Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Арыз

27.02.2020, 11:52 1002

Бастығыма «жалақымды көбейту туралы арызыма қол қойып беріңізші» деп кабинетіне кіріп едім. Арызымды бір қарады да, көзі ұясынан шығып тұра қашты. Мен соңынан қуа жөнелдім. Біздің басекең жүйрік қой, жеткізбейді. Бәрінен қашып құтылады. Жүгіріп барып әкімшілікке жиналысқа кіріп кетті. Алты сағат күттім. Жиналыс аяқталған соң, мені көріп көлігіне мініп белгісіз жаққа бет алды. Ертеңіне кабинетінің алдынан тостым. Келмеді. Көмекші қыздан сұрап едім. Тісін емдетуге емханаға кетіпті. Сол жаққа іздеп бардым. Қол қоймады. Сылтау­ айтып қарасын батырды. Үйінің алдынан күттім. Сол күні үйіне түнемеді. Соңынан бір апта жүгірдім. Ұстай алмадым. Бүгін ертемен жұмысқа келдім. Бастығы­м аэропорттан қонақ күтуге кетіпті. Қарсы алдынан­ шықтым.­ Маған көзін салмады. Қонағын көлігіне мінгізіп мейрамх­анаға тартты. Мен де артынан қуып бардым.

– Арызыма қол қойып беріңіз.

– Қоймаймын. Неменеге қыр соңымнан қалмайсың?

– Неге қоймайсыз?

– Сол, мекемеде ақша жоқ.

– Мен енді басқа арыз жазып әкелдім.

– Қандай? – деп шошып кетті.

– Жұмыстан өз еркіммен шығу туралы.

Ол қуанып көзі күлімдеді. Төсқалтасынан әдемі қаламсабын алып шиіріп қолын қойды.

– Рақмет!

– Айтпақшы, қай жағына ауысып жатырсың? – деп сұрады.

– Облыс әкіміне орынбасарлық қызметке шақырды, – дедім.

Бастығым селк ете қалды. Түрі бозарып, жеп отырған тамағына­ шашалы­п қалды.

Мейрамханадан шығып тайып отырдым. Енді ол мені тұра қуды. Бір ай болды әлі ұстатпай қашып жүрмін. Біздің үйдің алдына бір апта қонды. Байғұс шаршап кетті.

Ай, дүние алма-кезек деген осы ғой…

Нұрлыбек  ЖҰБАТҚАН,

Ақтөбе  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: