Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өткен мен бүгіннің тоғысы: Тарихи туризмнің маңызы

09.04.2026, 6:20 33

Қызылорда – тарихи ескерткіштерге бай, сан алуан мәдени мұраларды сақтаған ерекше өңір. Бұл халқымыз үшін орны ерекше аймақ деп Президентіміз  облыста  өткен Ұлттық құрылтайда  атап көрсеткен. «Сыр – Алаштың анасы» деген аталы сөз бар. Осы атыраптағы Шірік-Рабат, Жанкент, Сығанақ, Алтынасар, Баршынкент қалаларының орны көне заманның өзінде қазақ жерінде дамыған қала өркениеті болғанын аңғартады. Қызылорданы сол әйгілі қалалардың заңды жалғасы дей аламыз. Бұл шаһардың тарихи мән-маңызы айрықша. Оның осыдан бір ғасыр бұрын Қазақстан астанасы болғаны баршаға мәлім. Бұл жерде еліміздің болашағына қатысты аса маңызды шешімдер қабылданды» деген еді.

Табиғаты мен тарихы тұнған ерекше өңірдің әрбір тарихи орны мен ескерткіштері өткеннен сыр шертіп, келген қонақтарды баурап алады.

Бүгінде облыста 483 тарих және мәдениет ескерткіші бар, олардың 131-і археологиялық ескерткіш, 121-і монументтік өнер құрылысы, 23-і киелі нысан, 2-еуі ансамбль мен кешен болса, 206-сы архитектуралық ескерткішке жатады. Жүргізілген талдау негізінде өңірімізге келетін шетел және Қазақстан туристерін қызықтыратын, зиярат ететін 38 нысан енгізілген.

Аймақтың ең танымал нысандарының бірі – «Қорқыт ата» кешені. Бұл жер – түркі әлемінің ұлы ойшылы Қорқыт атаға арналған қасиетті мекен. Кешеннің ерекше сәулеті мен қобыздың үнін бейнелейтін символикасы келген әр адамға терең  әсер  қалдырады. Кешен  түркі халықтарына ортақ рухани мұра болып саналады. Мұнда келген саяхатшылар Қорқыт атаның философиялық ойларымен танысып, қобыз үні арқылы берілетін  ерекше  атмосфераны  сезінеді.

Ал тарихқа қызығушылар Сығанақ және Жанкент қалашығы секілді көне қалалардың орындарын аралай алады. Бұл қалалар бір кездері Ұлы Жібек жолының бойындағы маңызды сауда және ортағасырлық өркениеттің маңызды орталықтары болған.

Облыстағы ерекше тарихи нысандардың бірі – «Көтібар» мұнарасы. Бұл мұнара – өңірдің сәулет өнеріндегі көне үлгілердің бірі. Оның құрылысы мен орналасуы сол кезеңдегі қорғаныс және бақылау қызметін атқарғанын аңғартады. «Көтібар» мұнарасы  өткен заманның куәсі ретінде туристердің қызығушылығын тудырады.

Діни сәулет ескерткіштері қатарында «Айтбай» мешіті ерекше орын алады. Бұл мешіт – өңірдегі ислам мәдениетінің дамуын көрсететін маңызды нысан. Оның архитектурасы қарапайымдылығымен қатар, рухани тереңдікті бейнелейді. Мұнда келушілер тек ғимаратты тамашалап қана қоймай, рухани тыныштық таба алады.

Қызылорда қаласындағы діни әртүрлілікті  көрсететін  тағы  бір    нысан – «Құтқарушы Христос» шіркеуі. Бұл православиелік шіркеу өңірдегі түрлі мәдениет пен діндердің бейбіт қатар өмір сүріп келе жатқанын дәлелдейді. Оның сәулеттік ерекшелігі мен ішкі көркем безендірілуі туристерді қызықтырады.

Тарихпен тереңірек танысқысы келетіндер үшін Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі маңызды орын саналады. Музейде өңірдің ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі тарихы қамтылған. Археологиялық жәдігерлер, этнографиялық бұйымдар мен тарихи құжаттар келушілерге аймақтың өткені туралы толық мағлұмат береді.

Аңызға толы орындардың бірі – «Бегім ана» мұнарасы. Бұл мұнара халық арасында кең таралған Бегім ана туралы аңыздармен байланысты. Мұнда келген туристер тек тарихи ескерткішті ғана емес, халық ауыз әдебиетінің бір бөлігіне айналған оқиғаларды да естіп, ерекше әсер алады.

Сондай-ақ, өңірде орналасқан «Кердері» кесенелері де – туристік маңызы зор нысандардың бірі. Бұл кесенелер ортағасырлық сәулет өнерінің көрнекті үлгілері болып саналады. Олар сол дәуірдегі діни сенімдер мен құрылыс мәдениетін  көрсетеді.

«Ұлы даланың әрбір тау-тасы халқымыздың сан ғасырлық жылнамасынан сыр шертеді. Соның бірі – қойнауы қазынаға толы Қаратау петроглифтері. Төрт мың жылдық тарихы бар таңбалы тастар төл өркениетіміздің тамыры тым тереңде жатқанын көрсетеді. Ғалымдарымыз Қызылорда жеріндегі Сауысқандық пен Түркістан облысындағы Арпаөзеннен жалпы саны 17 мың петроглиф тапқан. Осындай құнды жәдігерлеріміз бен ұлттық дәстүрлеріміз ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізімінде болуға әбден лайық деп санаймын» деген болатын Президент.

Қызылорда облысының туристік нысандары – тарих пен мәдениеттің үйлесімінен туған баға жетпес мұра. «Көтібар» мұнарасы, «Айтбай» мешіті, «Құтқарушы Христос» шіркеуі, облыстық музей, «Бегім ана» мұнарасы және «Кердері» кесенелерінен бөлек, облыстық әскери комиссариаттың шақыру пункті ғимараты, Сыр бойының батырлары ескерткіші, «Араласар» қалашығы, «Сараман-Қоса» мұнарасы, «Кескен Күйік» қалашығы, «Шірік-Рабат» қалашығы, «Бәбіш-Мола» ескерткіштер кешені, «Баланды ІІ» кесенесі, «Жетіасар оазисінің» ескерткіштері, «Моншақты асар» қалашығы, «Сортөбе» қалашығы, «Іңкәр-қала» қалашығы, «Сеңгіртам» ғұрыптық-жерлеу кешені, «Мыңарал» кесенесі, «Марал ишан» кесенесі, «Қалқай ишан» кесенесі, «Қалжан ахун» мешіт-медресесі, «Қос асар» қалашығы, «Қорасан ата» кесенесі, «Қарасопы» кесенесі, «Айқожа» кесенесі, «Ақтас» мешіті, «Төлегетай-Қылышты ата» кесенесі, «Оқшы ата» қорымы секілді орындар өңірдің бай тарихын жан-жақты танытады. Бұл нысандарды аралау әрбір турист үшін танымдық әрі әсерлі саяхат болмақ.

Қызылорда  облысына саяхат – тек демалыс емес, ол рухани байлық пен тарихи танымды арттыратын ерекше тәжірибе.

Қызылорда облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: