Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Туризм еліміздің негізгі табыс көзі бола ала ма?

21.07.2022, 10:40 1042

Қазақ елінің кең жазира даласына көз салып, қызықпайтын ел жоқ. Бәріне қазақтың жұқалаң шалғын шөптері, көкпеңбек айнадай көлдері қызық. Сайын Мұратбековтың «Жусан иісі» повесін оқыған қалың қазақ, сол бір ешбір теңеу сәйкес келмейтін ғажайыпқа толы иісті іздейді. Міне, ұлты бөлек болса да, ет пен сүйектен жаралған адамзат ерекше сезімге бөлену үшін Қазақстанға келгісі келетіні жасырын емес. Біз өзгелер секілді инновациялық технологиямыз дамып, әртүрлі қызмет көрсететін роботтар, алтын, күміс, жер бетіндегі түрлі лағылдардан салынған ғимараттарды, небір мәрмәр жағалауларды тарту ете алмасақ та ежелгі тарихи, тамыры тереңге жайылған кесенелер мен әлі күнге дейін зерттелу үстіндегі тың дүниелердің көзі қарақты көрермені болу мүмкіндігін сыйлай аламыз. Бұл – атадан мұра болып қалған аманатты, елдік рухты, қазақылықты сақтап қалғанымыздың нәтижесі. Еліміздің көрікті баурайына шетелдіктер мойын бұрып жатқаны да сондықтан. Отырып-отырып ойлайсың дегеннен шығады. Мұнайдан кейінгі ұлтымыздың үкілеп отырған үміті туризм негізгі табыс көзіне айнала ала ма? Табиғаты мен қазақы ортаны көруге туристердің жиі келіп жүргенін көріп-біліп отырмыз. Дегенмен, Сыр өңірі туристік мекендердің қатарына ілесе алмай, кенжелеп бара ма? Бұрын ел астанасы болған шаһардың бүгінгі табиғаты қандай?

Жалпы, елімізге  көлденең  жатқан көк атты­лар да ат басын бұрып, бізге қызыға да, қызғана да қарауда. Қайткенмен де кей мемлекеттерден оқ бойы озып тұрғанымыз рас қой. Бірақ туризм саласы бізбен, біз онымен достық қарым-қатынасты  сақтай алмай келе жатқанымыз  бар. Мемлекет  тарапынан  түрлі  қолдау тауып отырған сала. Алайда дегені­не жетейін десе жолы кесіліп, жасанды тос­қауылдардың кесірінен табиғат өз-өзіне қолайлы жағдай жасап жатқаны ақиқат. «Елімізде туризм саласы енді ғана қарқынды дамып келе жатса, ал өңіріміздің  туристік  әлеуетінің мүмкіндігін басқа  өңірлермен салыс­тыру  күрделі» дейді Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орын­басары  Фердоуси  Қожабергенов.

– Біріншіден, туристерге қолайлы жағдай жасау жағын қарастыру қажет. Қазіргі таңда, өңірімізде инфрақұрылымды қажет ететін нысан­дар тізімі іріктеліп, олардың жүзеге асырылуы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Одан бөлек, туристік қызметпен айналысатын кәсіпкерлерге тиісті деңгейде қолдау жасау қажет. Осы ретте, биылғы жылдан бастап туристік саласын реттеу мен дамыту жөнінде Үкіметпен бірқатар қолдау шаралары қабылданды. Қолдау шаралары шеңберінде бүкіл ел бойынша санитариялық-гигиеналық тораптарды күтіп-ұстау­ға ай сайын 83,3 мың теңге субсидия беру, автобустарды сатып алу кезінде шығындарды өтеу көзделген. Яғни, туроператор, турагент, гид-экскурсоводпен сатып алынған автобустың шығындарының 25 пайызы өтеледі. Сонымен қатар, туристік қызмет көрсету және жол бойындағы сервис объектілерін салу және рекон­струкциялау кезіндегі кәсіпкер шығындарын 10 пайызын өтеу көзделген. Бұл іс-шаралардың барлығы тікелей ішкі, келу туризмін дамытуға, азаматтарымызды ел ішінде демалуға ынталандыру­ға және туризм саласына таралатын инвес­тиция көлемін арттыруға бағытталған, – деді  ол.

Туризм – ішкі және сыртқы деп екіге бөлінеді. Сол себепті мемлекеттік бағдарлама­лар да екі бағытта жұмыс істейді. Бірнеше бағдар­лама қолға алынғанымен әлемді жау­лаған індет өткен жылдары өзінің қалауын жаса­ған болатын. Туризм саласынан түсетін табыс деңгейі барлық елде түсіп, алапат күндерді  бастан  өткерді.

– Өткен жылдардағы пандемия ахуалы эко­но­миканың   барлық секторларына кері әсерін тигізіп, енді серпін алған туризм саласының дамуы­на айтарлықтай кедергі жасады. Мұны негізгі  көрсеткіштерден аңғаруға  болады. Мәселен,  2020  жылы  өңірге  келушілер саны 2019  жылға қарағанда 79 мың адамнан 50 мыңға де­йін азайған. Көрсетілген қызметтер көлемі дәл осы кезеңдері 1,3 миллиард теңгеден 723 миллион теңгеге дейін төмендеген. Ал, 2021 жылдың екінші жартыжылдығындағы шектеулерді алып тастауға байланысты көрсеткіштер біртіндеп қалпына келе бастады. 2021 жылдың қорытындысымен облысқа келушілер 94 мыңға және көрсетілген қызметтер көлемі 1,1 миллиард теңгеге жетті. Алдын ала бағалау бойынша саланың барлық индикаторлары бойынша өсімдер күтілуде, – деді  Фердоуси  Қожабергенов.

Әлі күнге дейін COVID-19 дерті толықтай жоқ болып кетпеді. Соңғы уақытта қайтадан облыстар бірінен кейін бірі «сары» аймаққа кіруде. Яғни туризм саласы басын енді ғана көтеріп келе жатқанда мұндай өзгерістен ке­йін тік  тұрып  жаңа серпіліспен дамуы қиынға соғатыны түсінікті. Биыл өңірімізде туристер өткен жылдармен салыстырғанда 157,1 пайыз­ға (14943 адамға) ұлғайды. 2022 жылдың бірінші тоқсанында өңірімізге туристік мақсатта 23483 адам келген еді. Сала мамандары жыл соңына дейін келушілер санын 85 мыңнан асыру­ды көздеп отыр. Бірақ «індет» інінен шығып, сандар  сол  қалпында  қалуы  кәдік.

Өңірімізге келген туристер қазынаға қомақ­ты қаражат түсіруде. Ресми статистикалық мәлімет бойынша өткен жылы облысқа келушілерге 1,1 миллиард теңге көлемінде қызмет көрсетіліп, биылғы жылдың бірінші тоқсанында оның көлемі 241,7 миллион теңге құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда өсім 102,1 пайызға (236,7 миллион  теңгеге)  көбейіпті.

Туризмді дамыту керек деп жиі айтылады. Айтылып, артынша келушілер мен одан түскен қаражаттың саны ғана үнемі белгілі. Тек сандарды сөйлетіп қана жүреміз. Ал, саладағы сапа ше? Облыстың туристік әлеуетін көтеру, танымалдылығын арттыру және туристік қызмет көрсетуші кәсіпорындар қызметкерлерінің біліктіліктерін жаңа деңгейге шығару мақсатында 2021 жылы басқармамен Отандық туристік фирма және БАҚ өкілдеріне арналған Қызылорда облысы бойынша ақпараттық тур және қонақүй, мейрамхана бизнесі персоналдарына менеджмент аясында семинар-тренинг өткізіліпті.

Облыс  көлемінде  өткізілген ақпараттық тур аясында келуші қонақтарға Байқоңыр қала­сында «Байқоңыр – ғарыш астанасы» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылған. Осы келелі кездесуде бірқатар мәселе ашық талқыланып, алдағы уақытта нәтижесі өзгеше болады деп күтілуде. Сондай-ақ ақпараттық турға өзге облыстардың туризм басқармалары, туристік фирмалардың басшылары, танымал трэвел-блогерлер мен БАҚ өкілдері қатысып, өздері тіркелген әлеуметтік желілерде ақпаратпен бөлісіп, оқырмандарына кең таралды. Айта кету керек, іс-шара барысында танымал блогер Әділет Рахметолламен Арал теңізінің тартылған табаны, «Возрождения» аралы (кемелер тұрып қалған аймақ) түсірілімдерін әзірлеу туралы келісімге қол қойылды. Міне, өзекті  мәселелер  де  қамтылған  екен.

Ал, қонақүй және мейрамхана кешендерінің қызмет сапасына көз жүгіртетін болсақ. Мұнда да туристік қызметті кадрлармен қамтамасыз етуге ықпал жасау мақсатында Еуразия­лық туризм қауымдастығының өкілдері және қонақүй басқаруындағы халықаралық бизнес магистрі, аға-оқытушыларымен семинар-тренинг өткізіліп, нәтижесінде 80 қатысушыға біліктілігін арттыру курсын аяқтағандығы жөніндегі сертификат табысталған. Бұл туризм саласының ілгері дамуына жасалып жатқан қадамдар деуге болады. Жалпы, ел игілігі үшін жүйелі жұмыс атқарылуда. Бірақ туристердің пікірі қандай? Бұл тұрғыда Алмас Тоқабаев есімді  отандасымыз  бүй  дейді:

– Қазақстан туризмі қанша тұратынына тоқталып өтсем. Баға, жол, лайфхак. Бірден айта­йын, егер ерте жоспарласаңыз, 30-50 па­йызға сапарыңыз арзанға түседі. Аяқ астынан жолға шықсаңыз, өкінішке қарай көп қара­жаттан қағылуыңыз әбден мүмкін. Біз 2 ересек, 3 бала болып, жолға шықтық. Барлық шығын соған есептелген. Біріншіден, Астана-Тараз пойызына бір ай бұрын алғанда «Тальгоның» ең арзаны 57 000 теңге болды. Таразға самолет сирек жүреді, негізі ерте алсақ, одан да арзанға түсуші еді. Бірақ кестемізге сәйкес келмеді. Екінші бағытымыз Тараз-Қаратау таксиі, салоны – 5 000 теңге. Қайынжұртқа барып, бау-бақшаның қызығын көрдік. Турис­тер үшін Айша Бибі кесенесі, Ақыртас, ескі Тараз және Билікөл мен Әулиекөлге баруға кеңес беремін. Тарих һәм демалыс. Көлдің басы тамылжып тұр. Үшінші Қаратау-Түркістанға бағыттадық. 7 орындық көлік 25 000 теңге екен. Сәл арзандауын табуға да болады. Бірақ мен Қаратау-Жаңатас-Шолаққорған-Ащы­сай-Кентау-Түркістан бағытын таңдадым. Себебі қарт Қаратаудың тылсым сырын тек Ащысайдан сезе аласың. Неге қара екенін, неге тау екенін және неге қарт екенін білуге болатын жалғыз жер. Түркістанда қонақүйдің отбасылық нөміріне тұрақтадық. Екі бөлмелі пәтер сияқты, әдеттегідей таңғы асы ішінде. Екі тәулікке 86 мың теңге. Бұл орташа баға. Ең арзаны 30 000 теңге, ең қымбаты 250 000 теңге (5 адамға 2 тәулікке деген есеппен). Кесенеге кіру, мұражай дегендер арзандау. Бұған қоса, тамақтану орындары жетерлік. Адам басына 500-ден 50 000 теңгеге дейін баратын асханалар толып тұр. Оңтүстікте бәрі дәмді екен. Төртінші, Түркістан-Астана бағытына бет алдық. Шымкентке дейін 7 орындық көлікпен келдік, құны 12 000 теңгеге шықты. Үйге қайту үшін бір ай  бұрын 64 000 мың теңгеге «Тальгоға» билет  алған  болатынбыз. Бір апталық жорықта 3 қала, оншақты туризм объектілерін көріп, 5 адамға 300 000 теңге көлемінде қаржы жұмсадық. Адам басына 60 000 теңге деп есептесек дым да емес сияқты. Бұл сапарға жарты жыл дайындалып, маршрут сыздық, билет ерте алынды, қонақүй ерте бронь жасалып, сондықтан ішкі есебім бойынша 200 000 теңге үнемдедік. Сіздер де саяхаттаңыздар, қазақтың ғажап  жерлерін, әсіресе  балалар  көруі тиіс деп  ойлаймын.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен ішкі туризмді дамыту мақсатында «Neo Nomad 20» акциясын өткізу жоспарланған. Акция республикамыздың 20 көрнек­ті нүктесінде белгіленген. Оның қатарында Сыр елі де бар. Біздің Қармақшы ауданында орналасқан «Қорқыт Ата» мемориалдық кешені  енгізіліп­ті. «Neo Nomad 20» акциясының талаптарына сәйкес, республикада айқындалған 20 көрнекті нысанда арнайы фотоспот құрылғысы орнатылады. Бүгінгі күні Нұр-Сұлтан қаласының «Бәйте­рек» мону­ментінің жанында орналасқан. Бұл жоба авторларының айтуынша, еліміздің кө­рікті жерлерін туристер келуге ұсынылатын орын­дар­дың тізімін қалып­тастыру. Олар тізімдегі орындарға барған кезде фотоспоттарда суретке түседі және оларды әлеуметтік желілерде #NeoNomad2022 хэштегімен жүктейді. Осылайша еліміздің көз тартар жерлері әлеуметтік желіге тарап, Қазақстанның жеке бренді қалыптасады. Сонымен қатар, туристерді ынта­ландыру мақсатында ең көп орынға барған қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатта­латын болады. Қоры­тынды ағымдағы жылдың соңында жария­ланатынын  айта  кеткен  жөн.

Жоғарыда атап өткеніміздей, елімізде аталмыш саланы дамытуға арналған бағдарлама жетіп артылады. Соның ең негізгісі Үкімет қаулысымен «Қазақстан Республикасының турис­тік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бекітілген болатын. Бұл ретте, бағдарлама аясын­дағы ҚР туристендіру картасына облыстан 3 турис­тік нысан – «Қамыстыбас» демалыс аймағы, «Жаңақорған» шипажайы, «Байқоңыр» ойын-сауық туристік аймағы енгізілген еді. Жалпы, бұл бағдарламаның негізгі мақсаты мен міндетін Қызылорда облысының кәсіпкерлік  және  өнеркәсіп  басқармасы  былай  жіктеді.

– Туристік  ресурстарды  дамыту;

– Туристік дестинациялар мен объектілер­дің  көліктік  қолжетімділігін  қамтамасыз  ету;

– Туристік өнімдердің және көрсетілетін қызметтердің  сапасы  мен  қолжетімділігін арттыру;

– Қолайлы туристік ахуал құру;

– Ішкі және халықаралық нарықтарда елдің туристік әлеуетін ілгерілетудің тиімді жүйесін қалыптастыру;

– Туристік саланы дамытуды басқару мен мониторингтеу жүйесін жетілдіру.

Сонымен қатар, 2025 жылға қарай Қазақ­стан  Республикасының  Жалпы  Ішкі  Өнімнің (ЖІӨ) жалпы  көлемінде  туризмнің  кемінде 8 пайызы үлесін қамтамасыз ету болып табылады.

Бүгінгі күні «Қамыстыбас» демалыс айма­ғында келушілерге жағдай жасау мақсатында аймаққа кіреберіс жолын жөндеуге және автотұрақ орнатудың жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда екен. 2019 жылы бұл демалыс аймағына келушілер саны 90 мыңды құраса, 2020-2021 жылдары пандемия толқынының әсерінен жұмысы уақытша тоқтатылыпты. Ал, «Жаңақорған» ауданында 4 шипажай өз қызметін халыққа ұсынуда. 2021 жылдың қоры­тындысы бойынша келушілер саны 35 мың адамды құрапты. Жыл өткен сайын бұл көрсеткіш өсуде. Дей тұрғанымен, Сыр елінің туризмі  адымдап қадам басуы үшін жаңа жобалар қажет. Сала қызметкерлерінен нақты қандай мемлекеттік  бағдарлама  керектігін сұрадық.

– Біздің өңір – тарихи киелі мекен. Сол себеп­ті өңірдегі тарихи көрікті туристік дес­тинациялардың сақталуын қамтамасыз етіп, қажетті инфрақұрылымдарды жеткізу, нысандардың жағдайына қарай реконструкциялау жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Мәселен, биылғы жылға Сараман-Қоса мұнарасын абаттандыру және келетін автомобиль жолын жөндеу, Жанкент қалашығы жолына көше жары­ғын жүргізу, Марал Ишан кесенесіне кіреберіс автомобиль жолын жөндеу жұмыс­тары қолға алынатын болады, – деді  Фердоуси  Әбілқасымұлы.

Шыны керек, туризм саласы елдің қаражатын сорумен ғана айналысып келеді деген ел арасында қаңқу сөз бары жасырын емес. Алыпқашпа пікір жайлы мамандар қандай үн қатады екен? Құр сөз, әлде жүйелі жұмыстың арқасында іс арқылы көрсете ме? Өйткені әзірге туризм саласының ел қазынасына салған көмбесінің мөлшері өзге салаларға қарағанда аз. Бірақ туристік саланы жетілдіруге бірқатар жоба ұйымдастырылған. Елімізге арлы-берлі ағылған туристерге қолайлы орта сыйлап, ұмытылмас әсер қалдыру қолымыздан келетіні сөзсіз. Бұл дегеніміз мұнайдан кейінгі ұлтымыздың үкілеп отырған үміті туризм еліміздің негізгі табыс көзіне айналады дегенді білдіреді. Дегенмен, сөзіміз нық болу үшін маманның пікірін  ұсынайық.

– Қазіргі уақытта туризм бизнестің әлемдегі ең табысты түрлерінің бірі болып табылады. Әлемдік капиталдың шамамен 7 пайызын пайдалана отырып, туризм мұнай және мұнай өнімдерін,  автокөліктерді экспорттау­дан кейін үшінші орынды иеленді. Мемлекеттік бағдарламар шеңберінде биылғы жылдан бастап туризм саласын  жетілдіру  және дамыту  мақсатында  Үкіметпен  бірнеше  қолдау  тауып, жопарланған жұмыстар басталып кетті. Осыған орай, 2025 жылға қарай Қазақ­стан Респуб­ликасының ЖІӨ жалпы көлемінде туризмнің жоспарланған үлесі 8 пайыз­ға жеткізілсе, еліміз үшін туризм саласынан түсетін табыс көлемі едәуір артады, – деп кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары  пікірін  білдірді.

ТҮЙІН. Облыстың туризмін дамытудың негізі принципі – бәсекеге қабілетті туристік индустрияға жағдай жасау. Қонақүйлер, шипажайлар, әртүрлі заманауи транспрот түрлері, телекоммуникация – туризм индустриясының негізі. Табиғат әсемдікті төгіп тұрған кезде оны құрметтемеу бізге сын. Мемлекет тарапынан қолға алынған жобалар бірлескен тірліктің нәтижесінде жемісін береді. Сондықтан қазақ елі Орта Азия елдерінен қара үзіп шығып, көрікті мекен болатын уақыты туды.

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: