Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Табиғат. Тарих. Туризм. Үш ұғымдағы үндестік қайсы?

29.08.2024, 11:00 375

Қазақстанның кең байтақ жері көздің жауын алатын табиғатымен, терең тарихымен мақтанады. Бірақ осы байлықтың арқасында туристерді көптеп тартатын жағдайға жете аламыз ба? Сұрақтың төркіні – сол. Бізде тамсандыратын табиғат бар, көне тарих тағы табылады, бірақ, сол кереметті көпшілікке көрсете алатын туризм саласының қауқары баяу. Жауапты сала мамандарына жүгінсек, жылтырақ сөзбен «жоспар көп, жұмыс жүріп жатыр» деп сендіруге тырысады. Ал шын мәнінде, тындырымды тірлік пен көпшілікті таңғалдыратын туристік орындар ойсырап, қаңырап бос тұр. Әлде, бәрі баяғыша қағаз бетінде қала ма? Жүйелі жұмыстардың нәтижесін көріп жүрміз бе? Барды «бар» деп мақтанып айта алмасақ, жоқты жіктеуге тура келеді. Әйтсе де, «жоқтан Құдай сақтасын» дегендей, сәл де болса қуанарлық орындар баршылық.

Туризмге бөлінген қаржы да, атқарылған іс-шаралар да аз емес, бірақ нәтиже қайда? Әр көрнекті орынның аты «асаудай» болғанымен, затына келгенде жалқау жұмыстың жайын байқау қиын емес. Саудасы жүрмей тұрған саланың сапасы сын көтермей тұр. Біздің ғана емес, бұқараның базынасы да – осы.

Көптің көңілінде күпті болып жүрген сұрақтарымызды Қазақстан Республикасының Спорт және туризм министрлігіне қарасты Туризм индустриясы комитетіне жолдап, жауабын алдық. Байқауымызша, салада серпін бар секілді. Ендеше қағаз бетіндегі қиялды ақиқатқа айналдыруда атқарылып жатқан жұмыс қайсы? Бағамдап көрелік.

ТУРИЗМ  ДАМУЫНДАҒЫ ДАҢҒЫЛ  ЖОЛ

Комитет басшылығына қойған бірінші сауалымыз – «соңғы 5 жылда Қазақстанға қанша турист келді?».

Қазақстанның туризм саласы соңғы жылдары елеулі өзгерістерге ұшырап, түрлі жоба мен бағдарламалар арқылы дамуға бет алды. Туризмді  дамытудың  негізгі  бағыттары – инфрақұрылымды жетілдіру, халықаралық нарықтарда елдің туристік мүмкіндіктерін насихаттау және ішкі туризмді қолдау. Осы мақсатта мемлекеттік деңгейде  бірқатар шара атқарылып, еліміздің туристік  әлеуетін арттыру  жолында ауқымды жұмыстар  жүргізілуде.

Қазақстанға келетін туристер саны жыл сайын жаңа санға ие болады. Пандемия кезінде күрт төмендеген келушілер саны 2023 жылы қайта қалпына келіп, өсім байқалды. Соңғы бес жылдағы статистикалық көрсеткіштер мынадай мәнге ие.  2019 жылы ел туризміне келушілер саны  8,5 миллион адамды құрады, бірақ 2020 жылы пандемияның салдарынан бұл көрсеткіш 2 миллионға дейін төмендеді. 2021 жылы көрсеткіш одан да азайып, 1,3 миллион адамды құрады. Алайда, 2022 жылы жағдай біршама жақсарып, 4,7 миллионға жетті, ал 2023 жылы 9,2 миллион адам Қазақстанға турист  ретінде  келген.

Бұл статистика Қазақстанның туризм саласында белгілі бір тұрақтылыққа жеткенін көрсеткенімен, пандемияның теріс әсері әлі де сезіледі. Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаевтың айтуынша, соңғы жылдары қабылданған іс-шаралар келушілер санының қалпына түсуіне ықпал етті. Орналастыру орындарымен қызмет көрсетілген шетелдік келушілер саны да тұрақты түрде өсуде. Цифрды сөйлетсек, 2019 жылы – 979,8 мың адам, 2020 жылы – 252,7 мың адам, 2021 жылы – 329,8 мың адам, 2022 жылы – 928 мың адам, ал 2023 жылы бұл көрсеткіш  1,084,8  мың  адамға  жетті.

– Қазақстанда туризмді дамыту үшін тек статистикалық көрсеткіштермен шектелмей, нақты жобаларды жүзеге асыру маңызды. Осы мақсатта бірқатар инфрақұрылымдық және жарнамалық жоба іске қосылды. Алматының тау кластері, Щучье-Бурабай аймағы және Маңғыстау облысын дамыту бағыттары – еліміздің негізгі туристік аймақтары. Жаңа жолдар салу, демалыс орындарын жетілдіру және туристік бағыттарды қайта қарау жұмыстары атқарылып жатыр. Қазіргі уақытта осы аймақтарда демалушылар үшін арнайы мангалдар мен барбекю аймақтары, санитариялық-гигиеналық тораптар және қоқыс контейнерлерін орнату бойынша жұмыстар  жүргізілуде, – деді  комитет  төрағасы.

Сонымен қатар, Қазақстанда цифрлық көшпенділер үшін визаны іске қосу бастамасы қолға алынды. Бұл бағдарлама халықаралық деңгейде қашықтан жұмыс істейтін мамандарға Қазақстанда тұруға мүмкіндік береді. Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта бұл тетік мүдделі мемлекеттік  органдармен  талқылануда.

Ойын-сауық инфрақұрылымын дамытуға арналған негізгі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру шеңберінде Астана қаласында 180 гектар аумақта тематикалық паркті салу жобасы басталды. Бұл жоба ішкі және шетелдік туристер үшін қызықты демалыс орындарының санын арттыруға бағытталған. Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын жетілдіру мақсатында итальяндық «AutoGrill» компаниясымен ынтымақтастық жүргізілуде. Бұл компания еліміздің ірі әуежайлары мен жол бойындағы қоғамдық тамақтану орындарын дамытуға үлес қосады.

Қазақстанның туристік мүмкіндіктерін халықаралық деңгейде ілгерілету мақсатында түрлі елде тұрақты іс-шаралар өткізіліп келеді. Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаевтың мәлімдеуінше, Қытай, Үндістан, Ұлыбритания, Италия, Оңтүстік Корея, Сауд Арабиясы сияқты елдерде еліміздің туристік орындары тұрақты түрде насихатталып жүр. Мысалы, Дубай, Токио, Лондон, Варшава және басқа да ірі қалаларда халықаралық туристік көрмелерде Қазақстанның мүмкіндіктері көрсетілді. Бұл іс-шаралар елдің халықаралық танымалдығын арттырып, туристік ағымды көбейтуге мүмкіндік береді. Жарнамалық компаниялар Google, Yandex, Facebook, Instagram және YouTube сияқты платформаларда жүзеге асырылып, 100 миллионнан астам қаралымға ие болды.

Қазақстанның ішкі туризмін дамыту үшін жергілікті нарыққа да ерекше көңіл бөлінуде. Әлеуметтік желілер арқылы мақсатты жарнамалар, ақпараттық турлар, блогерлермен серіктестіктер – отандық туристерді тартуға бағытталған қадамдар. Мысалы, Италиядан келген журналистер мен туроператорлар үшін Алматы, Астана және Бурабай аймақтарында ақпараттық турлар ұйымдастырылды. Бұл турлар шетелдік БАҚ-та Қазақстанның туристік әлеуетін насихаттау мақсатында  жүзеге  асырылды.

КЕЛБЕТІ  КЕЛІСКЕН, СЫРЫ  АШЫЛМАҒАН…

Еліміздің негізгі туристік орындары жайында бұған дейін де айттық. Дегенмен, «туристер үшін таптырмас қалалар тізбегі қандай?» деген  сауалымызға  комитет басшылығы  мынадай  жауап  қайтарды.

– Қазақстандағы негізгі туристік бағыттар мен көрнекті орындарға Алматының тау кластері, Маңғыстаудың табиғи мұралары, Түркістанның тарихи ескерткіштері, Бурабайдың көркем курорттық аймағы және Астананың заманауи сәулет нысандары жатады. Бұл бағыттар Қазақстанның табиғи байлығын, тарихи мұрасын және мәдени құндылықтарын біртұтас ұсынады. Алматының асқар таулары, Маңғыстаудың шөлейт ландшафтары, Түркістанның көне тарихы, Бурабайдың көркем табиғаты және Астананың заманауи сәулеті – осының барлығы еліміздің әртүрлі қырын танытып, туристерге жан-жақты тәжірибе сыйлайды, – деді Н.Кәріпбаев.

Шынында, Алматының тау кластері өзінің таңғажайып табиғатымен және туристерге арналған сан түрлі демалыс орындарымен танымал. Шыңдары аспанмен таласқан Алатау, шыршалы ормандар мен көгілдір көлдер Алматыны тек қазақстандықтар үшін ғана емес, шетелдік саяхатшылар үшін де тартымды етеді. Маңғыстау облысы болса, шөлейт жазығымен және киелі орындарымен ерекшеленеді. Бұл өңірдің Бозжыра шатқалы мен Шерқала секілді табиғи көріністері қайталанбас сұлулығымен көз тартады. Түркістан қаласы өзінің бай мәдениеті мен терең тарихымен танымал, ал Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – рухани туризмнің басты орталығы. Бурабай табиғаты жасыл ормандарымен, таза көлдерімен ерекшеленіп, демалыс аймағы ретінде кеңінен танылған. Астана қаласы болса, заманауи сәулетімен, биік ғимараттары мен іскерлік орталықтарымен елорданың жаңа келбетін айшықтайды.

ТУРИСТЕР  КӨП  БАРАТЫН  ТОП-5  ЖЕР

Министрлік өкілдерінен Қазақстанда туристер көп баратын ТОП-5 жердің тізімін сұрағанымызда, жылына бір миллионға жуық адам мына өңірлерді аралап, тұмса табиғатында демалғанын білдік.

Оған Алматының тау кластері, Щучье-Бурабай курорттық аймағы, Маңғыстаудың курорттық аймағы, Түркістан туристік аймағы және Алтай курорттық аймағы жатады. Биылғы  жылдың қаңтар-наурыз аралығында осы аймақтарда 766 588 адам демалған. Бұл көрсеткіштер негізінде ең көп туристерді қабылдаған Алматының тау кластері бірінші орында тұр. Оның табиғаты мен таңғажайып тау пейзаждарын 551 965 турист тамашалаған. Екінші орында тұрған Щучье-Бурабай курорттық аймағы өзінің Көкшетаудың табиғи сұлулығы, мөлдір көлдері мен қалың ормандарымен танымал. Бұл жерге 69 103 саяхатшы келген. Үшінші орында – Маңғыстау курорттық аймағы, оның бірегей табиғи ландшафттары мен Каспий теңізінің жағалауы 57 529 туристтің таңдауына айналды. Төртінші орынға Түркістан туристік аймағы ие болды. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Түркістанның бай мәдени мұрасын 26 069 қонақ көріп қайтты. Ал бесінші орынға Алтай курорттық аймағы жайғасқан, бұл жерге алғашқы үш айда 20 696 турист келген.

ІШКІ  ТУРИЗМ  ҮНІ

Елімізде ішкі туризмді дамыту мақсатында бірқатар стратегиялық бағдарлама  мен шаралар қабылданған. Өткен жылы 28 наурызда Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен «Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бекітілді. Бұл тұжырымдама алдағы жылдардағы туризм саласын дамытудың негізін айқындап, жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті туристік өнімдерді қалыптастыруға бағытталған. Оның негізгі мақсаты – туристік қызмет пен демалыстың қолжетімділігін қамтамасыз ету, қызмет көрсету сапасын арттыру және ішкі туризмді кешенді  дамыту.

Тұжырымдама үш негізгі бағытқа бөлінген. Олар – «Туристік инфрақұрылымды, логистиканы құру және дамыту», «Қолайлы жағдайлар жасау, қызмет көрсету сапасын арттыру және цифрландыруды дамыту» және «Елдің туристік әлеуетін өңірлік және халықаралық деңгейде ілгерілету». Бұл бағыттар ішкі туризмді жүйелі дамытуға, туристік орындардың инфрақұрылымын жақсартуға және ел ішіндегі демалыс орындарының тартымдылығын арттыруға негізделген.

– 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап туризм саласындағы кәсіпкерлік субъектілерін ынталандыру мақсатында бірқатар мемлекеттік қолдау шарасы енгізілді. Олардың ішінде ең маңыздысы – шетелдік туристер үшін туроператорлардың шығындарын субсидиялау (әрбір турист үшін 15 мың теңге), туристік қызмет объектілерін салу және реконструкциялау кезінде шығындардың бір бөлігін өтеу (10%), тау шаңғысы курорттарына арналған жабдықтар мен техника сатып алу шығындарының бір бөлігін өтеу (25%), санитариялық-гигиеналық тораптарды күтіп-ұстауға арналған шығындарды субсидиялау (83,300 теңге) сияқты шаралар бар, – деді сала мамандары.

Ішкі туризмді қолдауда ерекше Kids Go Free бағдарламасы балаларға арналған әуе билеттерінің құнын субсидиялау арқылы отбасылық демалысты дамытуға бағытталған. Бағдарлама кәмелетке толмаған балаларға (2 жастан 17 жасқа дейін) арналған авиабилеттердің құнын өтеу арқылы ішкі туризмді қолдауды мақсат етеді. Қазақстандықтар ішкі туроператорлардан ел ішінде демалу үшін туристік өнім сатып алғанда, осы бағдарлама аясында  балалар үшін тегін әуе тасымалына қол жеткізе алады, бұл отбасылық демалыстың жалпы құнын 30%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. 2022 жылы бұл бағдарлама аясында 2000-ға жуық балаға 920 өтінім мақұлданса, 2023 жылы бұл көрсеткіштің 2500-3000 балаға дейін  өсуі  байқалды.

Ішкі туризмді дамытудағы мұндай іс-шаралар мен жобалар, бағдарламалар еліміздегі демалыс орындарының қолжетімділігін арттырып, туризм саласындағы инфрақұрылымды жақсартуға және қазақстандықтардың ел ішіндегі саяхаттау белсенділігін арттыруға ықпал етеді.

ТУРИСТІК  ИНФРАҚҰРЫЛЫМ  ИГІЛІГІ

Алдымен туристік инфақұрылым ұғымына анықтама бере кетейік. Туристік инфрақұрылым – туризм саласының негізі. Егер инфрақұрылым дамымаса, елдің табиғи байлығы мен мәдени мұрасы қаншалықты тартымды болса да, туристерді тарту мүмкін емес. Еліміз осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарса да, кейбір мәселелер әлі де өз шешімін тапқан жоқ. Қонақүйлер, мейрамханалар, көлік қатынасы және басқа да туристік қызметтерді жақсарту мақсатында мемлекет тарапынан қомақты инвестициялар бөлініп, жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Пайда не? Шығын қанша?

2023 жылдың қорытындысы бойынша елде 57,1 миллиард теңгеге 117 жоба іске асырылды. Бұл жобалардың нәтижесінде  1 330 тұрақты жұмыс орны, 1 859 уақытша жұмыс орны және 4 910 төсек-орын құрылды. Ірі жобалардың қатарында Қонаев қаласындағы «Golden Beach Kapshagay» демалыс базасы мен «Macau Luxury Village» ойын-сауық кешені, Алматы қаласындағы «Гранд Милдом» қонақүйі, Тараз қаласындағы «Зербұлақ» демалыс аймағы, Шымкент қаласындағы «7Jol» қонақүйі, Қызылорда облысындағы «Жан-арай» санаторийі, Алматы облысындағы Алтын-Емел визит-орталығы мен Шарын ұлттық паркінің туристік орталығы, Атырау облысындағы Сарайшық визит-орталығы бар.

Курорттық аймақтарға қатынауды жақсарту мақсатында көлік инфрақұрылымы да дамытылып жатыр. Теміржолмен қатынайтын  жолаушылар  үшін Қарағанды – Астана – Бурабай бағытында пойыздар рейсі аптасына 2 реттен 5 ретке дейін артты. Сонымен қатар, Астана – Бурабай курорты бағытында жүрдек электр пойызының жүру уақыты  4 сағаттан 2,5 сағатқа дейін қысқартылды. Астана – Саумалкөл бағытында жаңа жүрдек электр пойызы іске қосылды. Бұл шаралар туристердің танымал курорттық аймақтарға қолайлы  әрі  жылдам жетуіне мүмкіндік береді.

Алайда, салада шешімін таппаған мәселелер де жоқ емес. Туристік инфрақұрылымның жеткіліксіздігі, әсіресе, санитариялық-гигиеналық тораптар, жол бойындағы қызмет көрсету нысандары, ұялы байланыс пен интернеттің жетіспеушілігі, жарықтандыру мен  жол  инфрақұрылымдарының  әлсіздігі – бұл саланың маңызды мәселесі. Сонымен қатар, өңірлерде туризм саласында білікті  мамандардың  тапшылығы  да  айқын көрініп  отыр.

Жалпы алғанда, туристерге көрсетілетін қызмет сапасы орташа деңгейде деп бағаланады. Қызмет көрсету деңгейін арттыру үшін жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде, бірақ әлі де шешілмеген мәселелер бар. Туризмді дамыту тек жаңа нысандар салумен шектелмей, сапалы қызмет көрсету мен қолжетімді инфрақұрылымды қамтамасыз етуді талап етеді.

ЭКОТУРИЗМ  ӘЛЕУЕТІ  АРТА  МА?

Соңғы статистикаларға сәйкес, елімізде экологиялық туризмге деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Соңғы жылдары ұлттық саябақтарға келушілер саны 2,5 есеге өсті. Мәселен, 2020 жылы 985 мың адам болса, 2023 жылы бұл көрсеткіш  2,4 миллион адамға жетті. Сұраныстың артуына байланысты табиғи аумақтарға түсетін жүктеме де көбейіп отыр. Туристердің негізгі  шағымдары – қоқыстың  көптігі мен экологиялық тәртіптің сақталмауы. Бұл мәселелерді шешу мақсатында «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, экологиялық туризмді насихаттау үшін түрлі іс-шара өткізген. Олардың қатарында танымал қазақстандық спортшылар мен өнер қайраткерлерінің қатысуымен түсірілген әлеуметтік бейнероликтер бар. Бұл роликтер «Kazakhstan.travel» YouTube арнасында және әлеуметтік желілерде жарияланып, экологиялық тәртіпке шақыруда.

Сонымен қатар, жас ұрпақтың табиғатқа деген ұқыпты көзқарасын қалыптастыру мақсатында «Жанды сабақтар» жобасы іске асырылып жатыр. Бұл жоба арқылы оқушылар табиғатқа зиян келтірмей, экологиялық туризмді дамытудың маңызын түсінуде. 2020-2022 жылдары жобаға 2885 оқушы қатысқан, ал 2023 жылдан бастап жоба өңірлердің әкімдіктеріне берілді.

– Қазақстанда экологиялық туризмнің дамуының бір мысалы ретінде Саты ауылын атауға болады. Бұл ауыл 2023 жылы «UN Tourism үздік туристік ауыл» марапатына ие болды. Қазіргі таңда Саты ауылында  90 қонақжай үй мен 30 қонақүй жұмыс істейді, бұл көрсеткіштер 2019 жылмен салыстырғанда екі есе өскен. Ауыл халқының саны да артып, 2010 жылы 1381 адам болса, 2020 жылы  1624  адамға  жетті.

Экотуризмді дамыту бағытында визит-орталықтардың салынуы да маңызды рөл атқаруда. Қазақстанның ұлттық парктерінде 7 визит-орталық іске қосылды, олардың қатарында Аюсай, Шарын, Алтынемел және Сарайшық орталықтары бар. Бұл орталықтар келушілерге табиғи ескерткіштер туралы ақпарат ұсынумен қатар, экологиялық білім беруге және қоршаған ортаға ұқыпты қарауды насихаттауға бағытталған, – деді Туризм  индустриясы  комитетінің  төрағасы  Нұртас Кәріпбаев.

Болашақта  экотуризмді  дамыту  үшін жергілікті  халықты  оқыту, тұрақты  даму стандарттарын  енгізу және экологиялық насихат  жұмыстарын  жүргізу  бағыттары ескерілетін болады. Басты мақсат – экотуризм арқылы Қазақстанның әлеуетін толық ашып, жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыру және табиғи ресурстарды қорғау арқылы тұрақты даму жолында нақты қадам бастау. Комитет мамандарының берген пікірі – осы.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ  ТУРИЗМГЕ  ШЕТЕЛ ҚАНША  ҚАРЖЫ  БӨЛЕДІ?

Елімізде туризм саласын дамытудағы тағы бір маңызды бағыт – шетелдік инвестицияларды тарту. Осы мақсатта Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі тұрақты түрде Сыртқы істер министрлігімен, оның ішінде Инвестициялар комитетімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Шетелдік инвестицияларды тарту мақсатында туризм жобалары бойынша ақпарат Қазақстандағы дипломатиялық корпустар мен шетелдегі елшіліктер арқылы таратылады. Бұған қоса, үкіметаралық және өңірлік деңгейдегі экономикалық ынтымақтастық шаралары  инвесторлардың  назарын  аударуға негізделген.

2022 жылдың қыркүйек айында Ақтауда өткен Туризмді дамыту жөніндегі халықаралық форум осы бағыттағы маңызды іс-шаралардың бірі болды. Бұл форумға Қазақстан мен шетелдің туристік бизнесінің 300-ден астам өкілі қатысты. Оның ішінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) елдерінің министрлері, халықаралық қонақүй желілерінің басшылары, ірі қазақстандық және шетелдік туроператорлар, әуе компаниялары мен инвесторлар болды. Аталғандардың бәрі Қазақстанның туристік әлеуетін әлемге танытумен қатар, шетелдік инвестиция тарту мүмкіндігін кеңейтті.

Қытаймен ынтымақтастық та осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі болып отыр. Қазіргі таңда Қазақстанда «Қытайдың туризм жылы» өтіп жатыр. Ол наурыз айында Бейжіңде басталып, қараша айында Алматыда аяқталады. Осы іс-шара аясында Қытайдың туризм саласының өкілдері, оның ішінде әлеуетті инвесторлар Қазақстанға келіп, мүмкіндіктермен танысады. Астана қаласында өткен ШЫҰ отырысында да Қытайдың «Everbright» холдингімен ынтымақтастық басталды. Бұл холдинг Алматы мен Алматы облысында халықаралық қонақүй желілерін салу бойынша бастамалар көтеріп отыр.

– Инвестициялық климатты жақсарту бағытында да бірқатар іс-шара қолға алынуда. Туризм инфрақұрылымын дамыту жобаларын жүзеге асырып жатқан инвесторларға туристік объектілерді салу және қайта жаңарту кезінде шығындардың бір бөлігін өтеу (10%) және жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын салу шығындарын өтеу (10%) сияқты мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылғы 13 маусымдағы тапсырмасы негізінде туризм индустриясының инфрақұрылымдық құрамдас бөлігін ынталандыру жөніндегі шаралар әзірленді. Олардың ішінде арнайы бюджеттік бағдарламалар арқылы туристік орындарды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және «3», «4», «5» жұлдызды санаттағы жаңа қонақүйлерді салуға кредиттерді субсидиялау мерзімін ұлғайту  секілді  тетіктер  қарастырылуда, – деді комитет  төрағасы.

2023 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 784,2 миллиард теңгені құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 53%-ға артты. Еліміздің өңірлеріндегі туристік бағыттарды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында 442,3 миллиард теңгеге  85 инженерлік-коммуникациялық жоба жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, 131 миллиард теңгені құрайтын 33 инфрақұрылымдық жоба іске қосылып, биыл 370 миллиард теңгені құрайтын 64 жоба қолға алынды. Мемлекеттік қолдау көрсетуге мақұлданған өтінімдердің көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 8 есеге артып, 828 миллион теңгеге жетті.

Бұл жұмыстар нәтижесінде туризм саласында жаңа нысандар мен демалыс орындары ашылып, инфрақұрылым жақсарып, жаңа жұмыс орындары құрылуда. Еліміздің туристік әлеуетін арттыруда шетелдік инвестициялардың рөлі зор болып, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы жылдары да жалғасын табатын болады.

МӘДЕНИ-ТАРИХИ  ТУРИЗМНІҢ  МӘНІ  НЕДЕ?

Өткен  жылдан  бастап  мәдени-тарихи туризмді дамыту мәселесі ашық қаралып жатыр. Бұл жобалардың басты мақсаты – елдің бай мәдени мұрасы мен тарихи ескерткіштерін таныстыру арқылы туристердің қызығушылығын арттыру.

Атап айтқанда, Қазақстандағы мәдени-тарихи туризмді ілгерілетудегі ең маңызды жобалардың бірі – Қытайда Қазақстанның туризм жылының өткізілуі. Бұл іс-шара аясында түрлі көрмелер, жәрмеңкелер, мәдени іс-шаралар жоспарланып, қытайлық туристерді тартуға бағытталған. Осы жоба арқылы Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени байланыстар нығая түсіп, Қазақстанның мәдениеті мен тарихы шетелде танымал бола бастады.

Қазақстан мен Қытайда мәдени орталықтардың құрылуы да мәдени-тарихи туризмді дамытудағы ірі қадамдардың бірі болып отыр. Бейжіңдегі Қазақстан мәдени орталығы қазақ мәдениетін насихаттауға арналған. Онда қазақ тілі курстары, көрмелер, семинарлар мен киносеанстар өткізіліп, шетелдік аудиторияға Қазақстанның мәдениеті мен тарихын таныстыру жұмыстары жүргізіледі.

Мәдени туризмді ілгерілетуде технологиялық компаниялармен серіктестіктің де маңызы зор. Мәселен, «Яндекс» компаниясымен бірлесе отырып, ЯндексКарталар қосымшасында Алматы мен Астананың туристік көрнекі орындары жинақталған арнайы бөлімдер жасалды. Бұл қадам туристерге елдің мәдени мұрасын цифрлық форматта ұсынуға және оларды мәдени-тарихи нысандарға бағыттауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Қазақстан мен Өзбекстан арасында трансшекаралық турларды дамыту мәселесі қолға алынған. Бұл бағыт екі елдің ортақ тарихи мұраларын таныстыруға және мәдени байланысты нығайтуға бағытталған. Біріккен турлар арқылы туристер қазақ және өзбек мәдениетінің үйлесімін көріп, Орталық Азияның бай тарихымен таныса алады.

Тарихи ескерткіштер мен мұражайлардың жағдайы да назардан тыс қалмаған. Елдегі тарихи нысандарды қайта жаңғырту, олардың инфрақұрылымын жақсарту және туристерге қолайлы жағдай жасау шаралары тұрақты түрде жүргізілуде. Алайда, кейбір ескерткіштердің жағдайы әлі де күрделі, оларды сақтап қалу үшін мемлекет тарапынан қосымша қолдау қажет.

Ердәулет ҚАЛИЕВ

P.S: Тақырыпты қалай түсінеріңізді білмей отырсыз ба? Табиғат, тарих, туризм – бұл үш ұғым бір-бірімен тығыз байланысты әрі өзара үндесіп, ерекше үйлесім табады. Табиғат – ұлттық болмысымыздың тамыры болса, тарих сол тамырдың қалай қалыптасқанын көрсетеді, ал туризм – бұл байлықтарды заманауи әлемге паш ету жолы. Қайта оралмас тарих пен ерекше табиғат көріністері бір-бірін толықтырып, туризмді дамытуға, елдің мәдени мұрасын әлемге танытуға мүмкіндік береді. Табиғаттың әр көрінісінде тарихи із бар, ал сол іздерді туристерге таныстыру уақытқа сын болып отыр. Туризм – тек қағаз бетінде жүргізілетін жұмыс емес, ол табиғат пен тарих арасындағы әсемдікті таныстыру. Айтқымыз  келгені – осы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: