Алаштың анасы болған Сыр елі – туристік орындарға бай аймақтың бірі. Бүгінде облыста 560 тарихи-мәдени мұра нысаны мемлекеттік қорғауға алынған. Ал, жер кіндігі саналған «Байқоңыр» ғарыш айлағының орны тіпті бөлек. Өңірдегі туризм саласын дамыту мақсатында жыл сайын әртүрлі қызықты іс-шара ұйымдастырылып, түрлі жоба жүзеге асуда. Сондай-ақ, туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында биыл 100 дана экотакси сатып алу да жоспарланған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Жанмұрат Сейілов мәлімдеді.
– Биылғы жылы өңірдің туристік әлеуетін арттыру мақсатында бірқатар нақты іс-шаралар қабылданды. Атап айтқанда, биыл Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы болып жарияланып, наурыз айында Пекин қаласында туризм жылының ашылу салтанаты өтті. Сол іс-шарада жергілікті туристік операторлар мен тұрғындардың «Байқоңыр» ғарыш айлағына деген қызығушылығының жоғары екендігі байқалды. Осы ретте, жауапты басқарма тарапынан «Қазақтуризм» АҚ бірлесіп, қытайлық және отандық туроператорлармен келіссөздер жүргізілді. Нәтижесінде «Байқоңыр» ғарыш айлағы аумағынан ыңғайлы туристік бағыттар таңдалып, ортақ туристік пакет әзірлеу келісілді. Қыркүйек айында өңірімізде ғарыштық туризм бағытында тақырыптық апта өткізілетін болады. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша облыстағы туристік қызмет көрсету көлемі өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 20,5 пайызға артқан. Ал, туристердің жалпы саны 12,2 пайызға өсіп отыр. Біз үшін туристерге жайлы жағдай жасап, олардың қолайлы жүруін қамтамасыз ету өте маңызды. Сол үшін дестинациялардың, оларға барар маршруттардың инфрақұрылымдық желілермен қамтылуына баса назар аударудамыз. Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, өткен жылы Қорасан ата кесенесінің аумағына демеушілер есебінен абаттандыру, жарықтандыру және қоршау жұмыстары жүргізілген еді. Биыл Жосалы кентіндегі Марал баба кесенесіне дейінгі аралықтағы 6,5 шақырым жолға қиыршық тас төсеу жұмыстары және Арал ауданы әкімдігі тарапынан Арыстан баб кесенесіне абаттандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр,- деді Жанмұрат Жақсымұратұлы.
«Халықтың» коллажы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!