HALYQLINE.KZ «Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді» дегенді ұстанған қазалылықтар бүгінде кәсіпке бейім, өндіріске өрелі. Ерте жастан еңбекке араласып, қаржылай тәуелсіздікке жету мұндағы жалынды жастардың да бойында қалыптасып келеді.
Сондай жеке кәсібін дөңгелетіп, сапалы өнім өндіруді қолға алған жеке кәсіпкердің бірі – Қазалы қаласының тумасы Әсет Әзілханов.
Ол қазіргі таңда құрылыс жұмыстарына қажетті газоблок шығарумен айналысады. Бұл өнім ұзаққа төзімді, өртке қауіпсіз, экологиялық таза, жылуды сақтайтын, аз ғана үлес салмағы бар, түрлі өңдеулерге ыңғайлы құрылыс материалы.
– Осыдан бірнеше жыл бұрын жеңілдетіп несие алып бастадым. Әзірге өнімді жеке үй-жай салып жатқан азаматтар мен түрлі ғимараттар құрылысын жүргізіп жатқан құрылысшылар тапсырыспен алдырып жатыр. Өзіме қажетті құрал-жабдықтарды Қызылорда қаласынан алдырамын. Алдағы уақытта тағы да қаржы көздерін қарастырып, ксәбін кеңейткім келеді. Бүгінгі таңда өзімнен бөлек 3 адамды жұмыспен қамтып отырмын, – дейді жас кәсіпкер Әсет.
Жалпы, Қазалы ауданында кәсіпкерлік саласының даму әлеуеті жоғары. Мұны сала басшыларының да кәсіпкерлермен тығыз байланыс орнатуынан десек те қателесе қоймасымыз анық. Әсет секілді жас кәсіпкерлердің жанына желеу, талабын ұштап жүрген Қазалы аудандық кәсіпкерлік өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ақтілеу Бөріқұлақовтан жас кәсіпкерлердің жағдайын сұрауды да жөн көргенбіз.
– Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі жаңа ұлттық жоба шеңберінде кәсіп бастағысы келетіндерге тегін оқу, грант, жеңілдетілген несие беру жолдары қарастырылған.
Былтыр Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 121 кәсіпкердің жобалары мақұлданды. Оның ішінде 29 жастың жобалары қолдау тапты. Осы бағдарламаның 200 АЕК көлеміндегі грант қаражатын 661 адам алған. Оның 270-і жастар болып тұр.
Жалпы аудандағы грант қаражатын алғандардың 59,0 проценті Әйтеке би кентінде, 6,0 проценті Қазалы қаласында, 35,0 проценті ауылдық округтердің үлесінде, – дейді А.Талайлыұлы.
«Болам деген баланың бетінен қақпа, белін бу» демекші, кәсіпкерлігін дамытып жатқан жастарды, оларға жан-жақты қолдау білдіруді құп көретін ел атқамінерлердің ілкімді ісі көңіліңді марқайтатыны да сөзсіз.
Ж.ТАБЫНБАЕВ,
Қазалы ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!