Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Азалы күндегі арсыздық

16.07.2020, 12:55 976

13 шілдеде індеттен көз жұмған марқұмдарды еске алып, ұлт болып, аза тұттық. Бірақ… ұлттың, елдің қайғысына ортақтасып, ел басына түскен нәубетті бөлісудің орнына, радиоэфирлерден сауық-сайранға ерік берген жекеменшік радиолардың арсыздығын көріп, зығырданым қайнады.

Сол күні көліктегі радионы қосып, біраз арналарды тексеріп шықтым. Сағат түскі 15.00-дің шамасында «Шалқар» радиосы қайғылы күй беріп, «Қазақ радиосы» орысша індет құрбандары туралы ақпарат таратып жатты. Бірақ… «Радио Жулдыз FM» (101.4), «Dala FM» (101.8), «Радио Gakku FM Алма-Ата» (ресми атауы әлі Алма-Ата деп тұр) сияқты арналардан жайшылықтағы даңғырлаған сауық-сайранын қосып қойыпты! Тіпті, 100.9 радиожілігінен (бұл Монте-Карлоның радиосы деп тұр) қазақша неше түрлі жылауық әндерді бірінен кейін бірін беріп жатқанын естіп, жағамды ұстадым!

Тұтас мемлекет деңгейінде аза тұтылып, күллі ел қайғырып, марқұмдардың әруағына құран оқылып, Алаш жұрты Алладан жіберілген сынаққа араша сұрап жатқанда, жекеменшік радиолар осындай нағыз топастықтың, жабайылықтың, бейшаралықтың үлгісін көрсетіп отырғаны жаныңа қатты батады екен! Сонда біз шаңырақты сыйламайтын, елдің қайғысына пысқырып та қарамайтын мұндай имансыз арналарды неге тайраңдатып қойдық? Үкімет неге осы арналарды жауып тастамайды? Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қайда қарап, кімді тыңдап отыр? Тым құрығанда бір күн елдің қайғысында терең ойлана алмаған арсыздарды тәубесіне түсіруге неге ұмтылмаймыз, қайран елім?

Бәзбіреулер мұны Жалпыұлттық аза тұту күні өтіп кеткеннен кейін, неге жазып отыр деп сұрауы мүмкін. Азалы күннің қадір-қасиетін әлі ұғынбаған екенбіз. Күллі қазақ бірігіп, індетпен соғыста Жаратқаннан жәрдем тілеп, дұға оқып, ұрпақтың амандығын тіледік. Барымызды бағалап, жоғымызға жалбарындық. Алладан барша қазаққа амандық, сабыр, бірлік тіледік. Алда-жалда азалы күн қайталанатын (әрине оның бетін аулақ қылсын) болса, осынау жабайылықтан тыйылып, санасыздықтан сабақ алуымыз қажет!

Төлен  ТІЛЕУБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: