Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ауылдың айтқыштары

02.08.2021, 16:00 613

HALYQLINE.KZ

Құлақ  тістеу

Менің жақсы сыйласатын бір інім бар. Әкесі марқұм Арал, Қазалы өңіріне аса сыйлы, танымал адам болатын. Атаның қаны, ананың сүті текке кетсін бе?!. Бұл бауырым да – ел-жұрты қадір тұтқан азамат. Ішкі істер саласында лауазымды қызмет атқарып, абыроймен зейнет демалысына шықты.

Бірде ініміз бір досының баласының үйлену тойына барыпты. Асаба да ділмар екен. Тілек айту кезегі інімізге келгенде мұның сөзге шешен, қуақы екенін білетін асаба сүйкене сөйлепті. Ініміз болса тілегін айтып, сыйлығын тапсырған соң оған бұрылып:

– Сен, өзіңнің құлағыңды өзіңнің тісіңмен тістей аласың ба?!. Ал, олай жасау менің қолымнан келеді, – депті.

Талай адамдармен араласып, небір оқиғаларды басынан өткерген асаба мұндай ертегіге сене қойсын ба?! Мүмкін еместігін айтып, бәстеседі. Қисынсыз іске мейманхана толы қонақтар да ду күліпті.

Сонда әлгі ініміз аузындағы екі қатар протез тісін суырып алып, сарт еткізіп өзінің құлағын тістете қойыпты. Мұны көрген көпшіліктің күлкісінен тойхана қабырғасы теңселгендей болыпты. Осылайша ініміз бәсте үстем түсіпті.

Құда  тартар

Қазақтың тойы біткен бе?! Бір көкеміз туыстарын бастап, құдалыққа барыпты. Құдаларын құдайындай сыйлайтын қазекең қонақтарын барын салып күтіпті. Кәде-қаумет тапсыратын кезең де жетеді. Көкеміз «мынау құда тартардың жоралғысы» деп ақшасын ұсынса, ойынқұмар бір құдаша «кәдесіне қоса, құданы тартамын» деп өзеуреп қоймапты. Әрі-бері «кәдесін алып, қоя сал» десе көнбепті.

Болмаған соң көкеміз жата қалып «мені тарт» деп аяғын ұсыныпты. Ақсақалдың сирағынан шап беріп ұстай алған құдаша бар күшімен сілкіп қалғанда, көкеміздің аяғы тізесінен жұлынып кетіп, қолында қалады. Шошынғаннан шалқасынан түскен құдаша аяқты лақтырып жіберіп, еңбектей қашады.

«Бақса бақа екен» демекші, көкеміздің бір аяғы тізесінен жоқ, протез екен. Құдашаның қылығын жақтырмаған ақсақал ешкімге білдірмей протез аяғының бекітпе бұрандасын босатып қойса керек. Әлгі құдаша сонан кейін құда тартамын деп таласпайтын болыпты.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: