Тамыры терең, тарихы кенен, береке тұнған Сыр еліне Қытай Халық Республикасынан арнайы туристер мен туризм саласына қызығушылық білдіріп жүрген бірқатар әлеуметтік желі белсенділері келді. Олар ең алдымен Қызылорда қаласындағы тарихи-мәдени орындар мен көрікті жерлерді, сондай-ақ жаңадан ашылған бірқатар нысандарды аралады. Атап айтқанда, Сыр өңірінің символы саналатын Қорқыт ата ескерткіші, “Сыр ана” монументі, қазақы тәрбие мен отбасы құндылығын насихаттауға арналған “Анаға тағзым” орталығы, облыстық тарихи-өлкетану мұражайымен етене танысып, Сыр өңірінің тарихынан сыр шертетін құнды мағлұматтарға қанық болды.
Тарихи-мәдени нысандарды аралау барысында облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жұлдызхан Ерқосаев БАҚ өкілдеріне өңірдегі туризм саласының әлеуетін айтып, арнайы сұхбат берді.
– Биыл Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы болып жарияланып, наурыз айында Пекин қаласында туризм жылының ашылу салтанаты өткен болатын. Аталған шарада жергілікті туристік операторлар мен тұрғындардың біздің өңірдегі «Байқоңыр» ғарыш айлағына ерекше қызығушылық танытатынын байқадық. Осы ретте, басқарма тарапынан «Қазақтуризм» АҚ бірлесіп, қытайлық, отандық туроператорларымен жүргізілген келіссөздер арқылы «Байқоңыр» ғарыш айлағы аумағына ыңғайлы туристік бағыттар таңдалды. Осыған сәйкес 20-22 қараша аралығында өңірімізде ғарыштық туризм бағытындағы тақырыптық апта өтуде. Апталық барысында қытайлық туристерге Сыр өңірінің тарихынан сыр шертетін тарихи-мәдени орындар, аймақ басшысының қолдауымен ашылған жаңа нысандар, сондай-ақ “Байқоңыр” ғарыш айлағы таныстырылатын болады. Жалпы облыстағы туризм саласының даму көрсеткіші жылдан-жылға оң динамикамен артып келеді. Нақтырақ айтсақ, ІІ тоқсанының қорытындысымен өңірге келген туристердің жалпы саны 12,2 пайызға өсіп, 67 мыңға жуықтады, – деді Жұлдызхан Байназарұлы.
Айта кетейік, 20-22 қараша аралығында өтетін ақпараттық тур барысында Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата мемориалдық кешені, Байқоңыр қаласының туристік нысандары және зымыранның ұшырылуын тамашалау жоспарлануда. Ал, 22 қараша күні Арал қаласында гастро-тур ұйымдастырылатын болады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!