Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әлемнің әдемілігі әрқилы

19.09.2024, 9:20 279

Әр елдің тұмса табиғаты, тұнған тарихы мен салт-дәстүрі, мәдениеті бар. Ал, жаһанды шарлап, көргенді көкейге қондыру – танымның кеңеюіне түрткі. Арайлым Сабыр – 17 елге аяқ басқан жас саяхатшы. Әдетте, сапар туралы сөз қозғалса, бүге-шүгесіне дейін біліп, қауіпсіздік пен туриске қажетті кеңес беріледі. Бұл жолы саяхаттан алған әсер, тәтті сәттер туралы сұрауды жөн көрдік.

Он үш жастағы ой

Саяхат – мен үшін жаңаны, әлемді тану, жаһанның кең екенін сезіну. Әрбір саяхат өміріме түрлі бояу қосады. Сондықтан, мүмкіндігінше ел-жер аралауға тырысамын. Бала күнімде теледидардан Түркияның жарнамалық бейнероликтерін көріп, қызығушылығым оянды. Осылайша, саяхатқа шығуды 13 жасымнан бастап армандадым. Әр мемлекет мені ерекше қызықтырғаны рас. Карантин кезінде «шетелге шығамын» деген нақты мақсатпен шәкіртақымды жинай бастадым. Сөйтіп, арнайы төлқұжатты университетте 2-курс оқып жүргенімде жасаттым. Әпкем және құрбыммен жоспарлаған Дубай, Түркияға емес, ойламаған жерден Египетке тур сатып алдық. Негізі бұл жаңалықты ата-анама турды сатып алғаннан кейін айттым. Шетелге шығуға ниеттеніп жүргенімді білетін. Египет тым алыста және қауіпті елдің қатарынан болғандықтан әкем алаңдап, қарсы болды. Бірақ, талпынып жүргенімді көріп, арманымды аяқасты етпей, ақ батасын беріп, шығарып салды. Осыдан соң әлемді шарлауға қадамым басталып кетті.

Су үстіндегі қаланың сыры

Саяхатқа қатысты ойды бала кезден санаға сіңірген соң, Венецияға баруды қалайтынмын. Содан болар, «су үстіндегі үйлер қалай құламай тұр?», «Адамдар үйінен қалай шығады?» деген сұрақтар қызықтырды. Тіпті, оны толықтай су үстінде орналасқан қала деп ойлаппын. Ал, саяхатта бұған көзім жетті. Милан қаласынан Венецияға кіріп келгенде құрғақ жерлерді көріп, «мынау шынымен Венеция ма?» деп таңғалдым. Сөйтсем, бұл бір бөлікте орналасқан, қолдан жасалған қалашық екен. Алайда, қаланың вайбы, италяндықтардың көңілді әні, ресторандағы нағыз италиян пастасы, қаптаған көпір мен кинодағыдай су үстінде шыр айналған гандолалар керемет әсер сыйлады. Ғажайып сәтке толы болды десем артық емес.

Эйфель  мұнарасындағы  эмоция

Шыны керек, Эйфель мұнарасын көру бақыты қысқа мерзімде бұйырады деп ойламадым. Бәрі сәтімен болғаны мені қуантты. Осы жылы Францияға барып, мұнараға тамсана қарап, гештальтымды жауып қайттым. Олимпиада алдында барғандықтан қала көшелері тап-таза болды. Бұған дейін инстаграм желісінен қоқыс толы Париж көшелерін көретінмін. Ал, есімде ерекше қалғаны – француз тәттілері мен ащы кофесі. Эйфель мұнарасының алдында жастар көк шөпке отыра қалып, әңгіме-дүкен құрып, суретке түседі. Шат-шадыман болған сәттер жадымда мәңгі сақталары анық. Бір қызығы, мұнара көргендегі жандардың жанарындағы әсерді сырттай бақылау тіпті ерекше. Өзге үшін де қуанышты боласың.

Үндістан  үрейлі  емес

Үндістан көп адамдардың миында лас әрі қауіпті ел ретінде сақталған. Дегенмен, мәдениеті, бейнелеу, сәулет өнері ерекше дамыған ел екенін ұмытпау керек. Тіпті, жеті кереметтің бірі Тәж Махал үшін арнайы ат терлетіп баруға болады. Ақ мәрмар тастарынан салынған мұнара алыстан көзге оттай басылады.

Жеке басым сол елдің тұрғылықты халқының қарым-қатынасына қарап баға беремін. Маған адамдарының мейірімділігі мен жанының тазалығы, әрдайым көмектесуге дайын тұратыны ұнады. Көшелерінде асыр салып  ойнаған балалардың көрінісі тым бөлек. Қиыншылыққа толы ғұмырды кешіп жатса да, жүрегінде тазалық пен көңіліндегі ақ пейілді сақтап қалған халыққа сүйсініп қарамау мүмкін емес. Сол себепті, Үндістанға қайта-қайта барғым келеді.

Замира ҚОНЫСЖАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: