшені бөліп шақырады екен» дегенге бір үйде шақырыспа болса, ауылымыз түгел жиналатын біз әрі-сәрі күй кешетінбіз.

Ал Карл Маркстің мәдениет ошағындағы би кеші… ол енді бөлек әңгіме. Мотоциклге мінгесіп барып, таныс құрдастарды сағалап, би кешіне қатысып көріңіз. Қызылды-жасылды киінген арулары құдды хор қызындай елестейді. Ауылыңызға оралған соң өзіңізді біршама уақытқа дейін көкте қалықтап жүргендей сезінесіз.

Сонымен…. Бүгінгі кейіпкеріміз «Аманбай ахун» қоғамдық қорының президенті, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Қызылорда облысының құрметті ардагері», Байқоңыр қаласының еңбек ардагері, бірнеше мерекелік медаль иегері Базарбай Нағыманұлы – мен шама-шарқымша суреттеген бұрынғы Карл-Маркс, қазіргі Бекарыстан би ауылының төл перзенті.

Мен Базекеңмен тонның ішкі бауындай жақын араласамын деп айта алмаймын. Десе де, өмір жолы ағамыз екеумізді бірнеше мәрте жүздестірді. Туған ауылым, «Қазақстанның 40 жылдығы» атындағы совхоздың құрылыс саласына қойма меңгерушісі болып жұмысқа тұрған пәтім. Басшыларым бірде Қазалы аудандық тұрмыс қажетiн өтеу комбинатынан кеңшарға қажетті зат әкелуге тапсырма берді. Ауылда өскен, небары 20 жастағы бозбала кімді танып қарқ қылады дейсіз? Жүк машинасына мініп алып, аталмыш мекемеге жетіп бардым. Баруын, бардым. Бірақ… Қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыздың өзге ұлт өкілі екенін көріп, маңдайымнан тер бұрқ ете түсті. Абыройым бар екен. Аузымды ашып үлгермедім. «Директор» деген жазуы бар, дирментинмен қапталған есік ашылды да кабинет иесі шықты. Қос қолымды ұсынып сәлемдесіп, қайдан, неге келгенімді асыға жеткіздім. Сөзімді ілтипатен тыңдаған мекеме бастығы Базарбай Нағыманұлы (аты-жөнін кабинетінің табличкасынан оқып алғанмын) бөлмесіне мені ертіп қайта кірді. Тиісті адамдарға тапсырма беріп, келген шаруамды тап-тұйнақтай қылып, бітіріп берді. Мұндай қуанбаспын.

Базарбай ағамен ширек ғасырдан соң қайта жолықтым. Бұл сапар облыстық газеттің тілшісі ретінде Бекарыстан би ауылында жаңадан салынып, жамағат игілігіне берілген әулие бабамыз «Аманбай ахун» атындағы мешіттің ашылу рәсіміне қатысып, мақала жазуға барған болатынмын. Алланың жердегі үйі өте керемет салынған екен. Айшығы күн нұрымен шағылған еңселі мешіт төңірекке иман нұрын төккендей.

Ауыл азаматтары «Аманбай ахун» қоғамдық қорының президенті, ауылымыздағы көне мешіттің орнына халық тілегіне сәйкес, өз қаржысы және халықтың демеушілігімен 100 адамға арналып, жаңадан салынған «Аманбай ахун» мешітінің бас демеушісі Базарбай Нағыманұлы ағамыз» деп таныстырғанда елең ете түстім. Санама көп жыл бұрынғы өмір жолын жаңа аттаған жас маманға, маған жасаған Базекеңнің ағалық жанашырлығы оралды. Алайда ағамыз мені танымады. Мешіттің ашылу салтанатына жер-жерден адам көп жиналды. Ұйымдастыру жұмыстарымен жүгіріп жүрген Базекеңмен ашылып, тілдесудің маған да орайы түспеді. Жоғарыдағы оқиғаны ағамыз осы мақаладан оқығаннан кейін бәлкім, есіне түсірер.

Қоғамдағы оқиғаларға сергек қарау, атақонысын құрметтеп, имандылық шараларына белсене атсалысу – Базарбай Нағыманұлының басты қасиетінің бірі. Мұны ағамыздың өмірдерегінен пайымдау қиынға соқпайды. Еңбек жолын атақонысы қазіргі Бекарыстан би ауылында қарапайым жұмысшы-тракторшыдан бастап Қазалы аудандық тұтынушылар одағы жүйесiнде есепшi, аға есепшi, Карл Маркс жұмысшылар кооперациясының басқарма төрағасы, коопторг сауда мекемесiнiң, Қазалы аудандық тұрмыс қажетiн өтеу комбинатының директоры, Қармакшы аудандық тұтынушылар одағы баскармасының төрағасы, Жалағаш аудандық шикiзат дайындау мекемесiнiң, Төретам өндiрiстiк сауда бiрлестiгiнiң (Ақай сыра зауыты) директоры қызметтерiн абыройлы атқарды.

Мұнан соң Қазақстан Республикасы Транспорт сақтандыру қоғамы Байқоңыр филиалының, Қазақстан Жүргiзушiлер одағы Байқоңыр аймақтық филиалынын, Байқоңыр қалалық «Нұр Отан» партиясы филиалының атқарушы директоры, Төретам стансасы вокзалының бастығы қызметін атқарған Базекең «Нұр Отан» партиясының Алматы қаласында өткен I құрылтай съезіне делегат болып сайланды. Бірнеше мерекелік медальды жарқыратып кеудесіне тақты.

Ағамыздың есімі көпшілікке іскер азамат, мықты кәсіпкер ретінде де мәлім. «Нағыман и К» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгiнiң директоры болып жұмыс істейтін Базекеңнің өз қаражаты есебінен салған автомектеп, Төретам кентіндегі қос қабатты «Нағжамұл» ғимараты, «Жамал» қонақүйі халық игілігіне қызмет етуде.

Ұл-қыздары, немере-шөберелерінің қызығына кенеліп отырған іргелі әулеттің тізгінұстары Базарбай Нағыманұлы – бақытын еңбектен тапқан жан.

Жұмабек  Табынбаев,

Байқоңыр  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: