«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы жолдағы қазіргі жағдай туралы ақпарат берді, деп хабарлайды halyqline.kz тілшісі Kazinform сайтына сілтеме жасап.
5 қарашадағы жағдай бойынша көлік қозғалысы бірнеше өңірде шектелген. Шығыс Қазақстан облысында сағат 08:00-ден бастап тіркемесі бар және жартылай тіркемелі жүк көліктерінің қозғалысына Осиновский асуында уақытша шектеу енгізілді. Шектеу «Өскемен — Алтай — Катонқарағай — Рахман қайнары» автожолының 46–66-шақырымындағы (Северное ауылы — Серебрянск қаласы) учаскесінде сақталады.
Бұл шара таулы жерде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданып, қыс маусымы аяқталғанға дейін сақталады. Түркістан облысында А-15 автожолының («Джизак — Гагарин — Жетісай — Киров — Қызыләскер — Сарыағаш — Абай — Жібек жолы») 175-183-шақырымындағы, Келес ауданы аумағындағы учаскеде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Көлік көптігіне байланысты бұл жерде 10 қарашаға дейін уақытша шектеу енгізілген.
5 қараша күні Қостанай, Алматы, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе және Павлодар облыстарында, сондай-ақ Жетісу облысында жаңбыр мен қар жауып, кей жерлерде көктайғақ болады.
Жүргізушілерге жолда абай болып, жылдамдықты асырмауға және ауа райының қолайсыздығын ескеруге кеңес берілді.
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!