Мөлтек сыр
Біз мектеп табалдырығын аттаған жылдың қысында ауылымызға тасқын сел қаптады. Бала болсақ та, ауыл адамдарының күндіз-түні тыным таппай жұмыс істегені, түрлі техникалардың ауыл маңайын қоршалап қорғаныс қашысын соққаны есімде. Қауіптің деңгейі өте жоғары болды. Десе де, ел азаматтарының жанкештілігінің арқасында ауыл табиғат апатынан аман қалды. Қорғаныс қашысының сілемі арада қырық жылдан астам уақыт өтсе де әлі бар.
Ол кезде қашының басына шықсаңыз, көз жетер тұс алақандағыдай көрінетін. Ал мен… сол жерден Алматыны көрсем деп армандаушы едім. Өйткені үлкен ағайым Алматы қаласындағы жоғары оқу орнында оқитын… Ауыл балалары ақкөңіл, аңғал болып келеді. Жалпақ тілде электр бағаны «діліграм» дейтінбіз. Арасында әке-шешем ағама «телеграмма саламыз» депаудан орталығына кетеді. Мен болсам телеграмманы «діліграммен» шатыстырам. Діліграмның түбіне барып, құлағымды төсеймін. Бағананың бойымен жүріп жатқан токтың дыбысын «папа- мама ағаммен сөйлесіп жатыр» деп мәз болатынмын. Қайран, балалық!
Елдің тасқын судан кейінгі ахуалы бөтен болмады. Ауыл жанындағы тіпті, ауыл ішіндегі қашқан судан өзімізден сәл ересек балалармен бірге алық аулаймыз. Әсіресе, суы тартыла бастан кезде олжаға қарқ болып жүрдік. Бірде тайыз су бетінде бауырымен төңкеріліп жатқан шортанды көрдім. Өліп қалған екен деп ойлап қолыммен ұстап көргенмін.Әлгі шортан білегіме шап ете қалғаны. Жан дауысым шықты. Қасымдағы тетелес ағам қомағайдың аузынан қолымды зорға босатып алды. Сөйтсем шортан шалшық суда есеңгіреп, шалажансар жатыр екен. Кейін суы құрғаған сол жерге құрылыс нысаны түсті.
Топан су қайтқан соң әр жерде терең шұқырлар пайда болды. Мұндай қолайлы жайтты қалт жібереміз бе?! Ірілі-ұсақты, ұлы-қызы аралас бір топ бала қашының жанындағы іші суға шүпілдей толған, өзіміз «апан» деп атайтын жыраға шомылушы едік. «Апанның» судан қорғаныс қашысын биіктетуге эксковатормен топырақ қазып алынған шұқыр екенін сезіп отырған шығарсыз. Көлемі ауқымды. Ал тереңдігіне аттылы адам жасырынса көрінбес еді.
Түз тағысы көкжал қасқырдың бөлтіріктерін арыны қатты тау суының ортасына тастап, жүзуге, өмір сүруге құлшынуға, қайсарлыққа баулитынын естіген едім. Біздің балалық шағымыздағы ауыл балаларының кейбір қылығы да сол бөріге ұқсаушы еді.
Біз ірілі-ұсақты, қыз-ұлы аралас бір топ бала күнұзағына апанға шомылудан жалықпаушы едік. Оо… ауылдың кез келген баласы суда балықша жүзеді. Олай болмағанда ше?! Ащыкөлдің баурайында туып, Өзекке құлаш ұрып өскен балалардың жүзу білмеуі… естіген құлаққа ұят. Алда-жалда малту білмесеңіз… қиналмаңыз. Қазіргі тілмен айтқанда, «дедтер» (бізден бірнеше жас үлкендігі бар, төртінші-бесінші класта оқитындар өздерін осылай атайды) бір-екі мәрте дәріс берсе… жүзудің сан тәсілін қағып аласыз.
Бір күні дәріс алу кезегі маған келді. Апанның жағасында суға шомылып жұргендерге қызыға қарап отырған едім. Екі «дед» жаныма келіп, бас салды. Менің бақырғаныма қарамай, шешіндіріп, ішкиіммен қалдырды. Мұнымен тоқталса жақсы ғой. Аяқ-қолымнан ұстап алып, шайқап-шайқап тұрып, апанның дәл ортасына лақтырып кеп жіберсін… Терең суға тас кесектей шым баттым. Жан-жағым буалдыр сағымға толды. Табаным жерге тиісімен жанекпін теуіп жіберіп, судың бетіне атып шықтым. Қайта баттым. Қайтадан шықтым. Жанұшырып аяқ-қолымды сермей бастадым. Жо-ооқ… бұл жолы бата қоймадым… Ептеп алға жылжыдым. Қимылды қарқындаттым. Кәдімгідей жүзе бастадым. Ал менімен қапталдасып өзімді суға лақтырған «екі оңбаған» жүзіп келеді. Өздерінше мені қорғаған түрлері. Жағаға жетісімен ішегім үзіліп кетердей лоқсып, ұзақ құстым.
Есімді жиысымен әлгі екеудің әке-шешесін… суға шомыла-шомыла тілімденіп кеткен аяқ-қолын (өзім оңып тұрғандай)… күнге күйген газеттен жасалған қалпағын… ізіне еріп келген қызыл итін… мініп келген есегін… дымын қалдырмай боқтап-боралап, үйге қарай еңіреп, қаштым. Алайда үйлегілерге тіс жарғаным жоқ. Балалардың «ашық ауыз… қара қатын…» деген мазағынан қорықтым.
Ертеңіне апанға қайтадан бардым. Достарым да, «дедтер» де арамызда түк болмағандай қарсы алды. Кешке дейін алаңсыз суға шомылып, жалақ ойнап рақаттана уақыт өткіздік. Көп ұзамай мен де шалқалап жүзу, итше малту, сүңгу тағы басқа жүзу тәсілдерін еркін меңгеріп алдым.
Біршама уақыт бұрын Оралға қыдырып бардым. Жайыққа шомылдық. Жүзуді ұмыта қоймаған екенмін. Армансыз көсілдім. Жанымдағылар менің қимылыма сүйсініп, қошемет білдірді. Менің көз алдыма сонау бала кезімдегі қасиетті ауылым… биік қорғаныс қашысы… суы шүпілдеген апан… күлімдей қолын бұлғаған достарым… терең суға лақтырған екі «дед» елестеп өтті…
Жұмабек Табынбаев,
Қазалы ауданы
Көрнекі сурет
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!