Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Асыл әжем

06.05.2021, 10:00 745

Мен асыл әжем туралы  жазбамды бастамай тұрып, оны тыл арда­гері ретінде 9 мамыр – Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Зор денсаулық,  қажымас  қайрат  тілеп,  ауырмай  ортамызда  күліп-ойнап, мәңгі  жасап  жүре  беріңіз  дегім  келеді.

Менің әжем Рабиға Қартбаева Қармақшы ауданы Жосалы стан­циясында 1938  жылы маусым айының 20-жұлдызында қарапайым  шаруа отбасында  дүниеге  келген. Әкесінің аты – Дәулет, анасының аты – Балыш.  Әжемнің   Нази,  Патима  есімді   апалары  мен  Раушан  деген сіңлісі болған. 1943 жылы әкесі жол бойында қызмет атқарады. Ал анасы қолғап тігіп, поезбен солдаттарға жіберетін. Әжеміз апаларымен бірге анасына қолғап тігуге көмек береді екен. Арасында жіптерін иіріп, шотаяқпен тоқиды. «Бойымыз кішкентай болғасын, пештің үстіне мініп алып иіретінбіз жіпті, – деп бір күліп алды. – Ол кезде үлкендерден «бұзу» деген сөзді көп еститінбіз. «Бұзуға барамыз», «Бұзуға кетті», «Бұзудан қайтып келмеді» деген сөздерді. Сөйтсе, «бұзу» деген «соғыс» деген сөз екен».

1944 жылы Қармақшы топырағына шешен халқы жер аударылып келген. Ауыл адамдары сол кездері бидайды диірменмен тартып отырға­нда, тартқан бидайларын шешендердің ауыздарына уыстап тығып жегендерін көріп қорыққан екен. Кейіннен әжемнің анасы қарында­ры ашқаннан солай жасап жатқандарын айтып түсіндіріпті.

1945 жылы «соғыс аяқталды» деп жұрт қуанышқа бөленіпті. Ол кезде әжемнің отбасы жақсы тұрған екен. «Сол кезде нанға тоқ едік» деп әжем мұңайды. 1946 жылы әжелерімді Сталин колхозына көшіріп жіберіпті. Осы ауылға келгеннен кейін қиыншылық басталған. Қиын болғаны соншалық, ұрланып масақ терген. Сол үшін бригадирлердің талай таяғын жегенін есіне алды. «Өмір сүруіміз ауыр болды» деп әжем ойланып  кетті. Әкесі байлардың жүгерісіне қарауыл болып ауру  тауып­ты. 1947 жылы  әжем  сол  Сталин  колхозында  мектепке  барып­ты. 1948 жылы жазғы демалыс кезінде әкесі ауруынан айықпай дүние­ден озған. Содан кейін анасы қызы Назидің қолына көшіп келіпті. 1947 жылы Назидың жолдасы дүниеден озған екен. Апасы көп көмек  жасапты.  «Апам бізге  көп көмектесіп, бізге  қарасты  ғой» – дейді әжем. Әжем 7 жылдық мектепті бітіріп, аудан орталығына МТЭС деген 10 жылдық мектепке оқуға келіпті. Онда мектеп-интернатында жатып оқыған. Оқып жүргенде  оларды бидай, күріш ораққа көп апарады екен. Анасы  сол  жерде 17-18 сиыр сауып, сүтін өткізеді. Сөйтіп әжемнің  балалық  шағы  қиындықпен  өтіпті…

1956 жылы Ерхан атам мен әжем отау құрған. Атам ағаш ұстасы екен. Әжем үй шаруасымен айналысыпты. 1957 жылы Ұлбосын атты тұңғыш сәбиін дүниеге әкелген. Көп ұзамай перзентінен айырылып қалыпты. Екі жылдан кейін, яғни 1959 жылы әжем Зибагүлді дүниеге әкеледі. Күндердің бір күнінде әжем екінші сәбиінен де айырылады. Әжеме бұл қайғы ауыр тиіпті. 1961 жылы Ерболат көкемді өмірге әкелген. 1980 жылы әжемнің анасы дүниеден озған. 1986 жылы Болатбек көкем Қарулы күштер қатарына алынып, борышын өтеуге Германия қаласына кетіп, 1988 жылы қаралы хабар келеді. Атам мен әжеме бұл қаралы  хабар  ауыр  тиеді.

Рабиға әжем 2012 жылы 20 наурызда «Еңбек ардагері» медалін алды. Ал, атам 2013 жылы қыркүйек айында дүниеден озды. 2020 жылы мамыр айында Ресей Федерациясы Президентінің 2019 жылғы 13 мау­сымдағы Жарлығына сәйкес, 1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған мерейтойлық медалімен марапатталған. Қазіргі таңда әжемнің 8 перзенті, 28 немересі, 5 шөбересі бар. Әжем  көрген  қиындықтарын  айтып, көзіне  анда-санда жас алып отырды. «Басымыздан небір ауыр күндер мен қиыншылықтар өтті  ғой. Ол күндер  қайтып  келмесін. Қазір Құдайға  шүкір,  еліміз тыныш,  халқымыз  тоқ. Бейбітшілік заман бола берсін. Жастарымыз аман  болсын»  деп  әжем  батасын  берді.

Айдана  СЕЙІЛХАНҚЫЗЫ,

№140 қазақ орта мектебінің 5 А сынып оқушысы,

Қызылорда  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: