Бірде төмендегідей қызықты жайтты бастан кешірдім. Құрдасым әрі бажа деп сыйласатын (екеуміз де Асан руының күйеу баласымыз) ауылдасым екеуміз көшеде келе жатқанбыз. Қарсы алдымыздан жылы жүзді жас келіншек қарсы жолықты. Өзге ұлт өкілі екені байқалып тұр. Танымайтын адам болған соң мән бермедім. Кенет… Әлгі өзім орыс қызы деп ойлаған келіншек бізге иіліп сәлем салсын. Мен ауызымды ашып үлгермедім. Жаңағы орыс келіншек таза қазақ тілінде жанымдағы құрдасыма:
– Жезде, сәлем бердік! Ат-көлігіңіз аман ба?! Апамның жағдай қалай?! «Еркебала» вахтадан келді ме ?! – дегені.
Мәссаған! Өз құлағыма өзім сенбедім. Досым болса келіннің сәлеміне ізетпен жауап қайтарып, бәйек болып жатыр. Оңаша ұзап шыққан соң құрдасым:
– Бұл менің жақын балдызымның келіншегі Наталия Баркова деген келініміз болады. Өзі мың жасағыр жан! Қашан кездессең де осылай жақын тартып, елпілдеп тұрады. Түрі бөлектеу демесең, тілінде мүлтік жоқ. Қазақшаны кейбір қандасымыздан артық меңгерген, – деп жымиды.
Наталияға мен де ризашылығымды жасыра алмадым. Әсіресе, оның қазіргі кезде көп қолданыла бермейтін «Ат-көлігіңіз аман ба?!» деген сөзіне ішім жылыды. Өзге ұлт өкілінің қазақ тілінің мәйегін бойына осыншама терең сіңіргеніне қуандым.
«Орысша оқып едім» деп ана тіліне келгенде тұсаулы аттай кібіртіктейтін қаншама қандасымыз арамызда жүр десеңші?! Ондай дүмбілездерге Наталияны үлгі қылса артық болмас еді.
Бүгін Наталия Андрейқызы жайлы қалам тербеуді ұйғарғанмын. Алдымен Наталия жұмыс істейтін №95 мектеп директоры Оңталап Махамбетовке қоңырау шалып, шаруамның мәнісін айттым. Байсалды мінезді мектеп директоры Наталияның кішкентайлы болып, бала күтімімен үйінде екенін айтып, телефон номерін берді.
Наталияға амандық-саулықтан соң, өзімді таныстырып, қазақы дәстүрмен кішкентайына бауы берік болсынымды жеткіздім. Наталия тосылған жоқ.
– Айтсын, аға! Алла тілегіңізді қабыл етіп, періштелердің құлағына шалынсын!, – деп жауабын сарт еткізді.
Менімен тілдескен аз уақытта Наталия «Алла қаласа!» дегенді бірнеше мәрте қайталады. Аузынан Алласы түспеген Андрейдің қызына ішім жылыды.
Баркова Наталия Андреевна Ресей Федерациясы, Брянск облысы, Клинцы қаласында дүниеге келген. Қарапайым отбасының перзенті Наталия Клинцы қаласында балабақшаға барып, өмірге деген алғашқы қадамын жасады. Кейін бұлардың отбасы Қазақстанға, оның ішінде Қазалы ауданы, Жалаңтөс батыр атындағы ауылға қоныс аударды. Наталия ақпейіл ауыл адамдарынан, нағашыларынан қазақ тілін үйренді. Нағашы әжесі Айшагүл мен анасының бауырлары бұларға асқан қамқорлық танытатын. Осылайша қазақы қалып Наталияның дағдысына, дағдысы өмірлік қағидасына айналды. Қазақы тәрбиені, салт-дәстүрді, диірмен тарту, күбі пісу, киіз басу, тоқыма тоқу, кесте тігу, басқа да тұрмыстық заттарды көріп, жасап, үлкендерге қолғанат болып жүріп, өзі де көп нәрсе үйренді, көзі қанығып, қолы қалыптасты. Өзі ғана емес соңына ерген інісі мен сіңлісі де осы тұрғыда тағылым алды.
Жалаңтөс батыр ауылындағы №103 мектепті аяқтаған Наталия Андрейқызы Қожа Ахмет Яссауи атындағы қазақ-түрік университетінде дәріс алды. Кейін Рүстем есімді қазақ жігітімен отау құрып, шаңырақ көтерді. Өмірге Нұрдәулет, Нұрислам есімді ұлдар мен Наргиза атты қыз бала келді.
Біршама жылдан бері Наталия Андрейқызы Қ.Нұрмаханов атындағы №95 орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етеді. Педагог-сарапшы. Қазалы аудандық «Бірлік-Единство» этно мәдени қоғамдық бірлестіктің белді мүшесі.
Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Түрлі байқаулар мен сайыстарда топ жарып жүрген жас. Наталия – өнерлі жан. Жеке дауыста әжептәуір ән де салады. Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған сайыста Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін нақышына келтіре орындаған оған тыңдармандар қошеметпен қол соқты. Сондай-ақ облыстық байқауда аудан намысын қорғаған Наталия тағы да үлкен жетістікке жеткен болатын.
Наталия – берекелі қазақ шаңырағының отанасы. «Ұстаздық еткен жалықпас…» дегендей біздің кейіпкеріміз мамандығын мақтаныш тұтады.
– Қазір ауылда анам мен інім тұрады. Сіңлім де қазақ отбасына келін болды. Мен шаңырақтың сүт кенжесіне тұрмысқа шықтым. Шүкір, бақытты отбасымыз.
Мектепте қазақ балаларын оқытып, абыройлы қызмет атқарып келемін. Қазіргі кезде бала күтіміне байланысты демалыста отырмын. Үйде отырсам да қоғамдық жұмыстарға араласып, өз деңгейімде марапаттарға ие болып жүрмін. Үйде отырған 1 жыл ішінде Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасынан, Қызылорда облысының әкімінен және Қызылорда облыстық Ә.Тәжібаев атындағы әмбебап кітапханасынан алғыс хат иелендім, – дейді Наталия Баркова.
Жұмабек Табынбаев,
Қазалы ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!