Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Балбукет – дәруменге бай сыйлық

04.03.2021, 9:00 1275

Көктем келді. Көктегі күн жылуы мен мейірін төгуге асығып тұрғандай. Наурыз айының алғашқы күні Алғыс айту мерекесімен басталып, әйелдер күні, Ұлыстың ұлы күніне жалғасады. Көбіміз сол әйелдер мерекесіне қандай сыйлық беру турасында ойланамыз. Әдетте нәзік жандылар қауымы ыдыстағы гүл, құшақ гүлдері мен әшекейлер алғанды ұнатады. Тұрмысқа қажетті ыдыс-аяқ пен әтір де, әдемі көйлек пен бояну бұйымдары да таңсық емес. Десек те, тәтті шоколад пен дәруменге бай көкөністен жасалған сыйлықты ұнатпайтын жан жоқ шығар?! «Оны кім, қалай жасайды?» деп отырған боларсыз.

Мереке қарсаңында жақынына, анасына, қарындасына, апасына, сіңлісіне, құрбысына, жалпы әйел затына әдемі тарту жасағысы келгендер үшін тәттілер жиынтығынан букет жасатуға болады. Осындай «Балбукет» сыйлықты өз қолымен даярлайтын Перизат Шарапатованы аз-кем әңгімеге тартып көрдік.

– Перизат, тәттілерден «Балбукет» жасау идеясы қалай туындады?

– Жалпы, бұл кәсіпті қолға алып бастағаныма 2 жыл болды. Бұл ойыма түрткі болған алғашқы себеп – ізімнен ерген бауырларымды «тек мамандық бойынша жұмыс істеу», «жұмысқа орналасу үшін таныс табу керек» деген секілді ойлардан арылту үшін кез келген уақытта кез келген дүниеден адал табыс табуға болатынын ұғындыру. Сондай-ақ, әрекет етсең берекеті Алладан екенін дәлелдеу және қосымша табыс көзі арқылы анама қолғабыс болу ниетім еді. Содан тұрақты жұмысым болса да, кәсіп ашу ойы маза бермей, бизнес курс оқуға бел будым. Балбукет жасауды үйрететін екі айлық ақылы курстың талабы – қандай кәсіппен айналысатыныңды шешіп, бірден бастап, алғашқы табыс табуды үйрену еді.

– Білуімше, қалада балбукет әзірлеушілер санаулы ғана. Өзіңіз бұл кәсіпті қалай бастап кеттіңіз?

– Ойыма түрлі кәсіп келеді, бірақ алғашқы инвестициялық қаражат қажет еді. Оған өзімде артық ақша болмады, анамнан сұрай алмадым, себебі курс ақшасын анамнан ала тұрған едім. Инвестиция салатын кәсіп түрін бастай алмайтын болған соң, мен секілді Қазақстанның түкпір-түкпірінен курсқа қатысып жатқан өзге кәсіпкерлердің біріне интернет-маркетолог болуға шешім қабылдадым. Ортақ чат арқылы Алматы қаласында тәтті букеттер дайындайтын келіншекке сатушы консультант ретінде бірге жұмыс істеуге ұсыныс жасадым. 8 наурыз қарсаңы еді, мен Қызылордада, ол Алматыда. Сонымен не керек, Алматы қаласына «Instagram» және «OLX» интернет желілері арқылы жарнама жіберіп, хабарласқан сатып алушылармен сөйлесіп, серіктес кәсіпкеріме тапсырыс жинап бердім. Әр тапсырысымнан түскен табыстың 15% қаржысы менің үлесім болды. Небәрі екі күн ішінде шамамен 30000 теңге көлемінде табыс таптым. Осыдан кейін «аталмыш кәсіп түрімен неге мен де айналыспасқа, жұрттың жасағанын мен де жасай аламын» деген ой келді. Бұрыннан қолөнерге икемім бар еді. Көп ұзамай өзім де бастап кеттім.

– Алғашқы тапсырыс қандай болды, қалай жасадыңыз?

– Бірде курстағы жетекшіме сыйлық жасағым келді. Бір-екі видео сабақтан көргенімді жасай алмай қара терге түсіп, 30-40 минут уақыт жұмсайтын букетті 5-6 сағат отырып әрең жасағанмын. Одан кейін алғашқы тапсырысым жеміс-жидектерден жасалған 3500 теңге тұратын букет болды. Күндізгі уақытта жұмысыма барып, түнгі уақытта тапсырыстар орындадым. Фудфлористикадағы алғашқы қадамым осылай басталды.

Бүгінде ассортиментімізде құрт, ірімшік, жемістер мен кепкен жемістерден, шоколад, шұжық өнімдерінен және арнайы рецепт бойынша дайындалатын букеттер бар. Көлемі мен құрамындағы заттарға қарай кез келген бағаға дайындап бере аламыз.

– Туындыңызды көпшілік қалай қабылдайды?

– Жалпы, алғаш бастаған кезде тапсырыс болмады. Оның үстіне қажетті құралдар мен өнімдер түрлері де таңдауға аз болды. Көп дүниені қолдан құрастыруға тура келді. Ол кезде біздің қала үшін бұл кәсіп түрі таңсық еді, халық үшін ерсі көрінетін. «Бұл не? Оны сатып алғанша, өзім жасай салмаймын ба?» деген сұрақтар мен пікірлер көп болды. Кепкен жемістермен жасалатын орташа көлемдегі букеттің затына 4-5 мың теңге жұмсалса, еңбекақымды ескермей, өзіндік құнына сатып алғысы келгендер де болды. Аллаға шүкір, қазір бұрынғыдай емес, қолөнерді, еңбекті бағалайтындар қатары артып келеді. Ең бастысы, жолдасым, отбасым, жақындарым қолдап жүр.

– Алдағы уақытта кәсібіңізге қатысты қандай жоспар бар?

– Жуырда жақын туысыма кондитер болуға ұсыныс жасап, сыйлыққа шоколад өнімдерін дайындауды қолға алдық. Алдағы уақытта осы кәсіпті кеңейтіп, сүйікті ісімізді кәсіпке айналдыру арқылы нәсіп табу, бірнеше адамды жұмыспен қамту, осы кәсіпке икемі бар тұтынушыларды оқытсақ деген мақсатымыз бар.

– Уақыт бөлгеніңізге рақмет!

Әңгімелескен Н.ҚАЗИ

Пікірлер:
  • Керемет. Өте әсерлі. Бұл әйелдер,аналар мен әжелерімізге таптырмас бағалы, әрі пайдалы сыйлық болатыны сөзсіз. Өсе беріңіз,өркендей беріңіз.

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: